Алматыда полиция рұқсат берілмеген митиңге шыққандарды ұстады

Бейбіт митиң болатыны алдын ала айтылғанымен екі қалада ғана азаматтар алаңға шықты


12/10/2020
12:07 47568 0

Фото: azattyq.org

11 қазанда Алматыда және Ақтөбеде бірнеше адам митиңге шықты. Азаттықтың хабарлауынша, билік өкілдері бұл жиналыс заңсыз екенін айтты.  

Алматыда Ғылым академиясы ғимаратының алдына 10-ға жуық адам жиналды. Олар қандай да бір саяси ұйымға қатысы бар-жоғы туралы ештеңе айтпады. 

Болашағымыз үшін күресуіміз керек. Мен еріккеннен шығып жатқан жоқпын, менің қызым өсіп келе жатыр. Бала-шағаның жағдайы жақсы болсын, Қазақстанның байлығы тоналмасын, жер сатылмасын, деді Досжан есімді азамат.

Жиынға Алматы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков пен қала прокуратурасының өкілі Жандарбек Сұлтанбекұлы келіп, митиң заңсыз екенін, әкімдікке ешкім алдын ала хабарламағанын айтты. Митиңде сөз сөйлегендерді полицейлер автозакпен алып кетті. Қалғандары өз бетімен тарады.

Бұған дейін «Бәсе» YouTube-каналы Қазақстан азаматтарын митиңге шақырған еді. Онда билікке үш талап айтылуға тиіс болды: мажоритар сайлау жүйесіне көшу, сайлау кезінде бюллетеньді санау тәртібін өзгерту және партияны тіркеуді жеңілдету.

Ақтөбеде облыс әкімдігі алдына Ақбұлбұл Шайымова және Еркебұлан Құлбасов есімді екі азамат келіп талаптарын айтты. Бірі медициналық сақтандыру жүйесі емделушінің шығынын өтемейтінін айтса, екіншісі Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкаға кетуін талап етті.

Астанада (Нұр-Сұлтанда) митиңге ешкім шықпады, көшелерді полиция күзетіп тұрды.

Орал белсенділері жергілікті әкімдікке бейбіт митиң өткізетінін  екі күн бұрын хабарлаған. Әкімдік Мәншүк Мәметова алаңы митиң өткізетін орындар тізіміне кірмейтінін айтып, рұқсат бермеді. 

Алматыда екі құқық қорғаушы 24 қазанда саяси себеппен қудалауға қарсы митиң өткізетінін хабарлаған еді. Әкімдік «митиңге елде сот шешімімен қызметі заңсыз деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше» партиясының белсенділері қатысып, қоғам қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін» деп, оған тыйым салды.

Поделиться

Нет комментариев.

12/10/2020 12:07
47568 0

Уведомление