Қазақстан адвокаттары: «Басты міндетіміз — кінәсізді де, кінәліні де қорғау»

Қорғаушылар өз мамандығы, алғашқы ісі мен гонорары туралы айтып берді


20/11/2020
09:34 63865 0

Қазақстанның төрт адвокатымен мамандықтың қыр-сыры, гонорар, кінәсіздік презумпциясы мен стреске қалай төтеп беру керегі жайында әңгімелестік.

 

ВИКТОРИЯ БАБАТОВА

 

 

«Адвокат не нәрсеге де тәуелсіз баға беруі керек»

 

Университетте құқық негіздері бойынша білім алғаннан кейін кім болып жұмыс істейтінімді анықтадым. Тараз мемлекеттік университетінде құқық магистрі дипломын алып, адвокатура үшін кәсіби біліммен бірге қандай да бір тәжірибе керек екенін түсіндім. Тараздағы ең танымал адвокаттардың бірі – Мальцев Николай Прохоровичтің стажеры болған кезде құқық теориясы заңды оқи және түсіне білу, ал практика заңды қолдана білу екеніне көзім жетті. Николай Прохорович маған осы саладағы «ата-ана» болып, заңды қолдана білуді үйретті. 

 

Адвокат — азаматтарға құқық жағынан кәсіби көмек беретін адам. Ол заңдардың бұзылуын әшкерелеп, реттейді, адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғап, сол арқылы қоғам алдындағы адамгершілік борышын өтейді. Адвокат не нәрсеге де тәуелсіз баға беруі керек. Мен осы себепті адвокат мамандығын таңдадым.

 

«Қатты толқыдым, бірақ мейлінше сәтті болды»

 

Тәжірибемдегі алғашқы іс қорғауымдағы адамның ҚР Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы («Қорқытып алу») бойынша, яғни бопсалау үшін жауапқа тартылуы болды. Қорғалушыма екі айға қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол екеуіміз дұрыс тактика таңдадық. Ол кінәсін түгел мойындады, жәбірленушіге материалдық және моральдық шығынды төледі, біз прокурормен іс жүргізу келісіміне қол қойдық. Бұл қадам бостандықты шектеу сияқты неғұрлым жеңіл жаза алуға мүмкіндік берді. Процесс Тараздағы №2 сотта өтті. Сот қылмыстық істің барлық материалын тексеріп, қорғаушының уәжін тыңдап, қорғауымдағы адамның бостандығын үш жыл, екі айға шектеуге үкім шығарды. Сот залынан қорғалушыммен бірге шықтым. Сотта бірінші рет сөз сөйлегенде, өтінішхат бергенде, тараптар қатар тыңдалған кезде қатты толқыдым, бірақ алғашқы ісім мейлінше сәтті болды. 

 

Адвокатурада ерлер әйелдерден көп. Меніңше, табиғатымыз анағұрлым сезімтал болғандықтан, қорғауымыздағы адамдардың жайына қатты уайымдайтындықтан бізге, әйелдерге, қылмыстық іс жүргізу, арнайы мекемелерге бару ауырлау. Алғашқы жылдары қорғауымдағы әр адамға жаным ашып, істерде қатты күйзелетінмін. Қорғалушыма көмектесе алмайтынымды түсінгенде осы мамандықты таңдағаныма өкінген кезім де болды, бірақ мұндай жағдай жолымнан тайдыра алмады. 

 

Алғашқы жылдары қорғауымдағы әр адамға жаным ашып, істерде қатты күйзелетінмін.

 

«Қорғауымдағы адам біреуді өлтіруді ойламаған»

 

