Nur Otan партиясы: бәрі Елбасы үшін

Мәжіліс пен мәслихаттарды сайлау қарсаңында Қазақстанның саяси партиялары туралы айтып береміз


21/12/2020
11:10 11381 0

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс депутаттарын сайлайды. Бізде сайлау партия тізімімен өтеді: сайлаушы өз дауысын жеке үміткерге емес, партияға бере алады. 

 

Осыған орай біз сайлаушыларға Қазақстанда қандай партиялар бар екенін айтып береміз. Өткенде Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл» және «Ақ жол», ADAL партиялары мен Қазақстанның халық партиясы туралы жаздық. Бұл жолы Nur Otan партиясы туралы сөз қозғаймыз. 

 


 

ДИСКЛЕЙМЕР: masa.media редакциясы ешқандай партияға жақтас емес және үгіт-насихат бар материалдар жарияламайды. Оқырмандарымызға сайлау, партия және саясат туралы мақалалар мен жаңалықтарды тек ақпарат ретінде береміз.

 


 

Идеологиясы: центрист.

 

Құрылған жылы: 1999.

 

Сайлауларда жинаған дауысы:  1999 жылы — 23 мандат (30,9 %), 2004 жылы — 42 мандат (60,6 %),  2007 жылы — 98 мандат (88,4 %), 2012 — 83 мандат (80,9 %), 2016 — 84 мандат (82,2 %).

 

Қанша адам мүше: 835 мың адам.

 

Төрағасы: экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Партияның танымал мүшелері:

 

Барлық республикалық және облыстық маңызы бар қала әкімі, министрлердің көбі, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, шахматшы Жансая Әбдімәлік, саясаттанушы Айдос Сарым, әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатов. 

 

«Отан» партиясы 1999 жылы құрылды. 2000 жылы оның «Жас Отан» деген жастар қанаты ашылды. 

 

2006 жылы «Отан» Назарбаевтың қызы, Дариға Назарбаева басқарған «Асар» партиясымен бірікті.

 

Сол жылы партияға Азаматтық (жетекшісі — Азат Перуашев, қазір «Ақ Жол» партиясының төрағасы)  және Ауыл шаруашылығы  (төрағасы — Ромин Мадинов) партиялары қосылды. Кейін 2006 жылы партия өз атауын «Нұр Отан» Халық-демократиялық партиясы деп өзгертті.

 

 

2007–2011 жылдары Мәжілістің халық сайлайтын 98 депутатының барлығы «Нұр Отан» өкілдері болған. 

 

2010 жылы Мәжіліс депутаттары партия төрағасы мен сол кездегі Қазақстан президенті, Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы мәртебесін беретін заңдарға бір ауыздан өзгерту енгізді.  

 

Ол өзгертулер бойынша экс-президентті:

  • тұтқындауға; 
  • қамауға; 
  • тергеуге; 
  • жеке заттарын тексеруге;
  • қызметіне кедергі жасауға;
  • бейнесін қорлауға;
  • тіл тигізуге болмайды.

Егер біреу осы заңды бұзса, әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылады. Сонымен бірге Назарбаев пен оның отбасының меншігін тінтуге, тәркілеуге болмайды. 

 

2011 жылы депутаттар «Мерекелер туралы» заңын толықтырып, жаңа мемлекеттік мейрам, 1 желтоқсан — Тұнғыш  президент (Назарбаев) күні пайда болды. 

 

2013 жылы партия өз атауын өзгертті. Бұл жолы халық-демократиялық деген сөздер алып тасталып, тек «Нұр Отан» партиясы деп аталатын болды. Одан бөлек, ұраны өзгертіліп, нұротандықтар «Қазақстан — біргеміз!» емес, «Қазақстан — тек алға!» дейтін болды. 

 

2019 жылы партия кезекті ребрендиң жасап, ресми атауы «Nur Otan» деп латынша жазыла бастады. 

 

2013 жылы шығарылған партия доктринасында былай делінген: «Біздің басты байлығымыз — Тәуелсіздік; Біздің идеямыз — Қазақстанды өркендету; Біздің саяси тұғырнамамыз — центризм; Біздің саяси идеалымыз — Елбасы».

 

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев — партиямыздың негізін қалаушы. Соның арқасында тәуелсіздікке қол жеткізіп,  басқа мемлекеттер Қазақстанның жетістігін мойындай бастады. Елбасы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын анықтап қана қоймай, оларға қол жеткізу үшін жағдай жасады. Оның даналығы, гуманизмі, қажымас қайраты, болашаққа ұмтылысы мен халқына мәңгі қызмет етуі біз және келер ұрпақтар үшін әрдайым үлгі болады.

 

2019 жылы мемлекет бюджетінен Nur Otan партиясы қызметіне 7,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл парламенттегі басқа екі (ҚКХП және «Ақ Жол») партияға бөлінген қаражаттан 11 есе көп. 

 

Партия қолдауымен Саяси менежмент мектебі, Nur Media холдиңі мен Қоғамдық саясат институты ашылды. 

 

2020 жылы партия қоғам көп талқылаған ішкі сайлау — праймериз өткізді. 

 

2030 жылға дейінгі партия бағдарламасында Nur Otan «Қазақстан халқы көпшілігінің қолдауына ие», «Елбасы саясатының бас жетекшісі» және «халық сөзін сөйлейді» деп жазылған.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

21/12/2020 11:10
11381 0

Уведомление