Популярные тэги

Шетелдегі миллиондаған табыс: алаяқтар қазақстандықтарды тұзаққа қалай түсіреді?

Әлеуметтік желілерде «шетелде айлығы көп жұмыс» ұсынамыз деген хабарландырулар көбейді. Полицейлер мұның артында қандай қауіп барын айтты, деп хабарлайды Masa media.


05/03/2026
11:25 23 0

ІІМ ескертуі

 

«Алаяқтар әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен түрлі хабарландыру сайттарында табысы жоғары, жол ақысы мен жатын орны тегін, тәжірибе мен тіл білуді талап етпейтін оңай жұмыс ұсынамыз деп хабарландыру жасайды. Мұндай хабарландырулар көбіне Telegram-дағы арналарда, WhatsApp топтарында және өзге де онлайн алаңдарда таратылады», – делінген хабарламада.

 

ІІМ дерегінше, шетелге барған соң жағдай басқаша болуы мүмкін. Алаяқтар құжатты тартып алып, еркін жүріп-тұруға шектеу қояды. Интернет-алаяқтыққа күштеп тартады. Уәде етілген жалақы берілмейді. Тіпті елге қайтару үшін ақша сұрайтындар бар.

 

Полиция кеңесі:

 

– шетелге жұмысқа тек лицензиясы бар агенттіктер арқылы барыңыз;

 

– жұмыс берушіні және келісімшарт талаптарын жан-жақты тексеріңіз;

 

– құжаттарыңызды бөтен адамға бермеңіз;

 

– қайда баратыныңызды жақындарыңызға алдын ала хабар беріңіз.

 

Шетелге жұмысқа орналасам десеңіз...

 

Айта кетейік, бұдан бұрын Masa media тілшісі Ұлыбританияда құлпынай өсіретін фермада жұмыс істеп, миллиондаған табыс табатын қазақстандық жігітпен әңгімелескен. Оның айтуынша, шетелге жұмысқа орналасудың сенімді жолы  – жұмысшы іздейтін ресми сайттарға өтінім жіберу. Мәселен, Ұлыбританияға барам деушілер agri-hr.com, osrodek-hr.com, agropraktika.eu деген сайттардың қызметіне жүгіне алады. Үміткерлер солар ұсынған сауалнаманы толтырып, өтінім қалдыруы керек. Содан кейін сұхбаттасуға шақырту келгенше күтеді.

 

«Азаматтардың нақты қандай шарттар бойынша іріктелетіні белгісіз. Мен шақыртуды 3 жыл күттім. Келіншегім де өтініш жіберген, алайда оған бес жылдан бері әлі келген жоқ», – дейді Бағлан.

 

Оның сөзінше, поштаңа шақырту келген соң,  онлайн сұхбаттасу болады. Сол кезеңнен өтсең бетпе-бет әңгімелесуге шақырады. 40-50 адамды жинап, еңбек шартын, қойылатын талаптарды түсіндіреді. Ресми сайттардың өкілдері 40-50 адамның ішінен барлық талаптарға сай келетіндерді іріктеп алады. Олардың арасында Орта Азия елдерінің, Балтық елдерінің азаматтары бар. Ұлыбритания фермалары тек ресейліктерді жұмысқа қабылдамайды.

 

Әңгімелесуден сәтті өткендерге виза рәсімделеді, ұшаққа билет алынады. Англияға жеткен соң компания өкілдері жіберген фермаға барып жұмысыңа кірісесің.

Поделиться

Нет комментариев.

05/03/2026 11:25
23 0

Уведомление