Тәжірибемдегі ең күрделі әрі есте қалған істердің бірі жылға жуық уақыт бұрын болды. Қорғауымдағы адамға кісі өлтіруге әрекеттенді деген айып тағылды, бұл – Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-тармағы («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 99-баптың 1-тармағы («Адам өлтіру»). Біз сотта айыпталушының жәбірленушіні өлтірейін деген тікелей пиғылы болмағанын дәлелдеуіміз керек болды. Айыпталушы сәл есінен танған кезде жәбірленушінің тәніне зақым келтірген. Мен соттан оның әрекетін адам өлтіруге оқталудан гөрі денеге қасақана ауыр жарақат салу деп бағалауды сұрадым. Көп жұмыс істелді: 15-тен астам әртүрлі өтінішхат берілді, сот залында сот сарапшыларынан жауап алынды, тәуелсіз сарапшылар сөз сөйлеп, айыпталушының әрекетіне баға берді, куәгерлер мен жәбірленушінің өзі жауап берді, жәбірленуші айыпталушыға ешқандай кінә тақпады. Тараптарды қатар тыңдау кезінде мен сотқа дейінгі тергеу органдары істің бар мән-жайын түгел зерттемегенін айттым. Айып олардың топшылауы негізінде тағылған, қорғауымдағы адам біреуді өлтіруді ойламаған, себебі ондай ниеті болса, оған ешкім, ешнәрсе кедергі келтірмеген еді. Прокурор айыптау актісін алға тартып, сотталушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Сот болса, айыпталушының әрекетін менің дәлелім бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағынан («Адам өлтіру») 106-баптың 1-тармағына («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») ауыстырды және оған бостандығын бес жылға шектеу жазасын белгіледі. 

 

«Жағымсыз эмоцияның бәріне мән бермеуге тырысамын»

 

Маман ретінде мен әрқашан сенім білдірушімнің немесе қорғалушымның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мен қорғау, олардың мүддесі үшін құқықтық көмек ұсыну, кәсіби құпияны сақтау және қай кезде де сенім білдірушімнің немесе қорғалушымның жағдайын нашарлатпау қағидаларын ұстанамын. Жеке өмірімдегі қағидаларым – мақсатқа ұмтылу, зейін қоя білу, жетістікке тоқмейілсімеу. 

 

Адамның кінәлі екені айдан анық болса да, оның құқықтары мен заңды мүддесін қорғауға тура келеді. Соған қарамастан кәсіби маман ретінде қорғалушының жауабына сүйене отырып, қорғану амалдарын сауатты қолдана білу, тіпті қорғалушының кінәсіз екеніне сене де білу керек. 

 

Адамның кінәлі екені айдан анық болса да, оның құқықтары мен заңды мүддесін қорғауға тура келеді.

 

Өкінішке қарай, жұмысымызда жанжал шығатын жағдайлар жиі кездеседі. Шамадан тыс сезімталдық, сөзге ие болмау, өзін-өзі ұстай алмау адвокат мамандығына тән емес. Эмоцияға екінің бірі ие болмайтынын түсінемін, сондықтан жағымсыз эмоцияның бәріне мән бермеуге тырысамын. Ондай кезде «қарсыласқа онға дейін санап алып жауап бер» деген ережені қолданамын, бұдан ашуым басылады, дұрыс ойлап, істі жалғастыра аламын. 

 

«Пікірді сабырлы әрі дәлелді тұжырымдай білу керек»

 

Адвокат мамандығы дегеннің өзі — зор жетістік әрі кәсіби жолды абыройлы таңдағанның белгісі. Бұл сала өкілдерінің дені дербес қызмет етіп, жақсы пайда табады. Табысқа жету үшін үнемі білікті арттырып, жетілу керек. Адвокат бірнеше атышулы істі сәтті аяқтай алса, ол көпке танылып, қызметіне сұраныс артады. 

 

Заң бойынша білім алып жатқан студенттерге бұл мамандықтың ағы мен қарасын саралап алуға кеңес беремін, егер студент адвокат боламын деп шешсе, оның басты ұстанымы мейлінше көп білім алу, заңды оқи білуді үйрену, заңды түсіну мен тәжірибеде қолдана білу, кез келген мәселе бойынша кез келген жағдайда және кез келген адамға пікірді сабырлы әрі дәлелді тұжырымдай білу болуы керек. Адвокат қашан да тәуелсіз әрі табанды болуға міндетті. 

 

РУСЛАН ҚОЖАХМЕТ 

 

 

«Адвокат құқықтың тек бір саласына жұмыс істемеуі керек»

 

Құқықтың тек мына саласында жұмыс істеймін деп айта алмаймын, себебі бұл адвокаттың заңгерлік көмек беруіне кедергі болуы әрі клиент мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін. Мысалы, тек қылмыстық істерді қараймын деп азаматтық және еңбек құқығынан алыстап кетуге болады. Ал бұл ертең оның Қылмыстық кодекстің жеке баптарымен жұмыс істей алмауына себеп болады. Өйткені істерді егжей-тегжейлі түсіну үшін осы салаларға қатысты білім қажет. 

