«Адам құқығы» түсінігі қайдан пайда болды?
Бұл идеяның артында кімдер тұр?
МАЗМҰНЫ
Қазіргі қолданыстағы қарапайым заңнамалық актілерден бастап, азаматтық қоғам ұғымына дейінгі барлық мәселенің негізінде дәл осы адам құқығы түсінігі жатыр. Қазір біз жиі пайдаланатын бұл тіркестің қалыптасуы үшін адам баласы өте ұзақ уақыт күресті. Сол күрестің бастауы қайда, адам құқығы түсінігі қалай дамыды, азаматтық қоғам дегеніміз шындығында нені білдіреді? Осы сұрақтарға қысқа әрі түсінікті жауап береміз.
masa.media осыған дейін адам құқығын бізге кім беретіні туралы материал жазған еді.
АДАМ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЗАҢНАМАЛЫҚ ДАМУ ЖОЛЫ БОЛДЫ
Адам құқығы түсінігінің дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлінеді. Алғашқы буын азаматтық және саяси құқықтары үшін күресті. Бұған қауіпсіздік, жеке меншік, саясатқа араласу құқығы үшін 1775 жылы АҚШ-та және 1789 жылы Францияда басталған революциялар нәтижесінде пайда болған «Тәуелсіздік декларациясы» мен «Адам және азамат құқықтарының декларациясы» жатады. Екінші кезеңде адамдар әлеуметтік-экономикалық құқықтары үшін күресті. Бұған 1948 жылы БҰҰ қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» жатады. Бұл денсаулыққа, білімге, ақылы демалысқа, яғни стандарт өмірге деген фундаментал құқықтан бастап, еркін ойлауға, еркін көзқарас білдіруге, мәдени-діни ұстанымын ешқандай дискриминациясыз қолдануға деген құқықтарды қамтиды. Кейін бұл декларацияның артынан «Адам құқықтары туралы билль» сияқты қоғамда әділдік орнатуға құрылған көптеген заңнамалық жоба пайда болды. Ал үшінші кезеңде адамдар ынтымақтастық пен бірегейлік құқықтары үшін күресті. Бұған көбінесе ХХ ғасырдағы тәуелсіздікке ұмтылған үшінші әлем елдерінің (бұрынғы колония елдері — ред.) өзін-өзі басқару құқығын талап етуі, ұлттық бірегейлік, қоғамдағы азшылықтардың құқығы, таза қоршаған ортаға, бейбітшілік пен тәуелсіз дамуға деген талаптардан туған түрлі заңнамалық жобалар жатады.
БІРАҚ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ БЕЙБІТ ТҮРДЕ ДАМЫП ОТЫРДЫ МА?
Адам құқығына байланысты заңдар оған мүдделі емес топтар жағынан үнемі соққы алып отырды. Сонымен бірге жақтаушылар тарапынан да этикалық сұрақтар туындап жатты. Әсіресе кейінгі екі кезеңде көтерілген адам құқықтары мәселесіне байланысты халықаралық деңгейде өте көп талас туды. Мысалы, «бала ата-ана тарапынан махаббатқа толық ие болуға тиіс, бұл — бала құқығы. Бірақ махаббат деген сезім, оны заңмен міндеттеуге бола ма?» немесе «адамның өз-өзіне қол жұмсауына заңдық тұрғыдан еркіндік берілу керек пе, бұл қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтардан бастап, тіпті кейбір ғалым адам құқығына қатысты халықаралық заң жобаларын еуроцентристік көзқараста жазылған, батысшыл деп айыптады. Бірақ осы жерде біз адам құқығы түсінігінің жалпыадамзаттық игілік екендігін және халықаралық деңгейде қабылданатын кез келген заң міндетті түрді әлемнің барлық континент өкілдерінің қатысуымен ғана жүзеге асатынын ескеруіміз керек.
Байқап отырғанымыздай, табанды даму сатыларынан өткен бүгінгі азаматтық қоғамның негізі адам өзінің табиғи мүмкіндіктерін талап етіп, азаматтық және саяси құқықтары үшін күрескен тарихи революциялар (Англиядағы, Франциядағы азаматтық соғыстар мен АҚШ-тың тәуелсіздік үшін соғысы) кезеңнен басталған. Тарихта «ағартушылық дәуірі» деп аталатын бұл кезеңнің тууына ағылшын революциясы (1642–1651 жылы) кезінде сахнаға шыққан Томас Хоббс және Джон Локк есімді ойшылдардың идеялары шабыт берген еді. Сонымен, әлемнің қозғалу бағытын толықтай өзгерткен бұл қандай идеялар еді?
