Әкімдік қайда қарап отыр: бұл қандай орган және ол қалай жұмыс істеуі керек?
Әкімдік не үшін қажет екенін және оның қызметіне қалай әсер етуге болатынын айтамыз
МАЗМҰНЫ
Қазақстандықтар «әкімдік» сөзін жаңалықтардан, дастархан басындағы әңгімеден естиді, тіпті мемдерден кездестіреді және күнделікті өмірде пайдаланады. Алайда бұл қандай орган және ол не үшін қажет екенін ойлай бермейді. Әкімдіктердің басты қызметі мен оған азаматтардың әсерін қарапайым тілде түсіндіреміз.
ӘКІМДІК ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Әкімдік деген не және ол қайда қарайтынын түсіну үшін әуелі Қазақстандағы мемлекеттік биліктің құрылымын түсіну керек.
Конституцияның бірінші бөлімінде маңызды ақпарат жазылған. Заңдағы мәлімет бойынша «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық», бұдан кейінгі бапта «Қазақстанда биліктің үш тармағы бар: заң шығарушы, сот және атқарушы» делінген.
Биліктің осы үш тармағы Қазақстанның мемлекеттік жүйесін құрайды. Бұл үш тармақ мемлекет бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ үш бөлікке бөлінгенін білдірмейді. Олар біртұтас болғанымен қызметі әртүрлі және олар үшін белгіленген шектерде ғана әрекет ете алады.
Әкімдіктер биліктің атқарушы тармағына жатады. Бұл — қоғамды, мемлекеттік меншікті басқаратын және заңдардың орындалуын бақылайтын құрылымдар жүйесі.
Биліктің бөлінуі туралы материалымыздан толығырақ оқыңыз.
ӘКІМ ҚАЛАЙ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?
Қазақстандағы әр облыстың, қаланың, ауылдың өз әкімдігі бар. Ол тұрғындарға жайлы өмір қамтамасыз ету үшін қажет. Әкімдікте әкім, оның орынбасарлары, бөлімдер мен түрлі бөлімше қызмет етеді.
Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың (Алматы, Шымкент) әкімдерін президент төрт жылға тағайындайды. Облыстық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің әкімін жергілікті мәслихат төрт жылға сайлайды.
Сонымен қатар қаланың әр ауданының өз әкімі бар. Оны мәслихаттың келісімімен қала әкімі тағайындайды.
2018 жылы Мәжіліс депутаттары ауылдық деңгейдегі әкімдерді жергілікті тұрғындар сайлай алатындай етіп тікелей сайлауды енгізуді ұсынды. Сенат бастапқыда бұл ұсынысты қабылдамады. Бірақ жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында бұл тақырыпты қайта қозғап, келесі жылы елімізде ауыл әкімдерін сайлау өтуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Әкімдік жұмысының құрылымы иерархиялы: облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері министрліктермен тікелей жұмыс істейді, ал аудан әкімдіктері облыстардың бақылауында болады.
Айтпақшы, қалалар мен елді мекендердің дамуымен айналысып, бюджетті бөлу мәселелерін тек әкімдіктер мен мәслихат шешпейді. Бұл мәселеге сол елді мекеннің тұрғындары да атсалыса алады. Ол үшін жергілікті қоғамдастық деп аталатын өзін-өзі басқару органын құру керек. Ол қандай орган, қалай жұмыс істейтіні және не үшін қажет екенін мына материалдан біле аласыз.
ӘКІМДІК НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?
Әкімдіктің жұмысы өңірдің жай-күйі мен азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Әкімдіктің басты қызметі:
- Азаматтардың өтінішін, шағымын қабылдайды және оларды шешеді;
- Салық жинайды, жергілікті бюджет қалыптастырады және оны басқарады;
- Әлеуметтік көмекке мұқтаж аз қамтылған адамдарды анықтайды және оларға жұмыс табуға көмектеседі немесе атаулы көмек мәселесін шешеді, жалғызілікті қарттар мен мүгедектерге көмектеседі;
- Абаттандыру: жарықтандыру, көгалдандыру, жолға асфальт төсеу, балаларға арналған алаңдар салу. Көктемде ағаштарды ақтау да осы тізімге кіреді;
- Қоғамдық көліктің қозғалысын реттейді.
- Төтенше жағдайлар кезінде (көктемгі жауын-шашын, су тасқыны, жер сілкінісі, пандемия) әкім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар атқаруы керек.
БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ШЫҒЫН ТУРАЛЫ
Әкімдіктердің қарамағында жергілікті бюджет қаражаты (азаматтардың салығы) бар. Демек, әкімдік белгілі бір ауылдың немесе қаланың қажеттілігін ескере отырып, ақшаны қалай жұмсайтынын шешеді. Мысалы, сіздің көшеңіздегі жол жаман болса немесе шам бағаналары жұмыс істемесе, әкімдік қызметкерлері бюджеттен ақша алып, жақсы асфальт төсеп, бағаналарды жөндеуі керек.
Бюджет мөлшері мен шығындар туралы ашық деректі әкімдіктердің ресми сайттарынан немесе «Ашық бюджеттер» веб-сайтынан табуға болады.
Мысалы, 2019 жылы үш қаланың (астана, Алматы, Шымкент) әкімнің аппаратын ұстауға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Олардың ішінде ең қымбаты Алматы әкімдігі болып шықты.
2019 жылы азаматтық бюджеттен әкімдіктердің шығынына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
ӘКІМДІКТІҢ ЖҰМЫСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Әкімдіктің жұмысына көңіліңіз толмаса, шағымданудың немесе өтініш жазудың бірнеше жолы бар:
- «Әкімге сұрақ» сайты;
- Egov.kz сайтындағы «Азаматтардың электронды өтініштері»;
- Бетпе-бет кездесу: сізді әкім немесе оның орынбасары жеке қабылдайды. Мысалы, Алматыда азаматтарды қабылдау уақыты 15:00-ден 18:00-ге дейін;
- Әкімдіктің кеңсесіне жазбаша өтініш;
- Әкімдіктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы: Instagram, Facebook, VK, Twitter, «Одноклассники».
Өтінішіңізді 15 күн ішінде қарастырып, жауап беруге тиіс. Байланыс құралдарын, мекенжайларды және телефон нөмірлерін өзіңіздің облыстың/қаланың/ауданның/ауылдың әкімдігінің ресми сайтынан таба аласыз.
Иллюстрация: Анар Бакенова, Лейла Тапалова
Нет комментариев.