 

Өзім генералиспін (ағылшынша general — жалпы, ортақ) — әртүрлі істерді (қылмыстық, әкімшілік құқық бұзу және азаматтық істер) қараймын. Сонымен бірге салық, кеден, интелектуал меншік, цифрлық құқықтан заңгерлік көмек беремін, халықаралық соттар мен арбитражға қатысуға да дайынмын. 

 

Десе де, мен қарамайтын істер бар: адам өлтіру, зорлау, отбасыдағы, соның ішіндегі туыстар арасындағы мұрагерлікке қатысты даулар. 

 

«Адвокат болу — өз жұмысыңды адал, бар күшімен атқаруға міндеттісің деген сөз»

 

Университет бітіріп, адвокаттар алқасына келгенше құқықтың бар саласында тәжірибе жинадым. Әуелі адам құқығын қорғаушы ұйымда заңгер, содан кейін тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктің ең жас төрағасы болдым. Одан кейін ішкі істер органдарында анықтаушы және тергеуші, банк, сақтандырушы ұйымда, құрылыс компаниясы, білім беру ұйымы, әлемге танымал журнал шығаратын компания, заңгерлік компания мен шетелдік мұнай компаниясында топ менежер боп қызмет еттім. Бірақ бұл тәжірибем клиенттерімнің құқығы мен мүддесін қорғауға жетпейтін еді. Сондықтан адвокат болам деп шештім.

 

Адвокатурада құқықтың барлық саласында тәжірибе жинауға болады. Сонымен бірге адвокат мәртебесі мен құқығы компания мен меморгандарда еңбек еткеннен үлкен мүмкіндік береді. 

 

Адвокат болу адамды өз жұмысын адал, бар күшімен атқаруға міндеттейді. Себебі адвокат өз клиентіне тек уақыты мен білімін бермейді, сонымен бірге абыройы мен лицензиясын береді.  Алқаға мүше болу және адвокат лицензиясын алу үшін заңгерлер қайтадан тәжірибеден өтіп, аттестация мен тест кезінде бұл мамандыққа дайын екенін көрсетуі керек. Дәл осы сынақтар лицензияның қадірін арттырады, одан айырылсаң, адвокат болу құқынан айырыласың.  

 

«Алғашқы ісімді аларда үш том құжатты оқып шығуым керек болды»

 

Адвокат ретінде қараған алғашқы ісім сотқа жіберілген қылмыстық іс болатын. Істі қарауыма алар алдында оның үш том құжатын оқып шығу керек болды. Қорғалушым экстремистік ұйыммен күрес жүргізіліп жатқан Түркия-Сирия шекарасын басып өтпек болған Қазақстан азаматы еді. Оны Түркияның қауіпсіздік қызметкерлері қылмыс үстінде ұстап алып, Қазақстанға табыстаған. Оған Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-тармағы бойынша «Терроризмді насихаттау не теракт жасауға жария түрде үгіттеу» деген айып тағылды. Өкінішке орай, жігітті ақтап ала алмадық, бірақ ол өз қылмысы бойынша ең жеңіл жаза алды — бес жылға бас бостандығынан айырылды.  

 

Алғашқы қорғалушымды ақтап ала алмадым, бірақ ол өз қылмысы бойынша ең жеңіл жаза алды — бес жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Қараған істерім арасындағы ең қиыны — қылмыстық істер. Әсіресе психологиялық тұрғыдан қиын болады. Қорғалуышының кінәсіздігін қанша жерден дәлелдесең де, оның ақталмауы немесе оған дұрыс айып тағылмауы қынжылтпай қоймайды. Мұндайда жөнді үкім шыққанша қаншама рет апелляция жазып, сот отырыстарында бұрын мың рет айтқан кодекс нормаларын қайталай беруге тура келеді. 

 

Ең көп күш және уақыт алған ісім — басталғанына үш жыл болған, әлі де бір жылға созылуы мүмкін іс. Қылмыстық іс миллиардтаған теңге жымқырылуына қатысты. Қалған детальды айта алмаймын: ол жағы құпия. 

