Қуат Хамитовтің бас бостандығы шектелді. Бірнеше сағаттан кейін ол партия құратынын мәлімдеді

Спортшы бұрын дезинфекторларды ұрып-соғуға үгіттеген еді


29/01/2021
12:30 44930 0

Фото: vesti.kz

 

Алматы Алмалы ауданы соты дезинфекторларды ұрып-соғуға үндеген файтер Қуат Хамитовтің бас бостандығын алты айға шектеді. Кейін спортшы партия құратынын хабарлады

 

Қуат Хамитов Қылмыстық кодекстің 272-3-бабы («Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру») бойынша сотталды. 

 

Сот отырысында ол судьядан «бас бостандығын шектемеуді» сұрап, әйтпесе «ел намысын қорғау үшін шетелге шыға алмайтынын» айтты. 

 

Қыркүйекте Қуат Хамитов әлеуметтік желіде дезинфекторларды ұрып-соғуға, «коронавирус шашып жүрген» тікұшақтарды атуға үгіттеп видео шығарған еді. Өзін полиция әкетіп, босатқаннан кейін бұл видео жай ғана әзіл екенін айтты. 

 

Сот отырысы біткеннен бірнеше сағат өткен соң спортшы әлеуметтік желіде партия құратынын хабарлады. 

 

— Дәл қазір партия құрмақ ойымда болмаған. Бірақ мемлекет оны тездетіп ашуға мәжбүрледі. Бұл партия мемлекет халық үнін естісін деген мақсатпен құрылғалы отыр. Біздің елдің басты проблемасы — билік халық пікірін ескермейді, оның дауысын естімейді. Партия құрарда кедергіге тап болмаймын деп үміттенемін, — деген Хамитов өз хабарламасында. 

 

Бас бостандығын шектеу мен бас бостандығынан айыру арасында айырмашылық бар. Оны мына жерде түсіндіргенбіз. Одан бөлек, неліктен Қазақстанда саяси партия құру қиын шаруа екенін жаздық. Оқи отырыңыз.

 

Поделиться

Нет комментариев.

29/01/2021 12:30
44930 0

Уведомление