Желіге контент, чатқа жауап, «шоуға» дайындық: Қазақстан мұғалімдері немен айналысып жүр?
Ел мұғалімдерінің өз міндеттерінен тыс жұмысқа жегілуіне тыйым салатын заң жобасы Мәжіліске түсті. Құжат мақұлданса, Қазақстан мектептерінде не өзгереді?
Қазақстандық мұғалімдер басы артық есептен, білім беру ісіне қатысы жоқ жұмыстардан құтылуы мүмкін. Депутаттар қарап жатқан заң жобасы ұстаздарды нақты қандай жүктемеден босататынын Masa media тілшісі тарқатты.
Құжаттағы негізгі нормалар
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасына бірнеше маңызды норма енгізілген.
Біріншіден, педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілігі тек оқу процесі кезеңімен шектелмек. Яғни, сабақтан тыс уақытта, демалыс күндері, каникул кезінде және кешкі мезгілде жауапкершілік тек ата-аналарға жүктеледі.
Екіншіден, мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу нормасы енгізілген. Оларды кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартса, мәселен, сенбіліктерге шығуға мәжбүрлесе, бұйрық берген басшыларға айыппұл салу ұсынылып отыр.
Үшіншіден, ұстаздардан басы артық есеп талап етуді тоқтату көзделген. Атап айтқанда, педагогтерге қағаз және электронды форматта қатар есеп тапсыру міндеті жойылуы мүмкін. Алдағы уақытта есеп тек бір форматта ғана жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Төртіншіден, мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта WhatsApp-тағы ата-аналар сұрағына жауап беруге, әлеуметтік желіге контент түсіруге мәжбүрлеуге тыйым салынбақ.
«Бір мұғалімнің өзінде WhatsApp-та 15 чаты болады. Оқушымен, ата-анамен және тағысын-тағы. Оның барлығына жауап беру оңай емес. Әсіресе, сабақ бергеннен кейін мұғалімнің отбасы, жеке өмірі бар. Біздің айтпағымыз, мұғалім міндетті болмауы керек. Ресми бекітілмеген платформаларда жауап беруге тиісті емес. Шетелге барсаңыз, балаңыз 11 жыл оқыса да мұғалімнің телефон нөмірін білмеуіңіз мүмкін. Сондықтан біріздендіру керек», – дейді Аймағамбетов.
Видеоесептің болмауы = сабақтың өтілмеуі
Депутаттың мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ұстаздар қауымы жүктемелерінің азаятынына сенер емес. Олардың айтуынша, қазіргі мектеп мұғалімдерінің ең басты соры – смартфон: олардан атқарған әр ісін фото және видеоға түсіріп, басшылыққа әлеуметтік желі арқылы есеп беру, WhatsApp-та күні-түні ата-аналармен байланыста болу талап етіледі.
Threads желісіндегі жазбалар мен пікірлерді оқысақ, бүгінгі педагогтарға жүктелген бұл міндеттер ел мұғалімдерін әбден қажытқан.
«Мектепте мұғаліммін. Кеше квалтестен 39 балл жинап, модератор санатына өттім. Қуаныштымын, әрине. Бірақ осылай мектептің қауырт жұмысы деп жүріп, отбасыма, балама, тіпті өзіме көңіл бөлуден қаламын. Өйткені үлгермеймін. Осылай мұғалімнің өмірі өтіп жатыр. Жүктемені азайту – бірден-бір дұрыс шешім. Видео, фотоесеп, жасанды интеллект дегендердің орнынан сауатты жазу, тәртіпке бағынуды үйретуіміз керек деп ойлаймын» дейді kairatkyzy.1997 аккаунтының иесі.

Ұстаздардың айтуынша, мұғалім түгілі оқушылар да камераға түсуден шаршаған.
«Маған ең қиыны – тәрбие сағатының фотоесебі. Өйткені мен сабақ түсіндіремін бе немесе өзімді, оқушыларды видеоға түсірем бе? Балалар камераға түскісі келмейді, ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары түсінбейді. Осындайды қойыңдар деп Аймағамбетов мырза айтады, бірақ іс жүзінде басшылық мұны талап ете береді. Әр апта сайын. Шаршадық...» деп жазыпты Айгерім Орымбаева есімді мұғалім.

Ең сорақысы, фото немесе видеоесеп болмаса, басшылар ұстаздардың істеген жұмысын жоққа шығара салудан тайынбайды екен.
«Ата-ана жиналысы, тәрбие сағаты, тағы басқа іс-шараларды өтесің, бірақ фотоесеп болмаса өтпеген болып есептеледі. Үйден оқитын оқушым бар. Сабақ бермеймін, сынып жетекшісі болған соң айына бір рет барып қал-жағдайын біліп тұрамын. Мерекелерде мектепке шақырамын. Кейде келеді, кейде келмейді. Бірақ суретке түсірмеппін. Тексеруге келгенде баламен байланыс жоқ деді. «Фотоесеп бар ма, үйіне барғаныңды немен дәлелдейсің?» деді», - деп күйінеді bizdin_synyp17 аккаунтын жүргізетін мұғалім.

Ашық сабақ емес, «ашық шоу»
Әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізген мұғалімдердің ендігі бір тобы ата-аналар жиналысы мен ашық сабақтарды қойылым немесе шоу секілді өткізуге наразылық білдірген.
«Мектептегі тағы бір актуалды мәселе: ашық сабақтарды шағын қойылым не концерт форматына айналдырып, оған тойға шақырғандай арнайы шақыру таратып, соңында әр қатысушыға сыйлық беріп өткізу қалыпты дүниеге айналып барады. Тіпті кейбірі мобилограф та шақырады. Сабақ – оқу үдерісі. Ол шоу емес, нәтиже мен мазмұн бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын» дейді almira.mty аккаунтының иесі.