ЖАЛПЫ «АДАМ ҚҰҚЫҒЫ» ИДЕЯСЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Адам құқығы мәселесі өте ерте заманынан бері «табиғи құқық» деген ұғыммен қызу талқыланып келді. Бірақ адамзат өркениеті модерн дәуірге аяқ басқанда ғана бұл ұғым қазіргі қолданыстағы түсінікке жақындады. Адам құқығы тақырыбы «қоғамдық келісім» идеясымен қатар туды. Ал «қоғамдық келісім» дегеніміз не? Саяси тәртіп пен заң болмаған алғашқы «табиғи жағдайда (мемлекетте)» адам шексіз еркіндікке ие еді. Ұрлық жасауға, кісі өлтіруге, яғни «барлық нәрсеге құқығы» бар кезде тоқтаусыз соғыстар болып, адам үнемі қауіп-қатер астында, хаоста өмір сүрді. Осы қауіптен құтылып, бейбіт, алаңсыз өмір сүру мақсатында адамдар ерікті түрде қоғамда белгілі бір заңдық тәртіп орнату үшін бір-бірімен келісім жасайды. Бұл ерікті келісім бойынша адамдар өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір адамды (суверен) не адамдар тобын (ассамблеяны) басшылыққа сайлайды. Осы арқылы адамдар өз қауіпсіздігі үшін өзінің шексіз еркіндігін шектеу құзырын өзі сайлаған өкілге сеніп тапсырады. Бұл өкіл қоғамдағы тәртіпті сақтауға, әділ қызмет атқаруға жауапкершілік алады. Сөйтіп осындай ортақ келісім бойынша азаматтық қоғам қалыптасады және қоғамның басқа мүшелерінің құқықтарына құрметпен қарауға міндеттеме алу арқылы біз нағыз азаматттық құқықтарға ие боламыз. Томас Хоббс ағылшын ойшылының «Левиафан» атты әйгілі кітабында айтқан бұл идеясы осы бүгінгі адам құқығы түсінігінің теориялық тұрғыдан қалыптасуына ерекше әсер еткен еді. Әрі қарай бұл идеяны Локк, Жан-Жак Руссо сияқты ойшылдар қайта қарады, толықтырды, дамытты.
АЛ АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ЗАҢДАСТЫРҒАН КІМ?
Қазіргі біздің түсініктегі адам құқықтары мәселесін заңдастырып, бекітуге ықпал еткен Джон Локк болды. Ол — сол кездегі Ағылшын революциясынан кейін орнаған және бүгінгі күнге дейін Ұлыбританияның мемлекеттік басқару формасы ретінде сақталып қалған конституциялық монархияның теоретигі. Ортақ қауіпсіздік үшін адамдар қоғамдық келісім арқылы ерікті түрде өздері тағайындаған биліктің бастапқы өз жауапкершілігі мен міндетін ұмытып, өзін сайлаған адамдардың құқығын таптайтын өктемдікке ұмтылуын Локк аяусыз сынады. Ойшыл осыған байланысты қазіргі біз қолданып жүрген заң ғылымындағы «авторизация» (өкілеттілік беру) ұғымын енгізді. Локк «егер атқарушы билік өз қызметін әділ атқармаса, оған өкілеттілік берген қоғам мүшелері оның өкілеттілігін тоқтатуға құқылы» идеясын ұсынды. Заң шығарушы билік, атқарушы билік және сот жүйесі үйлесімділікте жұмыс істейтін мемлекеттің негізі — халық. Егер осы институттар халық сенімінен айырылса, онда мемлекеттің негізіне қауіп төнеді. Ал бұқараның саяси сауаты — абсолютизмге жол бермеудің кепілі. Ағылшын парламенттік монархиясының (қазірде батыстың көптеген мемлекетінің басқару формасы ретінде қалып отыр) ресми иделогы саналатын Локктың бұл ойы «ағарту дәуірінің іргесін қалады» (Ницше). Адам құқықтарын заңдастырған тарихтағы алғашқы құжаттар саналатын «Тәуелсіздік декларациясы» мен «Адам және азамат құқықтарының декларациясында» оның бұл идеялары заң ретінде жазылды.
Ал енді адам құқығы идеясының белгілі бір дәрежеде діни сеніммен байланысы бар ма? Бұл сұрақтың туындау себебі жоғарыда аты аталған ойшылдардың барлығы сол кездегі шіркеу билігінің мемлекеттік іске араласуына қарсы шығып, бұл екі институттың қарым-қатынас тәртібін бекітіп берген еді. Әрі олардың сол уақытта адамның таңдау еркіндігіне сезімтал қарайтын пуританизм, кальвинизм сияқты діни бағыт идеяларымен де жақсы таныс болғаны анық. Бірақ бұл мәселе төркінін діни сеніммен байланыстыру емес. Біз не десек те, адам құқығы мәселесін көтеруге ықпал еткен бұл идеялар, әрине, сол кездегі қоғамның орта ғасырлық түнектен шығып, рухани оянуынан кейін пайда болғаны сөзсіз.
Иллюстрация: Лейла Тапалова, Анар Бакенова
Нет комментариев.