Мемлекеттік органдарға қалай және не үшін сауал жолдау қажет?

Ақпаратты қайдан алуға болады және мемлекеттік орган жауап беруден бас тартқан жағдайда не істеу керек


24/08/2020
12:05 4262 0

 

 


 

Мақалада Zertteu Research Institute қорының «Құқықтық Медиа-орталық» қорының заңгері Гүлмира Біржановамен болған тікелей эфирінің материалдары пайдаланылды

 


 

Ақпарат алу құқығы дегеніміз не және ол не үшін қажет?

Бұл — біздің ақпаратты еркін алып, тарату мүмкіндігіміз. Ол Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, сонымен қатар Қазақстан Конституциясында бекітілген:

 

«Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқара ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқы мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуға мүмкіндік беруге міндетті» (18-бап)

 

«Әркімнің заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқы бар» (20-бап)

 

Қазақстанда бұл құқықты қандай заңдар қорғайды?

 

Елімізде ақпарат алу құқығына қатысты екі негізгі заң бар: «Ақпаратқа қол жеткізу туралы»(1) және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы»(2).

 

Оларды шатастырып алмау керек. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» деп аталатын заң бойынша біз мемлекеттік органдардан ақпаратты, оларда бар дайын деректерді алуға сауал жібере аламыз. Заңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, оларға «Бірнеше жыл бойғы статистиканы талдап, инфографика мен қорытынды жасаңызшы» деп өтіне алмаймыз. Бірақ статистиканы, бюджеттің ашық есебін және тағы басқаны сұрауға құқығымыз бар. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» деген заңда шағым, өтініш жазу мен сауал жолдау тәртібі айтылған. Азаматтар белгілі бір мәселені шешу үшін әкімдікке өтінішті осы заңның аясында жаза алады. 

 

Бұдан ары біз «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңы бойынша ресми сауал жолдау туралы әңгімелейміз.

 

Ақпаратты кім сұрай алады?

 

Кез келген ересек азамат, жеке немесе заңды тұлға ақпарат сұрай алады. Кім болып жұмыс істейтініңіз және қай жерде тұратыныңыз маңызды емес, әркім ақпарат алуға құқылы.

 

Сауалды тек мемлекеттік органға жібере аламыз ба?

 

Жоқ, олай емес. Азаматтар мына жерлерге сауал жолдай алады:

  • мемлекеттік органдар мен мекемелер (парламент, министрліктер, соттар, әкімдіктер, мәслихаттар);
  • мемлекеттік органдар деп есептелмейтін мемлекеттік мекемелер (мемлекет құрған және бюджет есебінен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар);
  • квазимемлекеттік сектор субъектілері (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық холдиңдер мен компаниялар. Мысалы: Қазақтелеком, Самұрық-Қазына, Қазпошта, Қазмұнайгаз және басқалары);
  • бюджет қаражатын алатын компаниялар, мысалы, тендер арқылы;
  • монополистер;
  • заңды тұлғалар.

 

Қандай ақпаратты сұрауға болады?

 

Гүлмира Біржанова:

 

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңы барлық азамат мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік компанияларға және бюджеттен қаржыланатын ұйымдарға өтініш жаза алады дегенді білдіреді. Мысалы, сіз коммерциялық компанияға сауал жолдап, мемлекет бөлген қаржы туралы ақпарат сұрай аласыз. Біз өзімізге қатысты кез келген ақпаратты да сұрай аламыз. Мысалы, менің аумағымды абаттандыруға, мектепті, балабақшаны жөндеуге, шамдарды орнатуға қанша ақша, қашан және кімге бөлінгенін сұрай аламын».

 

Бюджеттен қаражат алатын компаниялардан ақшаның жұмсалуы туралы ақпаратты сұрата аласыз. Монополистерге олардың тауары мен қызметінің бағасы туралы, жеке компанияларға қауіпсіздікке қатысты сауал жолдай аласыз (мысалы, экологиялық, санитарлық).

 

Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның 6-бабында толық тізім берілген. Мемлекеттік органдар мына мәліметтерге қол жеткізуді шектемеуі керек: 

 

  1. Төтенше жағдайлар мен апаттар, табиғи апаттар және олардың салдары туралы;
  2. Денсаулық сақтау, санитария, демография, көші-қон, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау, экономика, ауыл шаруашылығы салаларының жай-күйі мен қылмыстық ахуал туралы;
  3. Теракт фактілері туралы;
  4. Экология, өрт қауіпсіздігі, санитария-эпидемиология және радиация ахуалы, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы;
  5. Жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар мен жеңілдіктер туралы;
  6. Адамның және азаматтың құқығы мен бостандығының бұзылу фактілері туралы;
  7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервінің мөлшері туралы;
  8. Республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы, (мемлекеттік құпияларды қоспағанда, олар туралы кейінірек айтамыз);
  9. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау туралы (мемлекеттік құпияларды қоспағанда);
  10. Ақпарат иеленушілердің, олардың лауазымды адамдарының заңдылықты бұзу фактілері туралы;
  11. Саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жасалған жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі ақпарат (мемлекеттік құпияларды қоспағанда).

