Популярные тэги

Жұмысшының саусағынан айырылуы: «Қазақмыс» сотта жеңіліп қалды

Өндірістегі жазатайым оқиға кезінде саусақтарынан айырылған «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері кассациялық сотта компанияны жеңді, деп хабарлайды Masa Media.


13/01/2026
12:30 29 0

Кім кінәлі?

 

2023 жылдың 22 сәуірінде «Корпорация Казахмыс» ЖШС нысанында ер адам оң қолының саусақтарынан айырылып, III топтағы мүгедектік алған. Сондай-ақ 35 пайыз кәсіби еңбекке қабілетін жоғалтқан.

 

Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы кінәнің бір бөлігін жәбірленушінің өзіне жүктеген. Бірінші сатыда сот пен апелляциялық сот та бұл шешімге келісіп, қызметкерді кінәлі деп тапқан.Тек кассациялық сотта ғана ол өз құқығын қорғай алды.

 

– Кассациялық сот өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру кезінде басты жауапкершілік жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету міндетіне жүктелетінін растады. Жауапкершілікті формалды түрде жұмысшыға артуға жол берілмейді, – деп атап өтті кассациялық соттың баспасөз қызметі.

 

Ескі жабдық, қауіпті жұмыс

 

Ер адам 1951 жылы шығарылған, нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кеткен әрі міндетті сараптамадан өткізілмеген станокта жұмыс істеген. Оған қауіпсіз, жаңа жабдық ұсынылмаған. Сондықтан оны абайсыздық танытты деп айыптау әділетсіз: ескі құрал-жабдықта жұмыс істей отырып, ол қауіпті болдырмауға да, қауіпсіздік талаптарын толық сақтауға да мүмкіндік ала алмаған.

 

Сонымен қатар, сот қызметкердің бұл жабдықпен жұмыс істеуге рұқсаты болмағанын және демалыс күні жазбаша келісім бермегенін атап өтті. Алайда бұл жағдайлар жұмысшының өзіне кері құқықтық салдар туғызбауы тиіс.

 

– Мұндай бұзушылықтар жұмыс беруші тарапынан еңбек процесінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді, – делінген сот хабарламасында.

 

Кассациялық сот төменгі екі сатыдағы сот актілерінің күшін жойды. Азаматтың үшінші топтағы мүгедектік алуына әкелген жағдайға «Қазақмыс» 100% кінәлі деп танылды. Енді компания жәбірленушіге өтемақы төлеуі тиіс.

 

Айта кетейік, бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясы Qazaq Stroy компаниясының құрамына өткені хабарланған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/01/2026 12:30
29 0

Уведомление