 

«Нашар адвокатпын деп ойлап көрмеппін»

 

Адвокат боп енді-енді жұмыс істеп жүрген кезімде өзіме деген сенімсіздік, бұл салаға дайын емеспін деген ой, әрине, болды. Десе де, ешқашан өзімді нашар адвокатпын деп ойлап көрмеппін. Қалаған нәтижеге жете алмағанда адвокат өз-өзін жегідей жемеуге тиіс. Мінсіз, қателеспейтін адам жоқ. Адвокатурада да солай. Бірақ бұл одан ары дамуға кедергі болмауы керек. 

 

Өмірімде ешқашан қоқан-лоқы көрмедім. Әрине, өз ойымды өзгертуім, талап-арызды кері алуым үшін біраз қысым көрсетілді, бірақ барлығына төтеп бердім. Бұрын тергеуші боп жұмыс істедім ғой. Сол кезде түрлі психологиялық қысымға жауап беру тәсілдерін үйрендім. Оның кейбірін өзім ойлап таптым. 

 

Өз ойымды өзгертуім, талап-арызды кері алуым үшін біраз қысым көрсетілді, бірақ барлығына төтеп бердім.

 

Адвокатқа қойылатын талаптар заңда да, оның кәсіби этикасында да жазылған: ол талмай жұмыстануы, адал, принципшіл болуы, өз мамандығының беделіне нұқсан келтірмеуі және құқық пен заңға қызмет етуі керек. Мен де осы қағидаларды ұстануға тырысамын. Сонымен бірге мынандай принципім бар: «Қолымнан келмейді деген іс болмайды». Бұл қағидалар ұрыс-керіс, келіспеушіліктерді шешуге де мүмкіндік береді. 

 

Адвокат боламын деп шешкенде адам қылмыскер болса, оны қалай қорғамақпын деп ойлағанмын. Бұған жауапты революцияға дейінгі Ресей заңгерлерінің кітаптарынан таба аламыз: «Адвокаттың басты міндеті — кінәсіздің ақталуын, ал кінәлінің артық жаза алмауын қамтамасыз ету». Қазір осыған ұқсайтын қағида бар — кінәсіздік презумпциясы. Ол бойынша сот адам кінәлі деп үкім шығармайынша, ол кінәсіз болып есептеледі. Демек адвокат бір адамды қорғарда ол кінәлі ме, жоқ па деп сұрақ қоймауға тиіс.  

 

Адвокат адам қорғарда ол кінәлі ме, жоқ па деп сұрақ қоймауға тиіс.

 

«Адвокаттар жалақы емес, гонорар алады»

 

Адвокаттар басқа жұмысшылар сияқты ай сайын жалақы алып отырмайды. Тіпті Еңбек кодексінде мұны реттеп отыратын норма жоқ. Адвокаттар гонорар алады. Оның көлемі істің қиындығы (қанша уақыт кетеді, категориясы қандай) және түрлі факторға байланысты болады және 0 теңгеден (тегін) басталып бірнеше миллионға дейін жетуі мүмкін. Жалпы Қазақстанда адвокаттарға берілетін орташа гонорар Республикалық адвокаттар алқасының сайтында жазылған.

 


 

Сайт мәліметі бойынша клиенттің мүддесін сот пен басқа мемлекеттік органдарда қорғау Астанада (Нұр-Сұлтан) орташа 331 мың, ал Алматыда 404 мың теңгедей тұрады.  

 


 

Қазақстанда адвокатура шыңын әр адам өзі белгілейді. Қазақстанда Ұлыбритания және басқа дамыған мемлекеттердегідей Queen's Counsel не King's Counsel немесе құрметті адвокат деген атақ жоқ. Болса оның деңгейі Бас прокурор деген лауазыммен бірдей болар еді. Өз басым Қазақстан мүше халықаралық соттар мен арбитраждарға қатысуға ұмтыламын. 

 

«Бәрі студенттің қабілетіне байланысты»

 

Болашақ адвокатттарға кеңес берер болсам, ол бәріне жарайды деп айта алмаймын. Барлығы студенттің қабілетіне байланысты. Десе де, айтарым мынау: 

 

Қылмыстық құқықты толықтай түсіну үшін анықтау, тергеу қызметтерінде бірнеше жыл жұмыс істеу керек. Прокуратурада қызмет етіп, судьяның хатшысы не адвокат боп жұмыс істеу арқылы тергеу мен дәләл жинауды толық түсіне алмайсыз. Тергеуші тәжірибесі адам психологиясынан хабардар етіп, ненің өтірік, ненің шын екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл кейін прокуратура мен сотта да қызмет еткенде қажет болады.  Сонымен бірге:

 

              • шешендік қабілетіңізді дамытыңыз; 
              • ауқымды ақпаттарты жаттай алу қажет;
              • тез оқып үйреніңіз;
              • жаңа тілдер оқыңыз;
              • ата-анаңыз бен мұғалімдеріңіздің кеңесіне құлақ түріңіз. Бірақ бастысы — арманыңыздан бас тартпаңыз.

