Вакцина салдыру өз еркіміз бе: Коронавирусқа қарсы екпе туралы 14 сұраққа жауап

Екпе алу тегін бе, оны салдырар алдында және одан кейін не істеу қажет


18/02/2021
11:57 8148 0

1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салу басталды. Қазір тек медқызметкерлер мен мұғалімдер екпе салдыра алады. Денсаулық сақтау министрі екпені бүкіл жұрт сәуір-мамырда ала алады дейді. 

 

Екпе салдыру міндетті ме, тегін бе, қай екпені салдыратынын азамат өзі шеше ме, вакцина салдырар алдында, одан кейін не істеу қажет? Осы сұрақтарға Medsupport жобасының негізін қалаушы әрі заңгер Ақмарал Тұрсұнова мен медицина докторы Ботагөз Каукеновамен бірге жауап бердік.

 

Екпе салдыруға міндеттіміз бе?

 

Екпе салдырасыз ба, жоқ па — өз еркіңіз.  Ешкім сізді вакцина салдыруға мәжбүрлей алмайды. 

 

Елдер түрлі вакцина шығарып жатыр. Бізде қайсын салады?

 

Ресейдің «Спутник V-ін». Үкіметтегілер сәуірден бастап елде қазақстандық QazCovid-In екпесін салу басталады дейді. Одан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-тың Pfizer екпесі де салынады деген.

 

Ал мен қайсын салдыратынымды өзім шеше алам ба? 

 

Бізде тек «Спутник V» екпесі тіркелген. Қазір жұртқа соны салып жатыр. Басқа вакциналар да тіркелсе, онда қай екпені салдыратыныңызды өзіңіз шешесіз. 

 

Ал екпенің тіркелгені нені білдіреді?

 

Вакцина тіркелсе, демек ол сарапшылар мен мемлекет тексерісінен өткен. 

 

Вакцинаның кері әсері болмай ма? 

 

Вакцинаның түр-түрі бар, әсері де әртүрлі болуы мүмкін. «Спутник V-ден» дене температурасы көтерілуі, бас ауруы, екпе салдырған жеріңіз кішкене ісіп, қызаруы мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ: осылай денеңіз вирус бөлшектерімен күресіп жатыр. 

 

Вакцина салдыру тегін бе? 

 

Иә, ол кепілдендірілген медкөмек пакетіне кіреді. Бұл көмек сізге МӘМС жүйесіне тіркелмесеңіз де тегін беріледі.

МӘМС не екенін, оның аясында медкөмекті тегін қалай алуға болатынын оқыңыз

 

Кім екпе салдыра алады? 

 

Әуелі коронавирус жұқтырғандармен тікелей араласатын адамдар, мысалы, медицина қызметкерлері. Одан кейін мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен созылмалы ауруы барларға салынады. 

 

Денсаулық министрлігінің хабарлауынша, екпе барлық адамға сәуір-мамырда қолжетімді болады. 

 

Коронавирус жұқтырып ауырғанмын. Вакцина салдырмасам бола ма?

 

Ауырғаннан кейін адамның организмінде антиденелер пайда болады. Олар вирусты қайтадан жұқтырудан қорғайды. Бірақ олар ары кетсе алты ай ғана сақталуы мүмкін. Сол себепті коронавируспен ауырсаңыз да, біраз уақыттан кейін вакцина салдырғаныңыз дұрыс. 

 

Вакцина салдырғым келеді. Бірақ маған салдыруға бола ма, жоқ па, білмей тұрмын. Қайдан білем?

 

Дәрігерге барыңыз, ол денсаулығыңызға қарап, салдырған жөн бе, жоқ па айтады. 

 

Қазір екпе 18 жасқа толмаған, 65 жастан асқандарға, аяғы ауыр және бала емізіп отырған әйелдерге салынбайды. 

