Жүректі тоқтататын соққы: жасөспірімдер арасында қауіпті «тренд» белең алды
Қазақстандық жасөспірімдер арасында тараған қауіпті әдетке байланысты Бас прокуратура ата-аналарға ескерту жасады.
Ойыннан от шығады
ҚР Бас прокуратурасы ата-аналар мен кәмелетке толмағандарға ескерту жасады. Ведомствоның мәліметінше, жасөспірімдер арасында әзіл ретінде, жазалау мақсатында немесе біреудің төзімділігін сынау үшін кеудеден жұдырықпен ұру әдеті таралып барады. Мұндай соққы адам өліміне бірден әкеп соғуы мүмкін.
Қадағалаушы органның түсіндіруінше, кеуде тұсынан қатты соққы алған адамның денесінде сырт көзге көрінетін жарақат не көгерген із болмаса да, жүрек соғысының ырғағы күрт бұзылып, соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.
Медицинада бұл құбылыс commotio cordis (жүректің шайқалуы) деп аталады. Мұндай жағдайда жүрек кенеттен тоқтап қалуы ықтимал.
– Мұның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін: бір соққы, есінен тану, жүректің тоқтауы, өлім. Мұндай әрекетке барған жасөспірім үшін бұл біреудің өмірін қиюмен ғана шектелмей, өзіне де ауыр құқықтық салдар әкелуі мүмкін. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал, – деп ескертті Бас прокуратура.
Оқыс оқиға кезінде не істейміз
Прокуратура өкілдері оқыс жағдай болған кезде көрсетілуге тиіс алғашқы көмектің негізгі ережелерін де еске салды.
Егер соққы алған адам құлап, есінен танып, тыныс алмай қалса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Одан кейін бірден жүрек-өкпе реанимациясын, яғни жүрекке жанама массаж жасауды бастау керек. Жақын жерде дефибриллятор болса, медицина қызметкерлері келгенше оны да пайдалану қажет.
фото: Sputnik
13:03
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.