OCCRP: Назарбаевтың «тоқалы» Британ Виргиндегі компаниясын сатып, 30 миллион доллар тапқан

Бұған Назарбаевқа жақын олигархтардың қатысы бар дейді зерттеушілер


04/10/2021
10:50 38658 0

Коллаждағылар: Әсел Құрманбаева, Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Ким және Владимир Ни. Фото: kz.media

 

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі саналатын Әсел Құрманбаева Британ Виргиндегі компаниясын сатып, 30 миллион доллар табыс тапқан. Мұны зерттеп тапқан журналистер құпия келісімге Назарбаевқа жақын олигархтардың қатысы бар дейді. 

 

OCCRP зерттеуіне сенсек, екі мемлекеттік би институтында арт-менежер боп істейтін Әсел Құрманбаева 2010 жылы Британ Виргин аралындағы компаниясын сатып, қомақты қаржы алған. Журналистер бұл ақпаратты әшкере болған офшор құжаттарынан анықтады. 

 

— Құрманбаева мәдениет саласында қандай табыс тапса да, мұнысы Назарбаевтың айналысындағылардан көрген пайдасының қасында түк емес, — дейді зерттеушілер. 

 

Журналистер компания немен айналысатыны белгісіз, онда тіпті ешқандай белсенділік байқалмаған дейді. 

 

30 миллион доллар Құрманбаеваның офшорына олигарх Владимир Нидің қызының компаниясынан түскен, ал олигарх Владимир Ким келісімге куә болған, яғни төлемге қол қойған. 

 

Ким мен Ни Назарбаевтың жақын серіктесі саналады. Екеуі де Қазақстанның табиғи ресурстар саласында қызмет еткен.  

 

OCCRP ақпарат рас-өтірігін білмек болып Назарбаев, Құрманбаева, Ким мен Нидің отбасына (Ни 2010 жылы қайтыс болды) сауал жолдаған. Бірақ жауап келмеген. 

 

40 жастағы Әсел Құрманбаева — Miss Kazakhstan-ның 1999 жылғы жеңімпазы. Бұрын БАҚ оның екі ұлы барын, екеуінің де тегі Нұрсұлтанұлы екенін жазған еді. Ақпаратты кезінде қуғынға ұшыраған, Назарабаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев таратты деседі. 

 

Әсел Құрманбаева — Назарбаев қоры құрған «Астана Балет» театры мен Қазақ ұлттық би академиясында көркемдік жетекші, Астанада (Нұр-Сұлтанда) орналасқан тойхана, спа және сұлулық салонын басқарады, төлеген салығына қарасақ, кәсібі аз табыс табады. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

04/10/2021 10:50
38658 0

Уведомление