Ресей Украинамен шекаралас жерге әскерін жайғастырды, басқа елдердің дипломаттарын шығарып жіберді. Чехия, АҚШ, Балтық елдері Ресейге санкция салды. Не болып жатыр өзі?

Ресейдің қазіргі сыртқы саясатын қысқаша түсіндіреміз


04/05/2021
12:05 70338 0

Ресей Украинамен шекаралас жерге әскерін жайғастырды, басқа елдердің дипломаттарын шығарып жіберді. Чехия, АҚШ, Балтық елдері Ресейге санкция салды. Не болып жатыр өзі? Қысқаша түсіндіреміз.

 

Ресей vs Украина 

 

Сәуірдің басында Ресей Украина мен Донбасқа жақын шекарасына әскері мен соғыс техникаларын топтастырып, кейін күннен күнге күшін арттыра бастады. Сарапшылар екі ел арасында соғыс болуы мүмкін деп болжады. 

 

Украина мұны ұлттық қауіпсіздігіне төніп тұрған қатер деп, Батыс елдерімен келіссөз жүргізді. Президент Владимир Зеленский Уашиңтон Украинаға қаржы және басқа жағынан қолдау көрсететінін, Ресейге түрлі санкция жариялауға дайын екенін жеткізді. 

 

Ал Ресей «шекара маңына жайғасқан әскер тек Ресейдің шаруасы, оның басқа мемлекеттерге қатысы жоқ» деп мәлімдеді. 

 

20 сәуірде Зеленский видео жолдауда Путинге «соғыс болып жатқан Донбастың кез келген жерінде кездесейік» деп ұсынып білдірді. 

 

Донбастың бұған не қатысы бар? 

 

2013–2014 жылғы Еуромайданнан кейін Украинадан Донецк және Луганск халық республикалары бөлініп шықты, Қырым Ресейге өтті. Тәуелсіздігі мойындалмаған екі республика Донбаста орналасқан. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ТӘУЕЛСІЗДІГІН ДҮНИЕЖҮЗІ МОЙЫНДАМАҒАН 5 МЕМЛЕКЕТ

 


 

Киев бұл жерлерді біздікі деп күшпен қайтарғысы келген. Бірақ ештеңе шықпады — 2014 жылы үш мемлекет Минск келісіміне қол қойып, атысын уақытша тоқтатты. 

 

Украина, НАТО, Еуропа кеңесі Ресейді «Донецк пен Луганск сепаратистеріне қару, қаржы және әскер жағынан көмектесіп, Украинаның ішкі ісіне араласты» деп айыптады. 

 

Минск келісіміне қарамастан Донбаста атыс-шабыс бітпеген. Биыл наурыздың аяғында ЕҚЫҰ келісім шарттары кейінгі кездері жиі бұзылатынын анықтады. 26 наурызда Украина билігі Донецкіде «Ресей қолдау көрсетіп отырған сепаратистер төрт украин жауынгерін өлтіргенін» хабарлады

 

Осыдан кейін Ресей Украинамен шекарасында өз әскерін жайғастыра бастады. Міне, даудың басы — осы.  

 

Қазір Донбастағы жағдай тұрақталғандай. 22 сәуірде Ресей шекара маңынан әскерін әкеткенін хабарлады. 

 

Ресей vs АҚШ, Чехия, Балтық елдері 

 

15 сәуірде АҚШ Ресейге санкция салып, он дипломатын елден шығарып жіберді. Уашиңтон «Мәскеу 2020 жылғы президент сайлауға араласып, оған қатысты жалған ақпарат таратты» дейді. Ресей жауап ретінде он америкалық дипломатты еліне қайтарды. 

 

22 сәуірде Чехия Ресейдің 18 дипломатын елден шығарып жіберді. Прага бұған Вребитицедегі жарылысқа Ресейдің қатысы бары түрткі болды дейді. 

 

2014 жылы 16 қазанда елдің шығысында орналасқан Вребитице ауылында 50 тонна оқ-дәрі жарылып, екі адам қаза тапты, бірнеше көрші елді мекен эвуакацияланды. Ондағы оқ-дәрі Украинаға қару-жарақ тасымалдаған компанияға тиесілі болған. 

 

Бұдан бөлек, Чехия Ресейдің екі азаматын іздестіріп жатыр. Полиция олардың 2014 жылғы жарылысқа қатысы болуы мүмкін дейді. 

 

Ресей өзіне тағылған айыпты сандырақ әрі негізсіз деп, жауап ретінде елден 20 чех дипломатын шығарып жіберді. 

 

Чехияның бұл шешімін қолдап Румыния, Латвия, Литва мен Эстония Ресей дипломаттарын қайтарып жіберді. Ресей де олардың дипломаттарын еліне жөнелтті.  


Болгария да елдегі бірнеше қойма жарылысына Ресей азаматтарының қатысы болуы мүмкін дейді. Онда Украина мен Грузияға жеткізілуге тиіс оқ-дәрілер сақталған екен.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

04/05/2021 12:05
70338 0

Уведомление