 

Мемлекет бюджеті мен жұмысы туралы көп мәлімет жалпыға ашық екенін атап өтейік, оларды ешқайда сауал жолдамай-ақ, «Ашық мәліметтер», «Ашық бюджеттер», «Ашық НҚА», Мемлекеттік сатып алу, Мемлекеттік тізілім сайттарынан тауып, пайдалануға болады.

 

Сауалды қалай жолдауға болады?

 

Ауызша, жазбаша немесе электрон формада.

 

Жұмыс кестесі, қызметтер, байланыстар, мемлекеттік органның/компанияның мекенжайы туралы қарапайым сұрақтарды ауызша, жеке немесе телефон арқылы қоя аласыз.

 

Статистика, бюджет сияқты салмағы бар ақпарат қажет болса, электрон поштамен жазбаша немесе Egov арқылы электрон сауал жолдауыңыз керек. Заңгерлер электрон үкімет порталын пайдалануға кеңес береді. Гүлмира Біржанова:

 

«Egov-те хатты кім қабылдағанын, орындауға кім жауап беретінін, бүкіл тізбекті, яғни сауалдың статусын бақылай аласыз. Электрон сұраныс ЭЦҚ-мен куәландырылуы керек. Әр министрдің блогы тағы бар. Сауалыңызды сол жерге де жолдай аласыз. Заң бойынша мұндай өтініш ресми сауалға теңестіріледі. Ол үшін электрон-цифр қолтаңба қажет емес». 

 

Маңызды: әлеуметтік желідегі жазба ресми сауалға жатпайды. Дегенмен адамдар проблемасын айтып, көмек сұрап жататындықтан әкімдіктер мұндай өтініштерге жылдам жауап беріп, оларды «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңға сай тіркеуге алып отырады.

 

 

Мемлекеттік орган сауалға қанша уақытта жауап беруге тиіс?

 

Жауап күнтізбенің 15 күні ішінде берілуі керек. Ақпаратты нақтылау қажет болса, жауап беру уақыты тағы 15 күнге ұзартылуы мүмкін (сізге ол туралы хабарлануы керек). Барлығын қосқанда, сауалға ең көп дегенде сауалға бір айдың ішінде жауап келуге тиіс.

 

Мемлекеттік орган жауап беруден бас тарта ала ма және неге?

 

Иә, бас тарта алады, екі түрлі жағдайда: сұралған ақпарат құпия болса немесе тек қызметке пайдалануға арналса. Гүлмира Біржанова:

 

«Мемлекеттік құпияның жайы түсінікті: заңда бәрі нақты жазылған. Ал "қызметке пайдалануға арналған" дегенді шенеуніктер сауалға жауап бермеу үшін жиі қолданып жатады. Заңда осындай олқылық бар. Мемлекеттік орган қай ақпарат қызметтік ақпаратқа жататынын өзі анықтайды, оған әсер ету мүмкін емес. Мысалы, сіз бюджет шығыны баптары туралы егжей-тегжейлі ақпарат сұрасаңыз, орган оны “қызметтік ақпарат” деуі мүмкін. Бірақ біз бюджет қаражаты туралы ақпарат ашық болуы керек деп есептейміз».

 

Жауапқа қанағаттанбаған жағдайда не істеу керек?

 

Кейде шенеуніктер барлық сұраққа жауап бермейді немесе ақпаратты толық бермейді. Гүлмира Біржанованың айтуынша, заң ақпарат алуды шектегені үшін жауапқа тартқанымен сапасыз жауап үшін жаза бермейді. Адвокат сұрақтарды мүмкіндігінше нақты қоюға және дұрыс жауап болмаса, қайта сауал жолдауға немесе жоғары тұрған органға шағымдануға кеңес береді:

 

«Ақпарат алу құқығыңызды қорғау үшін сауалды қайтадан жібере аласыз, жоғары тұрған органға хат жолдауға немесе сотқа шағымдануға болады. Адамдарға ақпарат алуға тыйым салынып, сот мұны заңсыз деп таныған жағдайлар бар. Біз мемлекеттік органдардың әрекетін өзгертуіміз керек, бұл туралы көбірек айтып, шағымданып, сауал жолдай беруіміз керек.

 

"Салық төлесең, тыныш ұйықтайсың" деген сөз бар. Меніңше, біз тыныш жатпауымыз керек. Біз салық төлеушіміз, белсенді азаматпыз, бюджет туралы білуге ​​құқымыз бар, өйткені ол біздің ақшамыз. Мемлекетіміздің қалай дамитыны соған байланысты. Тағы бір нюанс сыбайлас жемқорлықпен күрес. Жүйе неғұрлым таза, ақпарат неғұрлым ашық болса, сыбайлас жемқорлыққа соғұрлым жол жабылады».

 


 

Иллюстрация: Анар Бакенова, Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

24/08/2020 12:05
4262 0

Уведомление