Жалақы қашан төленуі керек: Жалақы мен сыйақыға қатысты FAQ-қа жауап

Жұмысшыларға арналған материалдар топтамасы


16/11/2020
10:52 5114 0


 

Жұмысшылар құқығына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға сарапшылармен бірге жауап бердік. Осыған дейін еңбекке уақытша жарамсыздық, еңбекшарты мен жұмыстан шығару мен қысқарту туралы сөз қозғадық. Бұл жолы жалақы мен сыйақы қашан және қалай төленетінін айтамыз.  

 



Мәтінді дайындауға көмектескені үшін еңбек заңнамасы бойынша сарапшы Әсел Дюсембаеваға және «Ideal safety» ЖШС басшысы Дильфуза Пердебаеваға алғыс айтамыз.

 

ЖАЛАҚЫ ҚАШАН ТӨЛЕНУГЕ ТИІС?

 

Еңбек кодесі бойынша жұмыс беруші жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың 10-ына дейін төлеуі керек. Мысалы, қазан айының жалақысы қарашаның 10-ына дейін төленеді.

 

Егер жалақы төлейтін күн мереке немесе демалыс күндерімен сәйкес келсе, компания оны бір күн бұрын төлеуге тиіс. 

 

ЖҰМЫС БЕРУШІ ЖАЛАҚЫНЫ КЕШІКТІРІП БЕРЕТІНІН ЕСКЕРТУГЕ МІНДЕТТІ МЕ?

 

Еңбек кодексінде жалақыны кешіктіру немесе алдын ала ескерту туралы нақты ештеңе айтылмаған. 

 

Компания жалақыны кешіктірсе,  жұмысшыға өсімпұл төлеуге міндетті. 

Ол былай есептеледі:

 

Ай сайынғы жалақы мөлшері × 9 /100 × 1,25 × жалақы кешіктірілген күндер / 365 күн 

 

9 — Ұлттық банк өзгертіп отыратын қайта қаржыландыру мөлшерлемесі (ставка). Бұл  — айыппұлдар мен қарыздарды есептеу үшін қолданылатын арнайы экономикалық көрсеткіш. Ал 1,25 — Еңбек кодексінде көрсетілген еселік. 

 

Өсімпұлды есептеу үшін арнайы онлайн-есептегіш бар. Ол жерде «берешек» жолағына жалақы мөлшерін жазу керек. 

 

ЖАЛАҚЫ КЕШІКТІРІЛСЕ НЕМЕСЕ ТӨЛЕНБЕСЕ, НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Әуелі компания жұмысшылары жасақтаған келісім комиссиясына жүгіну керек. Әр ұйымда болуға тиіс бұл комиссия еңбек дауларын қарастырады. 

 

Келісім комиссиясының шешімі орындалмаса,  жұмысшының көңілінен шықпаса не мұндай комиссия компанияда мүлдем болмаса, жұмысшы сотқа шағымдана алады. Сонымен бірге еңбек инспекциясынан көмек сұрауға болады. Көп жағдайда қолыңызда еңбекшартының бір данасы және басқа да дәлелдер болса,  еңбек инспекциясы мәселеңізді шеше алады. 

 

ЕСЕП АЙЫРЫСУ ҚАҒАЗЫ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ? 

 

Жұмыс беруші өз қызметкерлеріне жалақыға не кіретіні және салық төленген кейін жалақы мөлшерін ай сайын жазбаша не электрон түрде хабарлауға міндетті.

 

Есеп айырысу парағы — төлемдер мен ұстап қалу мөлшері көрсетілген парақ. Ол жалақы төленуін қадағалау және есебіңіз сәйкеспей қалса түсініктеме алу үшін компанияға жүгінетін кезде керек.

 

СЫЙАҚЫ ҚАЛАЙ ЖӘНЕ НЕ ҮШІН БЕРІЛЕДІ?

