Заңды тез түсіну үшін қалай оқу керек?

Заң оқып үйренейік


08/09/2020
09:46 5818 0

Кей құқықтық мәселені шешу үшін заңгердің көмегіне жүгіну міндетті емес. Заңдарды оқысаңыз, сол жеткілікті. Бірақ құқық саласынан хабары жоқ адам оны бірден түсінбеуі мүмкін. 

 

Заңды қалай тез түсінуге болады? masa.media бұл сұраққа жауап берер-ау деген бірнеше кеңес дайындады.  

 


 

ҚАЙ ЗАҢДЫ ОҚУ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН БІЛІҢІЗ

 

Қазақстанда Негізгі заң — Конституция бар. Одан мемлекеттің құрылымы, басқару жүйесі қандай, азаматтардың жалпы неге құқы барын білуге болады. 

 

Егер сіз нақты бір мәселе бойынша, мысалы, ажырасу, бір адамды сотқа беруге қатысты өз құқыңызды білгіңіз келсе, кодекстер мен заңдарды қарағаныңыз абзал. Қазақстанда қандай заңдар мен кодекстер бар екенін мына жерден және мына жерден көре аласыз. Осы болар-ау деген заңды ашып, оның бірінші тарауын оқыңыз. Оның бір бабында бұл заңның мақсаты мен қай салада қолданылатыны міндетті түрде жазылады.

 


 

Кодекс пен заң бірдей емес. Құқықтық акт иерархиясында кодекс заңнан жоғары тұрады. Заңға енгізілген өзгеріс кодекске енгізілгеннен кейін ғана күшіне енеді.

 

Шатаспас үшін материалда кодексті заң деп жазамыз.

 


 

СОЛ ЗАҢДЫ ТАБЫҢЫЗ

 

Заңның басылған түрін кітап дүкендерінде, кітапханалардан табуға болады. Бірақ оны интернеттен іздеген жақсы — Әділет министрлігінің Adilet.zan.kz және Online.zakon.kz сайттарынан. Біріншісінде заңдар тегін әрі үш тілде жазылған. Сонымен қатар онда заңдарға қосымша құжаттар (заңдар, бұйрықтар, жарғылар, үкімдер) және Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдер бар.

 

Online.zakon.kz-тің бір артықшылығы — заңға кіргенде кілт сөздер арқылы өзіңізге қажет ақпаратты тез ала аласыз. Оған қоса, тармақтарға өзгерістер енгізілген болса, оның қазіргі және бұрынғы нұсқасын бір бетте оқып, салыстыра аласыз. Бірақ ондағы заңдардың көбі орысша. Кейбір құжат ақылы. 

 

Ал заңды дүкеннен сатып алам десеңіз, оның қашан шыққанына біліңіз. Себебі заңдарға үнемі өзгеріс енгізіліп отырады, тіпті жойылуы мүмкін. Ең кейін шыққан нұсқасын алыңыз.

 

ЗАҢНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАНДАЙ?  

 

Мазмұн. Кез келген заңның мазмұны болады. Одан неше және қандай тарау, бап, тармақша бар екенін көруге болады.   

 

Жоғарда көрсетілген сайттарда мазмұнындағы тармақ, бапты бассаңыз, бірден соған өтесіз.

 

Бірінші бөлім. Заң кем дегенде екі тараудан тұрады. Біріншісі — заңға кіріспе. Онда міндетті түрде заңның не екені, қай салада және қандай жағдайда қолданылатыны айтылады. Заңның орындалуын қай мемлекеттік орган қадағайлайтыны жазылады. Бірнеше баптан тұрады. Терминдерге түсінік беріледі. Себебі бір сөз немесе термин әр заңда әр түрлі мағына береді. 

 

adilet.zan.kz

 

Қалған тараулар. Кей кезде ерекше ережелер деп аталады. Олар — заңның негізгі бөлігі. Сұрақтардың жауабын көбіне сол жерде табуға болады.

 

Қорытынды ережелер. Әдетте соңғы екі бөлімде жазылады. Онда заңның қашан және қалай күшіне енетіні, оны бұзғандарға қандай шара қолданылатыны жазылады.

 

adilet.zan.kz

 

ДҰРЫСТАП ОҚЫҢЫЗ — КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕНІ НАҚТЫЛАП АЛЫҢЫЗ

 

Заңдағы бап, тармақ, тармақшаны мұқият әрі асықпай оқыңыз. Заң тілі — ауыр тіл. Бірден түсіну қиын.

 

Бір ұғым әр заңда әр түрлі мағына беруі мүмкін. Сондықтан олардың мағынасын нақтылап алыңыз. Ол үшін «Заңда қолданылған түсініктер» деген бапты дұрыстап оқыңыз.

 

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕРДІ ОҚЫҢЫЗ

 

Егер бап, тармақ пен тармақшаларды түсінбесеңіз, оларға берілген түсініктемелерді оқыңыз. Әр заңға өзгерістер енгізілгенде, оларды құқық қорғаушылар мен заңгерлер БАҚ немесе әлеуметтік желілерде, өзінің сайтында ашып түсіндіреді.  

 

Қазақстанда заңдарға ресми түсініктеме берілмейді. Десе де заңды ойлап тапқан мемлекеттік органға, мысалы, министрлікке, прокурор немесе судьяға жүгінсеңіз болады. Түсініктемені олар тегін беруі тиіс. 

 

БІР МАТЕРИАЛМЕН ШЕКТЕЛМЕҢІЗ

 

Оқыған заңды толық түсіну үшін оған қатысты басқа заң, бұйрықтар, үкімдерді оқысаңыз артық етпейді. Мысалы, Қылмыстық кодекстен кейін Қылмысты атқару кодексін қарасаңыз болады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

08/09/2020 09:46
5818 0

Уведомление