Тараздағы «аруақтар» сотында жарыссөз аяқталды. Сотталушылар тағылған айыппен келіспейді

Прокурорлар күдіктілердің барлығын кінәлі деп тануды сұраған


27/01/2023
17:18 2912 0

 

 

Таразда Қанды Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 9 адамның (оның ішінде 5 адам оққа ұшып қаза тапқан) соты жалғасып жатыр. 26 қаңтарда жарыссөз басталған. Бұл туралы Masa Media жазған. 

 

27 қаңтарда өткен сот отырысында жарыссөз жалғасты. Сот процесі күдікті Асхат Тәшекеевтің адвокаты Оспанованы тыңдаудан басталды. Ол Тәшекеевке ҚР ҚК 272 бабының 1 бөлігі бойынша тағылған айып қолдан жасалғанын айтты. 

 

– Асхат Тәшекеевке тағылған 272 баптың 1 бөлігі бойынша тағылған айыптың қолдан жасалғаны анық көрініп тұр. Мемлекеттік айыптаушылар Тәшекеевтің жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны жөнінде бірде-бір мардымды дәлел келтірген жоқ. Барлық куәлар Тәшекеевтің қолында ешқандай қару болмағанын айтты. Қарапайым, кафель қоюшы жігіттің жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды дегенге кім сенеді?, – деді қорғаушы. 

 

Адвокат Тәшекеевті 272 баптың 1 бөлігімен тағылған айып бойынша ақтауды, 272 баптың 3 бөлігімен тағылған айып бойынша бас бостандығынан айырмау жазасын беруді сұрады.  

 

26 қаңтарда өткен сот отырысында Тәшекеев тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан.

 

– Куәгерлердің барлығы жалған. Тағылған айыпты мойындамаймын. Барлығы өздері отырмаудың (сотталмаудың) амалын істеп отыр. Қаншама бала қайтыс болды. Олардың барлығы әділдік іздеп отыр. Бізде сол әділдік болсын дейміз... Прокурорлар маған төрт жыл беруді сұрап жатыр екен. Берсе, берер, отырсам, отырармын. Анама ғана қиын. Осы жерде анам ғана қиналып отыр, – деді ол. 

 

Тәшекеев сотта іске қатысушылардан уақыттарын алғанына кешірім сұрап, қасында отырған Марат Бекбаудың (іс бойынша күдікті деп танылған) басынан иіскеп: «Бекбаудың басынан иіскесем кімнің иісі шығады, қазақтың иісі шығады» деп, соттан өзін ақтауды сұраған. 

 

Сотталушы Нұрбол Ережеповтың адвокаты судьядан күдіктіні толықтай ақтауды сұрады. Ол тағылған айыптар дәлелін таппады деді. 

 

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза тапқан сотталушы Исатай Донбаевтың апайы Шолпан Донбаева да бауырына тағылған айыппен келіспейтінін айтып, ақтауды сұрады. 

 

Марат Бекбау ешкімді айдап салып, өрт қоюға қатыспағанын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Ол соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады. 

 

Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева ұлына тағылған айыппен келіспейтінін, баласының кісі қолынан асқан зорлықпен өлтірілгенін айтты.

 

– Мен ұлымның кісі қолынан асқан зорлықпен өлтірілгеннен кейін тағылған айыппен келіспеймін. Ұлым бір жыл, жиырма күннен астам уақыттан бері жер астында жатыр. Ол сөйлеу құқығынан айырылған. Анасы мен, ұлым үшін барынша жауабымды айтамын... Құрметті сот мырза, сізден өтініп сұраймын, қайтыс болған марқұмдарды ақтап, жасалмаған қылмысы үшін кінәлі қылып жібермеңіз! Біз әділ соттың шешімін күтіп отырмыз, – деді ол. 

 

Жарыссөз кезінде сотталушылар, олардың туыстары мен адвокаттары істе шикіліктер көп екенін кезек-кезек айтты. Сот аяқталғаннан соң БАҚ өкілдері прокурор Әділет Үсембаевтан осыған байланысты пікір білдіруін сұрады. Бірақ ол журналистерден қашқақтап, жүріп келе жатып жауап берді. Ол іске байланысты соттан тыс пікір білдіруге құқығы жоқ екенін айтты. 

 

– Мен бұл жерде іске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып жатырмын. Бірақ, іске ресми өкіл ретінде пікір беруге ешкім өкілеттік берген жоқ. Мен барлығын жарыссөзде айттым. Жауап қажет болса облыстық прокуратурадан сұраңыздар, – деп қысқа қайырды прокурор. 

 

Судья Бағдат Төребекұлы сотталушыларға келесі сот отырысын 30 қаңтарға белгілерді. Келесі сот отырысында сотталушылар соңғы сөздерін айтады. 

 

Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз қаласында ресми дерек бойынша 15 адам қаза тапқан. Бірақ Masa Media тілшісі сөйлескен Қаңтар оқиғасына қатысушылар мен олардың туыстары оққа ұшып, мерт болғандардың саны одан әлде қайда көп екенін айтқан. 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

27/01/2023 17:18
2912 0

Уведомление