Есіңізде болсын: бұл өмірде қолыңыздан келмейтін іс жоқ.

 

НАЗЕРКЕ РИЗАБЕКОВА  

 

 

«Мемлекеттік органда жұмыс істей алмайтынымды түсініп, адвокат болдым»

 

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курсында оқып жүргенімде адвокат болам деп шештім. Оған дейін прокуратура, сот, полицияда тәжірибе жинап үлгердім. Сонда мұндай қызмет маған жарамайтынын түсіндім де, маған керек іс адвокатура екенін ұқтым. Мектеп кезінде-ақ әлсіздер жағына шығып, әділетсіздікпен күресетінмін. Осы қасиетім қазіргі мамандығымды таңдауға септігін тигізді.

 

Мектеп кезінде-ақ әлсіздер жағына шығып, әділетсіздікпен күресетінмін. Осы қасиетім қазіргі мамандығымды таңдауға септігін тигізді.

 

Адвокатура мен үшін көп мағынаға ие: оның арқасында өмірлік және адами қағидаларымды түсініп, достарым мен таныстарым арта бастады, әр күн сайын бір нәрсе үйренмін. Адвокатура — бұл өзіме және клиенттеріме деген жауапкершілік. Сондықтан оны өмір кәсібі ретінде таңдарда өте мұқият болған жөн. 

 

«Кез келген адам өз ісінің әділ әрі заң бойынша қаралғанына құқы бар»

 

Біз дәрігер сияқтымыз. Олар науқастың кім екеніне қарамаса, біз қорғалушымыз кінәлі ме, жоқ па, оған қарамаймыз. Кез келген адам өз ісінің әділ әрі заң бойынша қаралғанына құқы бар.

 

Біз дәрігер сияқтымыз.  Олар науқастың кім екеніне қарамаса, ал біз қорғалушымыз кінәлі ме, жоқ па, оған қарамаймыз. Кез келген адам өз ісінің әділ әрі заң бойынша қаралғанына құқы бар.

 

Өмір бойы тек адвокат боп келдім. Өскемен, Астанада (Нұр-Сұлтан) жұмыс істедім. ЖОО бітіргеннен соң бірден адвокаттар алқасына тағылымдан өтуге өтініш бердім. Бір жылға созылған тәжірибе кезінде адвокаттар маған мамандық негіздерін үйретті. Ал мен оларға істерді қарауға көмектестім. Сонымен бірге адвокаттар алқасында трениңдер мен семинарлар болып тұрады, одан да өттім. Тәжірибе қиын өтпеді, керісінше қызық өтті. Одан кейін адвокат болу үшін аттестациядан өтуге рұқсат алдым. Сынақта компьютер арқылы тест тапсырдым, сонымен бірге ауызша сұрақтарға жауап бердім. Менімен бірге тағы 11 адам тапсырды. Бізден мені қосқанда үш адам ғана сынақтан өте алды.

 

«Алғашқы қорғалушымды ақтай алдым» 

 

Алғашқы ісім қылмыстық іс еді. Бастаушы адвокат болсам да, сәтті бітіре алдым. Менің қорғалушыма Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-тармағы бойынша («Еңбекті қорғау қадиғаларын бұзу») айып тағылған еді. Мен қылмыс қорғалуышымның кінәсінен емес, айып тағушының өрескел қатесінен болғанын іс сотқа жетпей дәлелдей алдым. Содан соң полиция тергеуді дереу доғарды.  

 

Ал сотқа жеткен алғашқы ісім ажырасу болатын. Бұл хикая бірақ қызық аяқталды. Менің қорғалушым күйеуімен бір жыл бойы соттасты: ажырасты, мүлікті екіге бөлді, балалары қайда тұратынын шешті. Іс біткеннен кейін екі ай өткенде олардың қайта табысқанын білдім. 

 

Ең қиын ісім — қорғалушыма «алаяқтық жасады» деп айып тағылған еді. Тергеу мен сот отырыстары бір жылға созылды. Сотта біз сотқа дейінгі тергеуде органдардардың өзімізді арандатқанын дәлелдей алдық. Тиісінше ақталып шықтық. Заң бойынша біреуді қылмыс жасауға арандатуға болмайды. Алайда прокурор сот үкіміне шағым жасап, одан жоғары тұрған сот қорғалуышымды заңсыз соттап жіберді. Қазақстанда онсызда ақтайтын үкімдер саны өте аз. Ал қазір ақтайтын үкімдердің күшін жою да бір трендке айнала бастады.

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: КАЗАХСТАНСКИЕ СУДЫ ПОЧТИ НЕ ВЫНОСЯТ ОПРАВДАТЕЛЬНЫХ ПРИГОВОРОВ. ПОЧЕМУ?

 


 

Ақтайтын үкімдер пайызының төмендігі — біздің басты проблема. Әр азамат осындай жүйе құрбаны болуы мүмкін. Кез келген адвокат осы айтқаныма келіседі. Қызығы, бір адвокат көп жылдық тәжірибесінде қорғалушыларының тек бір-екеуін жазадан сақтап қалуы мүмкін. Бірақ бұл оның қабілетсіз екенін білдірмейді. Осы жүйені дереу құртуымыз керек. Қазір біз сол қорғалуышыммен екінші үкімнің үстінен арыз жазып, Жоғарғы сотта соттаспақпыз. 

 

«Азаматтық істермен айналысатын адвокаттарға қарағанда күйзеліске бейілміз»

 

Біз азаматтық істермен айналысатын адвокаттарға қарағанда стреске, өз жұмысымызбен қанағаттанбауға әлдеқайда бейілміз. Себебі сотта жеңіске сирек жетеміз. Жаңа айттым ғой, Қазақстанда айыпталушыларды ақтайтын үкімдер өте аз шығарылады. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш біраз жоғары. Ақтайтын үкімдер құқық қорғау органдары қателесетінін айғақтайды. Ал бізде олар ешқашан қателікке бой алдырмайды-мыс. Бұл — адам айыпталып, ісі сотқа жетсе, ақталып шыға алмайды деген сөз.

 

Өзіме де, клиенттеріме де өтірік айтпаймын. Қорғалушыларымды үнемі шыншыл болуға үндеймін. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, ол ерте ме, кеш пе, су бетіне қалқып шығады, сонымен бірге ол істі жеңуге кедергі болуы мүмкін. Менің бір кейсім болған, іске қатысушы өтірік айтып, өзіне зарар бергені сонша — осы үшін сотталып кеткен. Сонымен бірге жұмыста да, үйде де, тыста да ұрыс-керіске ұрынбауға тырысамын. Менің құпиям — алдымда тұрған адамды соңына дейін тыңдап, бір келісімге келу. 

 

Адвокаттар бір іске қанша алатынын жария етпейді. Мен де айтпаймын. Адвокат ақыны кез келген көлемде алуы мүмкін.

 

Қазақстанда адвокатура жақсы дамып келеді. Әр салаға өз ісінің мамандары керек. Біз әсіресе жастарға мұқтажбыз. 

 

Адвокатура шыңына келсек, ол әр адамда әртүрлі. Ол біреу үшін ұтқан іс санымен, басқа біреу үшін ақшамен, ал басқасы үшін өз көмек бере алған адамдар санымен өлшенеді. Ал мен үшін адвокатура шыңы — қиын әрі қызық істерді алу, клиенттерімнің алғысы, сонымен қатар өз заңгерлік фирмам болса екен деп армандаймын.

 

АЛЕКСАНДР КАПЛАН 

 

 

Мен қазір экономикадағы қылмыстық (ақша жымқыру, бопсалау арқылы ақша тартып алу, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, салықтан жалтару) және азаматтық істермен айналысып жүрмін. Сонымен бірге Kaplan, Lee & Partners адвокаттар кеңсесін басқарамын. 

 

Адвокатураға 2017 жылы келдім. Одан бұрын бес жолы бойы жеке заңгер ретінде жұмыс істеп жүрдім. Сол кезде клиенттер менен қылмыстық істермен айналысуымды сұраған. Ал менің заңгер ретінде оларды қарауға құқым жоқ еді. Осылай адвокат болдым. 