 

Жұмыс беруші өз қызметкеріне сыйақы бере алады. Ол — еңбекақы төлеу жүйесінің бір бөлігі. Әр компанияның жүйесі әртүрлі, ол ішкі құжаттарда көрсетіледі. Онда сыйақы не себепті берілетіні, көлемі мен үстемақы мөлшері жазылады. Қызметкер компанияның еңбекақы жүйесімен танысуы керек. 

 

Сыйақы жүйелі түрде (ай сайын, тоқсан сайын) немесе бір рет (мысалы, белгілі бір еңбегі үшін) берілуі мүмкін. 

 

Кейбір компанияда ай сайын негізгі жалақыға жұмыс нәтижелері үшін сыйақы қосылады. Бұл соманың кемінде 75 %-ы негізгі жалақы болуға тиіс. 

 

ҮСТЕМЕ ЖҰМЫСТЫҢ АҚЫСЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНУІ КЕРЕК?

 

Үстеме жұмыстың ақысы қызметкердің күндік немесе сағаттық мөлшерлемесінен бір жарым не одан да көп есе төленеді.

 

Мысалы, кеңсе менежерінің жалақысы — 150 000 теңге. Ол бес күндік жұмыста екі сағат артық жұмыс істеді. Әуелі бір сағат жұмысының ақысын есептейміз:

 

150 000 теңге / бір айдағы жұмыс күні (2020 жылдың қазанына 22 жұмыс күні бар) /бір жұмыс күніндегі сағат (8 сағат) = жұмысшының 1 сағатының ақысы (852,2 тенге).

 

Енді екі сағат артық жұмыс істегінінің ақысын есептейміз: 

 

Бір сағаттың ақысы (852,2)* 2 сағат артық жұмыс * 1,5 = 2 556,8 теңге

 

Егер компанияда мөлшерлеме 1,5 емес, одан көп болса, онда 1,5 орнына қажет санды қоямыз.

 

Негізі, жұмыс беруші жоғары не тұрақты жалақы мен артық жұмыс істеген сағаттардан кем емес демалыс сағаттарын беремін деп жұмысшымен келісе алады.

 

Жұмысшы күніне екі сағаттан (ал ауыр жұмыстарда немесе зиянды, қауіпті жағдайларда бір сағаттан), айына 12 сағаттан, жылына 120 сағаттан көп артық жұмыс істемеуге тиіс. Жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және мүгедектігі бар адамдарға қосымша жұмыс істеуге тыйым салынады.

 

Қызметкер жазбаша келісім берген кезде ғана өзіне қосымша жұмыс жүктеледі және ол одан бас тартуға құқылы. Бірақ адам өміріне қауіп төнген төтенше жағдайда қызметкер қосымша жұмыстан бас тарта алмайды. 

 

ДЕМАЛЫС ЖӘНЕ МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕСЕМ, АҚЫСЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНУІ КЕРЕК?

 

Ақысы кез келген жұмыс тәртібінде (бес күндік, алты күндік, вахталық әдіс, ауысымдық режим) күндізгі немесе сағаттық мөлшерлемеден бір жарым есе төмен болмауға тиіс. Мереке және демалыс күндері жүкті әйелдерді жұмысқа шақыруға болмайды. Қызметкер жоғары жалақы немесе тұрақты төлем алудың бірін таңдай алады. Мереке немесе демалыс күндері жұмыс істегені үшін тұрақты жалақы сұраса, жұмыс беруші оған басқа күні демалыс береді.

 

Мереке және демалыс күндері жұмыс істеу үшін қызметкердің жазбаша келісімі қажет. Бірақ вахталық және ауысымдық режимде келісімнің өз ерекшеліктері бар.


Маңызды: Құрбан айттың бірінші күні және Рождество мерекесі «жұмыс тәртібі мен ауысым кестесіне қарамастан» демалыс деп саналады. Бұл дегеніміз — компания осы күндері жұмысқа ауысымдық және вахталық режимдерде де жұмыс істейтін қызметкердің жазбаша келісімін алуы керек.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

16/11/2020 10:52
5114 0

Уведомление