Полиция әкімдікке бағына ма?

Жауабы: жоқ, бағынбайды. «Ішкі істер органдары туралы» заңына сай полиция тек Ішкі істер министрлігіне қарайды.




2020 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысы мен тіркелмеген Демократия партиясы Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғалары құрбандарын еске алу үшін митиң өткізді. Кейін олар Назарбаев (бұрынғы Фурманов) көшесі бойымен шеру өткізбек болған, бірақ оларды жылдам әрекет ететін арнайы жасақ (полиция) қоршап алып, ешқайда жібермей, үш сағаттай аязда ұстады. Сол уақыт ішінде әкімдік өкілдері полицейлерге бірнеше рет бұйрық берді, ал арнайы жасақ соларды орындады. Кей белсенді полицияны бұл әрекеті заңсыз деп айыптады. 

Дәл осы жағдай Алматыда 10 қаңтарда да болды. Ол күні сол белсенділер парламент сайлауға бойкот жариялап митиңге шыққан еді.

Полиция әкімдікке бағына ма, жоқ па, соны анықтап көрдік.  

Жауабы: жоқ, бағынбайды. «Ішкі істер органдары туралы» заңына сай полиция тек Ішкі істер министрлігіне қарайды. 

Дегенмен сол актінің 12-бабына сай Астана (Нұр-Сұлтан), Алматы, Шымкент пен облыс әкімдіктері полициямен бірлесіп қаладағы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

— Дәл осы норма әкімдік пен полицияға бірігіп әрекет етуге рұқсат береді, — дейді заңгер, бейбіт жиналыс сарапшысы Роман Реймер. 

Одан бөлек, ішкі істер министрі облыс, астана, Алматы мен Шымкенттегі полиция департаментінің бастығын тағайындарда сол өңірдің әкімімен кеңеседі. 

Сонымен қатар барлық әкімдік өз өңіріндегі полиция учаскелерін жиһазбен, түрлі материал, техника, көлікпен қамтамасыз етуге тиіс. Оған ақшаны жергілікті бюджеттен алады. 


12/01/2021 12:49 4150 0

12/01/2021
12:49 4150 0

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление