Полиция Қытай консулдығы алдына наразылыққа шыққандарды тағы алып кетті

Бес ай бойы бір топ азамат Қытай Шыңжаң қазақтарын босатсын деп пикет өкізіп жүр


01/07/2021
12:51 41897 0

Фото: vlast.kz

 

Алматы полициясы Қытай консулдығы алдында «Шыңжаң қазақтары "саяси түзеу" лагерьлерінен босатылсын» деп наразылыққа шыққандарды тағы ұстады. Vласть полиция екі күн бұрын әкімшілік қамаудан бостатылған белсенді Байболат Құнболатұлын да алып кетті дейді. 

 

Құнболатұлының жұбайы Бақын Жарықбасованың сөзінше, полиция белсендіні күштеп әкеткен. 

 

— Маған да күш көрсетіп еді, бірақ бір ер адам араша болды. Олар Байболатты ұстауға не себеп болғанын айтпады, сотқа шақыру қағазын да көрсеткен жоқ. Бүгін Қытайға 100 жыл толды (биыл 1 шілдеде Қытай Компартиясы 100 жылдығын тойлайды — ред.). Ондағылар Қазақстанға наразыларды босатпасын деп бұйырды. Басқа себеп көріп тұрған жоқпын. Үйден Байболаттың 65 жастағы анасын да алып кетті, — дейді Жарықбасова. 

 

Тағы бір белсенді Серікжан Біләштің сөзіне сенсек, полиция «Нағыз атажұрт еріктілері» қозғалысының мүшесі Мырзахан Алмахан мен басқа наразыларды әкеткен. 

 

2021 жылғы ақпаннан бері бір топ азамат Қытай «саяси түзеу» лагерьлерінде отырған туыстарымызды босатсын деп наразылыққа шығып жүр. Полиция оларды «бейбіт жиын заңсыз» деп бірнеше рет ұстап, кейбірін әкімшілікке жауапқа тартқан еді. 

 

Дүниежүзі қауымдастығы Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылман халқын сот шешімінсіз лагерьлерде ұстап отыр дейді. Пекин мұны жоққа шығарды. 

 

Бұрын бізге сол лагерьде қамауда болған Сайрагүл Сауытбай сұхбат беріп, онда көргенін айтып берген еді. Оқи отырыңыз. 

 

Шыңжаңда тұрған басқа қазақтар лагерьге қамалмай-ақ та түрлі қысым көргенін айтады.

Поделиться

Нет комментариев.

01/07/2021 12:51
41897 0

Уведомление