«16 жыл бір адамның өмірі ғой»: Таразда қаңтаршылардың соты жалғасуда

Іс бойынша 9 адам сотталған


24/07/2023
13:13 4612 0

 

Таразда Қаңтарда «ҰҚК подполковнигін өлтірді» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұманов пен өзге бес адамның апелляциялық соты жалғасуда. 21 шілдеде өткен сот отырысында сотталушылардың қорғаушылары мен туыстары тыңдалды. 

 

Адвокат Айнур Усубалиева сотталушы Жақсылық Абдуллаев бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспейтінін, оны заңсыз деп есептейтінін айтты.

 

– Жақсылық Абдуллаев ішінара келіспейді. Бұл үкім заңсыз, негізсіз және күшін жоюға жатады деп санайды. ҚР ҚК 272-бабының 1-бөлігіне сай бірде-бір айғақ жоқ және сот барысында дәлелін тапқан жоқ деп есептеймін, – деді қорғаушы. 

 

Оның сөзінше, тергеу барсында куәлардың жауаптарында қайшылық бар. 

 

Бірінші сатыдағы сотта судья Қадірбек Нұржан Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айырған. 

 

Жақсылық Абдуллаевтың әйелі Әсем Шамшиева сот үкімімен келіспейтінін айтты. 

 

– Жақсылық Абдуллаев ҚК 272-баптың 1-2-бөлігімен сотталып, 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Мен және күйеуім бұл үкіммен келіспейміз. Күйеуім 272-баптың 2-бөлігін толықтай мойындап отыр. Алайда ол ешқандай ұйымдастырушы емес. «Жаппай тәртіпсіздік» кезінде үкіметке ешқандай талабы болмаған... Күйеуім жалғыз асыраушым. Сол себепті сіздерден Жақсылық Абдуллаевтан 272-баптың 1-бөлігін алып тастап, істі 272-баптың 2-бөлігімен саралап, рақымшылық заңын қолдануды сұраймын, – деді Шамшиева. 

 

 

Бірінші сатылы соттың шешімімен 6 жылға сотталған 64 жастағы Нұрахан Махатовтың әйелі Балқия Ибраева Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдік пен прокуратура қызметкерлері қашып кетпегенде бұндай жағдай болмас еді деді сотта сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша,  тергеу кезінде күйеуінің үстінен жалған куәлік беруге бірнеше адамға ұсыныс жасалған. Оның ішінде өзінің туған ұлы Қанат Нұраханұлы да бар. 

 

– Шыңғыс деген прокурор маған: «Күйеуіңізге айтыңыз, баласына көрсете салсын, шығарамыз. Ол жас қой, отыра береді» деп айтты... Прокуратура бұны Беларусьтегі көтеріліспен, одан кейін мұнайшылардың ереуілімен байланыстырды. Түк таппаған соң енді экономикалық жағынан тексеруді бастады. Құдай сақтап Нұрекең шетелмен жұмыс істеген жоқ. Істесе шетелден қаржы алды деп айтатын еді... Егер сол кезде әкімшілік пен прокуратураны бұлар тастап қашып кетпегенде бұндай жағдай болмас еді. Енді өздері отыр хаһарман болып. Басымды кесіп алсаңдарда айтайын, бұл арнайы тапсырыс немесе Жабыл облысы бойынша осындай құрбан керек болды, – деді Ибраева. 

 

28 сәуірде Нұрахан Махатовтың ұлы Қанат Нұраханұлын бірінші сатыдағы сот рақымшылық заңын пайдаланып сот залынан босатқан. Апелляциялық сотта прокурор Саяхат Бағдатұлы оны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталған Ербол Жұмановтың ағасы Ержан Жұманов соттың өтініш-талаптарды қабылдамауын жүйемен байланыстырады. Оның сөзінше, сотқа жоғарыдан не айтады, соны орындайды. 

 

– Бізде жүйе ғой. Сол жүйе не айтады, соны істейтін сияқты. Сот жоғарыдан не айтады, соны орындай ма деп ойлаймын. Өздеріңіз көріп отырсыздар, көп нәрсемізді қайтарып, қанағаттандырмай жатыр. Судья мырза тек айыптау тарапына қарап өзінің бағасын беріп жатыр... Ақиқат түбі шығады деп ойлаймын. Желтоқсан кезінде де сол кездегі билік аға-әпкелерімізді маскүнем, бұзақы деген. Қазір Желтоқсан хаһармандарын ақтады ғой. Бұл жерде менің інімнің өмірі. Оның кейін ақталғаны маған керек емес. 16 жыл деген бір адамның өмірі ғой, деді ол. 

 

 

Адвокат Жалғас Сапарханова апелляциялық сотта бірінші сатылы соттың іс-әрекетін қайталайын деп отырған сияқты деді. Оның сөзінше, соттың өтініш-талаптарды қанағаттандырмауы сондай ойға жетелейді.

 

– Біз бүгінгі үшінші сот отырысында Ербол Жұмановтың ісіне қатысты жаңа деректерді, бірінші сатылы сотта қаралмай кеткен өтініш хаттардың барлығын ұсынып, бердік. Алайда бірінші сатылы сот обьективті, жан-жақты қамасаған болса, мына екінші сатылы сотта соны қайталайын деп отырған сияқты. Сондықтан да бүгін сотқа күмән туып отыр, – деді Сапарханова.  

 

Келесі сот отырысы 28 шілдеде өтеді. Ол сот тергеу изоляторының ғимаратында өтуі мүмкін және оған сотталушылар қатысуы мүмкін. 

 

Бұл іс бойынша 9 адам сотталған. 28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Ербол Жұмановты 16 жылға, Нұрахан Махатов пен Айбол Сағынтайды 6 жылға, Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан. 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/07/2023 13:13
4612 0

Уведомление