Мектептегі «шоулардан» осы күні ата-аналар да безіне бастаған.
«Ата-аналар жиналысы жай ғана жиналыс болып өтсінші, өтініш. Бізге тренингтер, ойын-сауық, секіру, билеу, сурет салу, қағазға қарап қалай амандасуды таңдау керек емес. Шай ұйымдастыру, «келгеніңізге рахмет» деп шоколад тарату – мұғалімдер үшін артық шығын. Біз тек барып, баланың оқуын, тәртібін, сынып жоспарын біліп қайтсақ болды. Сол үшін соңғы кезде жиналыстарға да бармаймын. Жиналысқа барып, қол шапалақтап, ойын ойнап, жарты уақытымыз өтеді» деп жазыпты gutik_87 никнейммен тіркелген қолданушы.
Сынып жетекшісі болу – азап
Өздеріне қатысты заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқанын естіген мұғалімдердің депутаттардан тағы бір өтінері – сынып жетекшілерді азапты жұмыстан құтқару.
«Сынып жетекшілікке де мән берсеңіздер. Менің алатыным – 10 оқушы үшін 5000 теңге. Талап өте жоғары. Тексерістен тексеріс. Одан қалса, жұмысыңды Facebook-ке салу міндеттеледі. Құжаттардың шеті жоқ. Шаршатып жібереді», – дейді _assel_zhan аккаунтының иесі.
Сабақ беруден бөлек, сынып жетекшілікті қатар алып жүрген ұстаздардың айтары бір – әкімшіліктің сыныпқа қатысты тапсырмаларының көптігінен мұғалімнің негізгі пәніне дайындығы ақсайды. Тіпті, өтіліп жатқан сабақты тастап, ананы істе, мынаны істе деген шұғыл бұйрықтарды орындауға тура келеді екен. Осы орайда ұстаздар елдегі барлық мектепке Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі жүйені енгізуді ұсынады. Онда сыныптардың оқу үлгерімін, тәртібін, құжаттарын кураторлар қадағалайды, ал пән мұғалімдері басы артық жұмысқа бөгелмей, тек сабақ өтеді.

Референдум мен сайлау жұмысына жегілетін де – мұғалім
Қазақстандық мұғалімдердің қадірін қашыратын тағы бір үрдіс – оларды референдум мен сайлау жұмысына жегу. Жуырда қоғам белсендісі Мәди Құрбантегі осы мәселені көтеріп, сайлау учаскелерін мектептерден басқа орында ашуды ұсынды.
«Сайлау, референдум жақындағанда мұғалімдерді мазақ ету басталады. Мұғалімдердің кінәсі жоқ. Олар әкімшілік ресурсы. Биліктің айтқанын амалсыз істейді. Мұғалімді жұмыстан қудаласа, сіз жұмыс тауып бермейсіз. Сондықтан менің ұсынысым – сайлау учаскесілерін мешіттерге орналастыру керек. Бір жағынан, күнәдан қорқып, дауыс ұрланбайтын болар. Екінші жағынан, мұғалімнің де құлағы тыныш болады» деп жазды белсенді әлеуметтік желіде.
Айтпақшы, бұл мәселе 2023 жылы парламентте де көтерілген. Мәжіліс депутаттары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жолдаған депутаттық сауалында мұғалімдерді сайлау жұмысына тартуға наразылық білдірген.

«Біздің мұғалімдер осы сайлаулардың барлығына қатысып, уақытын дайындыққа, сайлауды өткізуге және нәтижелерді есептеуге арнады. Қазақстанның Еңбек кодексінде, «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарда мұғалімдердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстармен айналыспауы керектігі айтылған. Алдағы уақытта мұғалім мәртебесін төмендетпей, лайықты құрметті ұстаздық кәсіпті сақтап қалғымыз келсе, мұғалімдерді сайлауға тартпау мәселесін көтеруіміз керек», - деген еді депутаттар.
Осыған байланысты депутаттар мұғалімдердің сайлауға қатысуын шектеуді, мектеп ғимараттарында сайлау учаскелерін орналастырмауды және мұғалімдерді сайлау комиссияларының құрамына қоспауды ұсынған. Алайда мәселе айтылған жерінде қалды.
«Мектептен басқа жерде учаске ашу мүмкін емес»
2024 жылы АЭС салу мәселесіне қатысты референдум кезінде белсенділер тағы шулады. Сол кезде Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау және референдум учаскелерін мектептен басқа жерде ашу мүмкін емес екенін алға тартты.
«Мен Үндістанда, Мажарстанда, Оңтүстік Кореяда болдым. ТМД мемлекеттерін айтпай-ақ қояйын, барлық жерде сайлау мектептерде өтеді. Бізде былай қарасаңыз, ауылдарда мемлекеттік деңгейде басқа ғимарат жоқ. Әкімдікте өткізбейміз ғой. Ал мәдениет үйі барлық жерде жоқ. Сондықтан мектепте өткізбеу мүмкін емес», - деді Әбдіров.
Оның айтуынша, мәселе ғимарат тапшылығында. Сайлау комиссиясы атқарушы биліктен алшақ болуы жөніндегі талапқа байланысты әкімдікте учаске ашу мүлдем қарастырылмайды екен. Демек, мұғалімдер басқа жүктемеден құтылса да, сайлау учаскелерінде «барып кел, шауып кел» болудан әзір құтыла алмайтын сияқты.
12:33
46
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.