Астанада белсенді Дулат Ағаділдің асы өтті. Оған 200-ден астам адам жиналды

Ас өтіп жатырған үйді полицейлер қоршап алған


10/08/2020
11:56 47476 0

Фото дереккөзі: Азаттық радиосы

 

Өткен аптада Нұр-Сұлтанда тергеу изоляторында «жүрек талмасынан» көз жұмған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің құрметіне ас берілді. Оған 200-ден астам адам келді. Бұны Азаттық радиосы хабарлады

 

Ас марқұмның ауылы, астананың қасындағы Талапкер ауылында өтті. Басылымның хабарлауынша, белсендіні еске алу рәсімі оның отбасына арнап салынған үй құрылысының бітуіне орай ұйымдастырылған. Үй қоғам белсенділерінің қаражатына салынған. 

 

Ас басталар алдында үйге ауыл әкімі мен санитария дәрігері келіп, карантин кезінде топ болып жиналуға болмайтынын ескерткісі келген. Бірақ олар жұрттың наразылығанан кейін кетуге мәжбүр болған. 

 

Ас өтіп жатырған үйді полиция жасағы қоршап алған, бірақ ешкімге тиіспеген, тек сырттай бақылаған. Үйдің үстінен бірнеше рет дрон ұшып өткен. Астан кейін жұрт зиратқа қарай бет алғанда, олармен бірге полиция ілесіп жүрген. 

 

Астың басында белсендінің анасы Гүлбараш Жолмұханбетова, жұбайы Гүлнар Қасымханова және белсенді Жанат Нұркішев Ағаділ прокуратураға жазған арызын оқыды. Сонымен қатар олар биліктен тергеу изолятордағы Дулат Ағаділдің көз жұмған күнгі бейне бақылау жазбасын сұрағанын айтты. Бірақ билік бас тартқан.  

 

Кейінгі апталарда асқа барам деп жария еткен белсенділерді ұстады. Кейбірі «заңсыз митингіге қатысты» (ҚР Әкімшілік кодесінің 488-бабы) деген айыппен 15 күнге қамалған, кейбіріне айыппұл салынған. 

 

Бірнеше рет билікті сынаған Дулат Ағаділ осы жылдың 24 ақпанында тергеу изоляторына қамалған. 25 ақпанда ол Еуропарламенттің депутаттарымен кездесуі керек еді. 

 

Тергеуге алынғаннан бір күннен кейін полиция Ағаділдің изоляторда қайтыс болғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, өлім себебі — жүрек талмасы. Алайда бұған марқұмның отбасы мен жақындары, белсенділер сенбейді. Желіде тараған видеоға сенсек, марқұмның денесінде көгерген іздер бар. Билік бұны биологиялық өлімнің белгілері деп айтты. Кейін Астана (Нұр-Сұлтан) прокуратурасы өлімді жіті тексеру үшін іс ашты. 28 мамырда ол денеде ешқандай жарақат болмағанын мәлімдеді.

Поделиться

Нет комментариев.

10/08/2020 11:56
47476 0

Уведомление