Популярные тэги

«Қаңтар оқиғасы». Адам хақы жөніндегі ұйым тергеуге қандай баға берді

Қанды «Қаңтар оқиғасына» үш жыл.



06/01/2025 17:25 782 0
Автор: masa.media

06/01/2025
17:25 782 0

Отандық ақпарат құралдары бұл тақырыпты әлі де ашық жаза бермейді. Қапыда жақынынан айырылып, қара жамылған отбасылар мен сол күндері оққа ұшып, мүгедек болып қалған ел тұрғындары жайлы материалдар ілуде-шалу. Былтыр, 2024 жылы  отандық БАҚ «Қаңтар оқиғасынан» кейін 5300 қылмыстық іс тіркелгенін, 1419 адам сотқа тартылып, 1396 адам сотталғанын, жеті адам ақталғанын, 16 адамның ісі тоқтағанын хабарлаған. Халықаралық ұйымдар тергеу жайлы қандай қорытынды шығарды, осы жөнінде құқыққорғаушы Қасиет Темірзаққызының пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

 

"СОТ ЖАБЫҚ, МАТЕРИАЛДАР ҚҰПИЯ"...

 

- Қасиет ханым, Human Rights Watch Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық ұйымдарды тартуға кеңес берген. Қазақстан тарапы осыған құлақ асты ма?

 

- Өкінішке қарай, билік қазақстандық та, халықаралық та құқық қорғаушылардың қанды Қаңтар оқиғасына тәуелсіз тергеу жүргізу туралы ұсыныстарына құлақ аспады. Біз әлі де шындықты толық білмейміз, себебі, көптеген сот процестері жабық форматта өтті, ал материалдар құпия. Сол үшін, Қаңтар оқиғасын “лаңкестік әрекеттер мен тәртіпсіздіктер” деп белгілейтін ресми тергеу қорытындыларына деген қоғамның сенімі өте төмен.

 

- Ұйым «Қаңтар оқиғасын» тергеу қорытындысына қандай баға берді?

 

 - Human Rights Watch 2022 және 2023 жылдары адам құқықтары бойынша Қазақстанға қатысты есебінде қанды Қаңтарға қатысты тергеулер біржақты жүргізілді деп сынға алды (2024 жыл бойынша есеп әлі жарияланбады). Бас прокуратураның мәліметінше, наразыларға қатысты 1,200-ден астам үкім шығарылса, ондаған ғана құқық қорғау қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Адам өлімі болған бірқатар істер "құқық қорғау органдарының әрекеттерінде қылмыс жоқ" деген себеппен жабылған. Ал азаптау мен қиянат жасау жағдайлары туралы көптеген деректер тіркелген болса да, көпшілігі “дәлелденбеген” деп жабылды. Осындай жайттарды Қанды Қаңтарды құжаттандырумен айналысқан қазақстандық құқық қорғаушылар да хабарлаған еді. Олар ресми тергеулер баяу жүріп жатқанын, істер жабылып жатқанын, материалдарының көпшілігі құпия болып, айыпталушылар мен олардың адвокаттарына қолжетімсіз екенін, тергеу шаралары сақталмағанын атап өтті. Өкінішке қарай, билік қазақстандық та, халықаралық та құқық қорғаушылардың тәуелсіз тергеу жүргізу бойынша ұсыныстарына құлақ аспады.

 

МИТИҢ ТУРАЛЫ ЗАҢ...

 

- Қазақстанда митингке шыққан адамдар қандай жағдайда заң бұзбайды? 

 

- 2020 жылдан бері елімізде «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жұмыс істейді. Бұл заң «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың наразылық білдіру құқығын қорғауды көздейді дегенімен, шектеулері көп. Заң қабылданғанға дейін де, қабылданғаннан кейін де қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырады. Заңға сәйкес, митинг ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға «хабарлама» жіберуі керек. Алайда заңда бұл құжат «хабарлама» деп аталғанымен, іс жүзінде әкімдіктер әр түрлі сылтаулармен жиынды өткізуге жиі рұқсат бермей жатады. Бұдан бөлек, жиын өткізу үшін арнайы орындарды білу қажет. Әр елді мекенде мұндай орындарды жергілікті билік бекітеді. Сондай-ақ, заңда жиынға бас тартуға да, тоқтатуға да негіздер қарастырылған. Сол үшін, азаматтар ұйымдастырушылар мен қатысушылар өз құқықтары мен міндеттерін алдын ала білуі тиіс.