 


 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АДВОКАТТЫҢ ЗАҢГЕРДЕН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

 


 

Адвокат болғанда қараған алғашқы ісім есімде қалмапты. Ол кезде бірден бірнеше іспен айналысқан едім. Бірақ заңгер ретінде бірінші рет қараған ісім есімде. Мен сол кезде бір республикалық мемлекеттік мекемеде мемлекеттік сатып алуға жауап беретінмін. Біз әлеуетті өнім берушіні сенімсіз деп тану үшін сотқа жүгінгенбіз. Істе жеңіске жеттік.  

 

Адвокат болғасын істе кейде жеңілесің, кейде жеңіліп қаласың. Жеңіліп қалған кезде, әсіресе қорғалушым кінәсіз екенін қанша жерден дәлелдесең де судья оны ақтайтын үкім шығармағанда қатты қынжыласың. Азаматтық сотта да солай. Кейде судьяның істі әділ қарауға құлқы болмайды. Бірақ мұндай істеріміз аз. Істі аларда оның перспективасына қараймыз, яғни қорғалуышының ақтап шыға алатынымызға сенімді болуымыз керек. 

 

«Өмірімдегі ең қиын ісімді қазір қарап жатырмын»

 

Тәжірибемде кездестірген ең қиын іспен қазір айналысып жүрмін. Іс Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр: 245-бабы («Ұйымдарға салынатын салықтан жалтару»), 262-бабы («Қылмыстық ұйым құру, оны басқару және мүше болу») және тағы басқа.  Бұл істің егжей-тегжейін айта алмаймын, ол жағы құпия. Бірақ оның өте ауқымды әрі қызық, қомақты ақша, салық пен ақпараттық технологиялармен байланысты іс екенін айта аламын. Жақында ол туралы БАҚ жазатын сияқты. Себебі бұл істі кей журналист сырттай бақылап жүр.

 

«Перспективасы бар істерді алуға тырысамын» 

 

Осы уақытқа дейін біреуді өлтіріп не зорлап көрген адамды қорғап көрмеппін. Менің істерім, жаңа айтып өткенімдей, экономикадағы қылмыстық істер. Әрине, қорғалушыларымның арасында құқық бұзғандар болды. Бірақ үлкен қылмыс жасаған адам болмады. Мен перспективасы бар істерді аламын. Қылмыскер екені айдан анық адамдарды қорғамаймын. Ондай адамдармен жұмыс істеу қиын. 

 

Қылмыскер екені айдан анық адамдарды қорғамаймын. Ондай адамдармен жұмыс істеу қиын. 

 

Жұмыста да, жұмыстан тыс өмірімде адамдармен адал қарым-қатынас құруға, біреудің ала жібін аттамауға, өзіме сеніп тапсырылған істі жауапкершілікпен орындауға тырысамын. Егер істі аяғына дейін жеткізе алмасайтынымды білсем, жалған уәде бермей, адамды үміттендірмеймін. Сондықтан осы уақытқа дейін біреуді жерге қаратып көрген емеспін. Сонымен бірге өз ісімнің маманы болуға, бар ісімді мүлтіксіз орындауға тырысамын.

 

«100 мыңнан бірнеше миллион теңге арасы» 

 

Адвокатурады гонорар дипазоны 100 мыңнан басталып бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді. Бәрі істің қиындығы, адвокаттың тәжірибесі мен басқа факторларға байланысты. Біздің гонорарымыз нарық бойынша қымбат та, арзан да емес, орташа деп айта аламын. 

 

Мен үшін адвокатура шыңы — ол адвокат болу. Мен бұдан ары өсе алмаймын. Әрине, адвокат болумен қатар адвокаттар кеңсесінің серіктесі, алқа төрағасы болуға болады. Алайда бұл — адвокатура емес, басқару. 

 

Шыңы бар дегеннің өзінде адвокаттар иерархиясы мынандай шығар: өз жұмысын енді бастаған адвокаттан топ адвокатқа дейін. 

 


 

Александрдың адвокат болам дегендерге кеңесі:

 

  • Үнемі оқу-тоқу;
  • Ешкімді алдамау, өтірік айтпау — бұл өте маңызды.
  • Жемқор болмаңыз, бар қызметіңіз таза болсын.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова, суреттер кейіпкерлердің жеке архивінен

Поделиться

Нет комментариев.

Уведомление