Жыл сөзі таңдалды: «maxxing» деген не
Dictionary.com сөздігі 2026 жылдың сөзі ретінде «maxxing» терминін таңдады.
Maxxing өмірдің кез келген саласында мүмкіндігінше жоғары нәтижеге жетуге, өз мүмкіндігін барынша пайдалануға ұмтылуды білдіреді.
Сөздік мамандарының пікірінше, бұл ұғым өзін-өзі жетілдіруге және күнделікті өмірді оңтайландыруға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
«Maxxing» сыртқы келбетті жақсарту, ұйқы режимін реттеу, дұрыс тамақтану, жұмыста жасанды интеллектіні тиімді қолдану сияқты түрлі әрекетті қамтиды. Қазір бұл сөз өзге ұғымдармен тіркесіп, бірнеше мағынада қолданылады:
· Looksmaxxing – сыртқы келбетін барынша жақсартуға ұмтылу;
· Tokenmaxxing – жұмыста жасанды интеллектіні барынша тиімді пайдалану;
· Moneymaxxing – ақшаны ұтымды жұмсап, қаржылық пайдасын арттыру;
· Statusmaxxing – мансап, табыс пен пайдалы байланыстар арқылы қоғамдағы мәртебесін көтеру;
· Proteinmaxxing – күнделікті ас мәзіріндегі ақуыз мөлшерін арттыру;
· Booksmaxxing – оқыған кітаптарының санын көбейту;
· Cozymaxxing – тұрмысын жайлы әрі тыныш ету;
· Nonnamaxxing – италиялық әжелердің өмір салты мен әдеттеріне еліктеу.
«Maxxing» қайдан шыққан?
Термин ағылшынның maximum («ең жоғары шек»), maximize («барынша арттыру») және max сөздерінен бастау алады. Ал ойыншылар арасында қолданылған min-maxing ұғымы кейіпкердің мықты тұстарын барынша дамытып, әлсіз жақтарын азайту стратегиясын білдірген.
Кейін maxing сөзі жеке қолданысқа еніп, уақыт өте келе жазылуына тағы бір «x» әрпі қосылған.
Looksmaxxing термині 2015 жылы қолданыла бастаған. 2021 жылға қарай moneymaxxing пен statusmaxxing секілді нұсқалар да таралды. Ал 2026 жылы осы үлгімен жасалған сөздерге қызығушылық айтарлықтай өсті.
Бастапқыда бұл терминді көбіне сыртқы келбетін жақсартуға тырысатын жас жігіттер қолданған. Қазір ол сұлулық, фитнес, салауатты өмір салты және жұмыста жасанды интеллектіні пайдалану туралы талқылауларда да кездеседі.
2025 жылдың сөзі қандай еді?
Өткен жылы Dictionary.com «six-seven» (6-7) тіркесін жыл сөзі деп таныған. Бұл – нақты бір мағынасы жоқ интернет-мем. Желі қолданушылары оны екіұшты жауап беру, бір нәрсені орташа деп бағалау немесе нақты пікір білдірмеу үшін қолданады.
Сонымен бірге 6 мен 7 сандары қатар келгенде де осы тіркесті әзіл ретінде айтады. Уақыт өте келе екі санды атау және қолды кезек қозғау қимылы жастар арасында қуаныш, таңданыс пен ерекше әсерді білдіретін ишараға айналды.
18:40
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.