 

- Бейбіт митингке шыққан адамдарға қандай жағдайда күш қолдануға болады? 

 

- Жалпы алғанда, кез келген күш қолдану – адам және азаматтардың құқықтарын шектеу болып табылады. Ал әрбір құқықтың шектелуі мөлшерлес және қажетті болуы керек. Демек, егер мемлекет құқықты шектесе, міндетті түрде мақсаттары және шектеу деңгейі анық болуы тиіс, әрі олар түсіндірілуі керек. Кейбір кездерде мемлекет уақытша төтенше жағдайларға қатысты құқықтардан тартыну мүмкін. Бұл жағдай азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына уақытша жекелеген шектеулерді белгілеуге мүмкіндік береді. Демек, мемлекет өзінің адам құқықтарын қорғау және ілгерілету бойынша міндеттерінен тартынады. Қазақстанның заңына сәйкес, төтенше жағдай тек азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мақсатында қолданылады. Бірақ тартына алмайтын құқықтар бар, олардың қатарында өмір сүру құқығы мен азаптаудан бостандық құқығы кіреді. Қаңтар оқиғасы кезінде Республика аймағы бойынша төтенше жағдай енгізілген болатын. Өкінішке қарай, билік шамадан тыс күш қолданып, өмір сүру құқығын да, азаптаудан бостандық құқығын да бұзды. 

 

ҚАЗАҚ БИЛІГІ НЕГЕ БЕЙБІТ МИТИНГТЕН «ҚОРҚАДЫ»

 

- Митингке шығу мәдениеті қалыптасқан елдерде ереуілдеушілермен мәмлеге келу әрекеті қалай іске асады? 

 

- Негізінде, көптеген үкіметтер, тіпті демократиялық елдер де, митингілерді жақтыра бермейді. Өйткені олар статус-квоға қарсы шығып, басқарудағы әлсіздіктерді көрсетеді. Дегенмен, бейбіт жиын өткізу құқығы – адамның негізгі құқықтарының бірі. Бұл құқық Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы сияқты халықаралық нормалар мен құжаттарда бекітілген. Осыған байланысты, демократиялық үкіметтер наразылықтарды өткізуге қолайлы жағдайлар жасайды: қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, тиісті наразылық алаңдарын ұйымдастырады және бейбіт жиындарды заңды қорғау механизмдерін іске асырады. Ең бастысы, мұндай елдерде билік диалогқа ашық, наразылыққа шыққандармен кездесіп, олардың талаптарын тыңдауға және мәмілеге келуге тырысады. Өкінішке қарай, Қазақстанда бейбіт жиындарға деген биліктің көзқарасы басқаша. Билік өкілдері жиі жағдайда наразылық білдірушілермен диалогқа шықпайды жне олардың үәжін тыңдамайды. Мұны біз Қантарда да байқадық, басқа да орын алып жүрген наразылық акцияларында айқын көріп жүрміз.

 

 - Бейбіт митингтен біздің билік неге қатты қауіптенеді? 

 

- Әділ сайлаусыз билікте отырған автократиялық үкімет өз легитимділігіне сенімді бола алмайды, сондықтан да азаматтардың наразылығынан ерекше қорқады. Митингілер, әсіресе саяси талаптары барлары, азаматтардың қазіргі режимнің басқаруымен келіспейтінін және демократияға деген құлшынысын айқын әрі қоғамға ашық көрсетеді. Осы себепті, автократиялық билік наразылардың талабын тыңдаудың орнына, оларды қудалау және қаралаумен айналысады.

 

- Қасиет Темірзаққызы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз! 

 

*Human Rights Watch (HWR) — халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғауға бағытталған тәуелсіз ұйым. 1978 жылы құрылған. HWR соғыс қылмыстары, азаптау, әйелдер мен балалар құқықтары сияқты өзекті мәселелерге назар аударады. Ұйым үкіметтер мен халықаралық қауымдастықты әрекет етуге шақырып, адам құқықтарының сақталуын жақсартуды көздейді.

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление