Жұмысқа тұрарда қандай келісімшарт жасау керек: еңбек шартына қатысты FAQ-қа жауап

Жұмысшыларға арналған материалдар топтамасы


03/11/2020
11:20 6740 0

Сарапшылармен бірге қазақстандық қызметкерлердің құқы туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап бердік. Осыған дейін еңбекке уақытша жарамсыздық туралы әңгімелестік, бұл жолы еңбек шартын қалай дұрыс жасау керегі туралы айтамыз.

 


 

Мәтінді дайындауға көмектескені үшін еңбек заңнамасы бойынша сарапшы Әсел Дюсембаеваға және «Ideal safety» ЖШС басшысы Дильфуза Пердебаеваға алғыс айтамыз.

 


 

КЕЛІСІМШАРТТЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРІ БАР?

Азаматтық-құқықтық сипаттағы қызметтерді көрсетуге арналған шарт (АҚС). Бұған келісімшарт (мысалы, құрылыс, жобалау жұмыстары және т.б.) және ақылы қызмет көрсету шарты (оқыту, кеңес беру және т. б.) жатады. АҚС шарты адам белгілі жұмыс көлемін нақты мерзімде жеке кәсіпкерлікті тіркеусіз орындайтын кезде рәсімделеді. Мұндай шартпен фрилансерлер жұмыс істейді. Төлем мөлшері мен мерзімі екі тараптың келісуімен бекітіледі.

Салық орындаушының есебінен төленеді. Бұл қатынастарды Еңбек кодексі емес, Азаматтық кодекс реттейді. Екі тарапқа да азаматтық-құқықтық жауапкершілік артылады. Барлық дау еңбек инспекциясынсыз, сот арқылы шешіледі. 

Еңбек келісімі. Бұл қатынасты Еңбек кодексі реттейді. Қызметкер жұмысты өз лауазымына сай және кесте бойынша орындайды, ал жұмыс беруші оған жағдай жасайды. Төлем кем дегенде айына бір рет және ең төменгі жалақыдан (2020 жылы бұл — 42 500 теңге) жоғары болуға тиіс.

Салық жұмыс берушінің есебінен төленеді. Қызметкерге тәртіптік (материалдық) жауапкершілік, ал жұмыс беруші материалдық немесе әкімшілік жауапкершілік артылады. Дау туындаған жағдайда қызметкер еңбек инспекцияларына, кәсіподақтарға жүгіне алады. 

КЕЛІСІМШАРТСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛА МА?

Жоқ, бұл заңға қайшы. Жұмыс беруші адамды жұмысқа еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана алуға тиіс. Келісімшарт рәсімделмеген болса не оны жұмыс беруші дұрыс рәсімдемесе, компанияға 60-тан 150 АЕК-ке дейін (2020 жылы 166 680 теңгеден 416 700 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Оның мөлшері компания көлеміне және оның коммерциялық  болып-болмағанына байланысты. 

Шарттың кемінде екі данасы болады, оның біреуі қызметкерке берілуі керек.

 

КЕЛІСІМШАРТТЫ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАНДАЙ МЕРЗІМДЕ ЖАСАУ КЕРЕК?

Еңбек шартын жасасудың талап етілген нақты мерзімі жоқ. Бірақ Еңбек кодексінде қызметкер келісімшарт жасалғаннан кейін ғана жұмысқа кірісе алады деген шарт бар, яғни келісімшартты жұмысты бастар алдында рәсімдеу керек. 

ЕҢБЕК ШАРТЫНАН БАСҚА ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР РӘСІМДЕЛЕДІ?

Компания қызметкерге оның лауазымына қатысты нұсқаулық беріп, еңбек ережелерін көрсетуі керек. Осы құжаттарға қол қою арқылы қызметкер ұсынылған шарттарға келісетінін растайды.

Көбіне еңбек шартымен бірге жауапкершілік, коммерциялық құпияны жарияламау туралы келісімдер жасалады.

Қызметкердің жалақы мөлшері мен оны алу тәртібі немесе лауазымдық міндеттері өзгеруі, ал өзі «қашықтан жұмыс істеуге» ауысуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс беруші мен қызметкер бұл туралы еңбек шартына қосымша келісім жасасуы керек.

Қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы кез келген қарым-қатынас: демалыс, сөгіс, аударма, іссапар міндетті түрде құжат арқылы ресімделуі керек. 

ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛСА, НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?

Мұндайда адам әуелі компания қызметкерлері жасақтаған келісім комиссиясына жүгінуі керек. Мұндай комиссия болмаса, басшыға жазбаша түрде өтініш жазған дұрыс болады. 

Қызметкер келісім комиссиясының немесе жұмыс берушінің шешімімен келіспесе, Еңбек инспекциясына немесе дереу сотқа жүгінуі керек.

 

ЕГЕР ҚОЛЫҢЫЗДА ЕҢБЕК ШАРТЫ БОЛМАСА, ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ?

Мұндайда жанама дәлелдермен еңбек қатынастарын дәлелдеуге болады. Мысалы, бірнеше ай бойы жалақы түскен банктік шоттан көшірме немесе басқа қызметкерлермен электрон пошта арқылы хат алмасқаныңызды көрсете аласыз. Алайда дәлелдері сенімді болмаса, сот немесе еңбек инспекторы оларды қабылдамауы мүмкін.

2020 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс беруші еңбек шарттарын мемлекеттік базаға — Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізуге міндетті. Болашақта мемлекеттік портал арқылы келісімшарт туралы ақпаратты қызметкердің өзі немесе оның келісімімен басқа адамдар ала алады.

 

КЕЛІСІМШАРТҚА ҚОЛ ҚОЯРДА НЕНІ ЕСТЕ САҚТАУ КЕРЕК?

Келісімшартты оқып шығыңыз. Көбіне қызметкер жұмыс беруші ұсынған құжаттың барлығына ойланбай қол қоя салады. 

Көбіне адамдар қызметіне не кіретінін мұқият оқымайды. Айталық, сұхбаттасудан кейін адам құжаттарға қол қойып, жұмысқа кіріседі. Біраз уақыттан кейін ол өзі білмейтін бірнеше маңызды жұмысты аяқтауға міндетті екені белгілі болды. Кейбір компания тапсырмалардың аяқталу мерзімі туралы егжей-тегжейлі нұсқау береді.

Кейде қызметкермен материалдық жауапкершілік туралы келісім жасалады. Бұл құжатқа сәйкес қызметкер компанияның мүлкіне жауапты. Мұндай құжаттарға мүлікті нақты тексергеннен кейін қол қою керек. Алайда іс жүзінде бұл ереже ескерілмейді. 

Мысалы, жаңадан келген кеңсе менеджері кабинеттегі интерактив тақтаны және қоймада тұрған жылытқышты қабылдау туралы келісімшарт пен актіге оқымай қол қойды. Біраз уақыттан соң тақтаның жұмыс істемейтіні анықталды. Ал жылытқыш жаңа жұмысшы келгенге дейін бөлімдерді «аралап», жоғалып кеткен. Бірақ актілерге қол қойған жаңа кеңсе менеджері тақта мен жылытқышқа жауапты. Жауапкершілік туралы келісім бойынша ол бұл залалды өз қалтасынан өтеуге міндетті. Бұл мәселеде кінәлі емес екеніңізді дәлелдеу қиын болады.

 


Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

03/11/2020 11:20
6740 0

Уведомление