Ақтөбе облысында мұнайшылар ереуілге шығып жатыр

Жұмысшылар жалақы көтерілсін, еңбек жағдайы жақсарсын дейді


27/01/2021
10:31 45330 0

Фото: diapazon.kz

 

25 қаңтарда Ақтөбе облысындағы Көкжиде кеншінде мұнайшылар ереуілге шықты. Олар басшылыққа «жалақыны 100 % көтерсін, еңбек жағдайын жақсартсын, бізге қысым жасамасын» деп талап қойып отыр

 

Олардың сөзінше, мұнайшылар күніне 14 сағат жұмыс істейді, еңбек жағдайы нашар, ал алатын жалақысы — 130–150 мың теңге екен.

Оларға жұмыс беруші компания «КМК-Мұнай» президенті Ван Циньбао келіп, айлықтарын 20 % өсіруге дайын екенін айтқан. Бұған мұнайшылар келіспеді. 

 

— Біз бұған келіспейміз. Олар талаптарымызды толықтай орындамайынша, жұмысқа шықпаймыз, — деген жұмысшылар «Азаттық радиосына». 

 

Одан бөлек, мұнайшылар өздері жатып жүрген жатақхананы кеніштен аулақ жерге көшіріп, ас сапасын жақсартсын дейді. Сонымен бірге олар өздеріне қысым жасалмасын деп талап етіп отыр. 

 

— Басшылар өздеріне наразылық білдірген адамдарға аттестациядан өте алмайсың, орныңды босат деп қысым көрсетеді, — дейді мұнай-газ өндірісінің операторы Ерболат Оразбаев. 

 

Кеніш қарайтын Темір ауданы әкімдігі мен облыстық еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатқанын, тараптар келісімге келмегенін айтты. 


Ереуіл деген не, одан қандай да бір пайда бар ма, оны қалай ұйымдастыру керек? Біз бұл сұрақтарға жауап бергенбіз. Оқи отырыңыз.

Поделиться

Нет комментариев.

27/01/2021 10:31
45330 0

Уведомление