ЖИ-ге жұмсалатын әлемдік шығын 4 трлн долларға жетуі мүмкін
Инвестицияның негізгі бөлігі ЖИ инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Gartner зерттеу компаниясының есебінше, 2027 жылы әлемде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамытуға жұмсалатын қаржы 4,05 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл 2026 жылдың қорытындысы бойынша күтіліп отырған көрсеткіштен 47,5 пайызға көп. Қаражаттың басым бөлігі ЖИ инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы әлемде жасанды интеллектке жұмсалатын шығын 2,75 триллион долларды құрайды. Ал келесі жылы бұл сома тағы 1,3 триллион доллардан астамға көбеймек.
Инвестицияның негізгі бөлігі ЖИ инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Серверлерге, деректер орталықтарына және өзге де жабдықтарға кететін шығын 53 пайызға өсіп, 2,4 триллион долларға жетеді. Бұл әлем бойынша жасанды интеллектке жұмсалатын жалпы қаржының шамамен 59 пайызы.
Gartner-дің бас сарапшысы Джон-Дэвид Лавлоктың айтуынша, инвестицияның күрт артуына жасанды интеллектіні оқыту және оның жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет есептеу қуатына деген сұраныстың өсуі себеп. Компаниялар пайдаланушылардың сұраныстарын өңдеу және күрделірек ЖИ модельдерін әзірлеу үшін қажетті инфрақұрылымды белсенді түрде кеңейтіп жатыр.
Әсіресе арнайы серверлерге жұмсалатын қаржы жылдам өсуде. 2026 жылы бұл мақсатқа 527,6 миллиард доллар бөлу жоспарланса, 2027 жылы шығын 957,2 миллиард долларға дейін ұлғаяды.
09:49
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.