 

Бұл екпе қауіпті дегенді білдірмейді. Балалар, жүкті және еметін баласы бар әйелдер мен қарттардың денсаулығы басқаларға қарағанда ерекше болады. Оларға салу үшін вакцина әлі де зерттелуі керек. Вакцина өте қажет болып тұрғандықтан, ол әзірге жастарға салынып жатыр.  

 

Сонымен бірге екпені оның құрамындағы затқа аллергиясы бар адамдар салдыра алмайды. 1-дозаны алған адам екпенің кері әсерін көріп жатса, оған 2-доза салынбайды. 

 

«Спутник V» нұсқаулығына қарайтын болсақ, бүйрек, өкпе, бауыры ауыратындар, қант диабеті, жүрек-қан тамыр, жүйке жүйесі ауруы барлар, эндокрин жүйесі бұзылғандар, экзема, метаболзим синдромы және қатерлі ісігі бар адамдарға салынбауы мүмкін. 

 

Екпені қайдан салдырсам болады?

 

Өзіңіз тіркелген емханаға баруыңыз қажет. 

 

Қазір екпені денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен кестесіне сай салып жатыр, яғни әуелі медицина қызметкерлері, мұғалімдер, содан кейін басқалары салдырады. 

 

Екпе салдырғаннан кейін не істеу керек?

 

Міндетті түрде ауруханада 30 минуттай отыра тұрыңыз. Екпеге реакция басталса, қасыңызда медқызметкердің болғаны жақсы. Одан кейін үш күн учаскелік дәрігеріңізге хабараласып, халіңізді айтып тұрыңыз.

 

Қосымша сақтық шарасы ретінде үш күн бойы екпе салған жерге су тигізбеуге, сауна-моншаға бармауға, алкоголь ішпеуге, спортпен шұғылданбауға кеңес береміз. Оның орнына демалыңыз, ұйқыңызды қандырыңыз, дұрыс тамақтаныңыз.  

 

Екпе салдырғаннан кейін маска тақпай жүре берсем бола ма?

 

Жоқ. Вирусқа қарсы иммунитет екпеден кейін бірден пайда болмайды. 

 

Екпе неге екі рет салынады? Иммунитет күшін арттыру үшін. Екінші доза біріншісін салғаннан соң 21 күннен кейін салынады. Сонда да организмде антиденелер пайда болуы үшін бірнеше апта қажет. Қысқаша айтқанда, вакцина алғаннан кейін тағы екі ай сақтық шараларын жасау керек. 

 

Екпеден кейін өзімді нашар сезінсем, не істеу қажет?

 

Қабынуға қарсы стериод емес дәрілерді (парацетамол, ибупрофен) ішуге болады. Сонда да өзіңізді нашар сезініп, қызуыңыз түспесе, жедел жәрдем шақырыңыз не учаскелік дәрігеріңізге хабарласыңыз.  

 

Екпе салдырғаннан кейін көз жұмсам, кім жауап береді? 

 

Вакцинадан қайтыс болу ықтималдығы өте төмен, тіпті жоқ десек те болады. Оның құрамында адамға қауіпті, улы заттар болмайды. 

 

Сонымен бірге екпе халыққа жеткенше бірнеше рет сынақтан өтеді, кейін оны тәуелсіз сарапшы институттар тексереді. Ал мемлекет вакцинаның өндірісін, тасымалдауын қадағалап отырады. 


Адам екпе салдырғаннан кейін көз жұмса, бұл вакцинаның кесірінен болды дегенді білдірмейді. Өлімге нақты не себеп болғанын анықтау үшін билік арнайы комиссия құрып, екпені өндірген, тасымалдаған, оны салған медмекемені тексереді. Адам вакцинаның кесірінен көз жұмған болса, кінәлі жақ қылмыстық жауапқа тартылады — жеті жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

 

Ал егер де адам QazCovid-In екпесін ерікті ретінде алса және соның салдарынан қайтыс болса, оның жақындарына 500 мың теңге беріледі.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

18/02/2021 11:57
8148 0

Уведомление