Популярные тэги

Желі мен ЖИ өсірген буын: Зумерлер мен альфа-ұрпақ мамандық таңдауда неден қиналады?

Жасөспірімдердің тілін түсінетін, еңбек нарығының қыр-сырын білетін профориентологпен сұхбат.


03/03/2026
07:53 661 0

Зумерлер мен альфа-ұрпақ – өз қалауын анық білетін буын.  Миллиениалдар секілді мамандық таңдарда ата-ананың қас-қабағын бақпайды, өзі қаламайтын оқуға түспейді. Алайда қаншалықты еркін болғанымен,  олар да ішкі күдік пен уайымнан, қоғам қысымы мен әлеуметтік желі ықпалынан оқшаулана алмайды.

 

Masa media тілшісі профориентолог Динара Оспановамен сұхбаттасып, бүгінгі жасөспірімдер қандай мамандықтарға қызығатынын, балаларын кәсіпке бағыттауда  ата-аналардың қандай қателіктер жіберетінін және жасанды интеллект дәуірінде қандай дағдылар маңызды екенін сұрады.

 

Жасөспірімдердің басты уайымы

 

– Бұрын жасөспірімдер мамандықты көбіне ата-ананың кеңесіне  һәм қалтасына қарай таңдаса, қазіргі балалар тым еркін. Не қалайтынын  анық біледі, ойын ашық айта алады. Олар сізге көбіне қандай сұрақпен келеді?

 

– Қазіргі жасөспірімдер шынында да бұрынғы буынға қарағанда еркін, ақпаратқа қанық әрі өз ойын ашық жеткізе алады. Сондықтан олар профориентологқа «Мен нақты қай бағытқа бейіммін?», «Қай мамандық болашақта табысты әрі тұрақты болады?», «Мен өзімді тани алмай жүрмін», «Ата-анам менің таңдауыммен келіспей жатыр», «Мамандығымды дұрыс таңдай аламын ба?» деген қорқынышымен келеді.

 

 

Балалардың  көпшілігі бірнеше салаға қатар қызығатыны бар. Олар өз қабілеттерін жүйелеп, қайсысы хобби, қайсысы болашақ мамандық бола алатынын ажыратқысы келеді. Яғни, қазіргі жасөспірімдердің басты сұранысы тек дайын жауап алу ғана емес, сонымен бірге, өзін тереңірек түсіну және саналы, дәлелді таңдау жасау екенін көріп отырмыз. Сондықтан  олар мамандығын емес, керісінше өз жолын іздеп келетініне көзіміз жетті.

 

Жасөспірімдер тек қызығушылықтарымен ғана шектелмей, нарық сұранысын, жалақы деңгейін, ел ішіндегі және шетелдегі мүмкіндіктерді де білгісі келеді. Сонымен қоса, өздерін психология тұрғысынан да танып-білуге құмар. Мінезі мен өмір сүру салты, орта мен қабылдау сияқты жайттарға назар аударып жатыр. Мамандықтарын таңдап жатқан қазіргі балалар өз таңдауын қорғағысы келеді, бірақ ата-анасының қолдауын да жоғалтқысы келмейді. Сондықтан «Мен таңдаған бағытты ата-анама қалай дұрыс түсіндіремін?» деген сұрақ жиі көтеріледі.

 

Балаларымыз еркін болғанымен, олар да қателесуден қорқады. «Егер таңдағаным ұнамаса ше?», «Бір рет қате таңдау жасасам, өміріме қалай әсер етеді?» деген алаңдаушылық бар.

 

Қабілет бар, қызығушылық жоқ  – шешім қандай?

 

– Баланың қабілеті мен қызығушылығы кейде бір-бірімен ұштаспай жатады. Екеуін шатастырып алмас үшін неге мән беру керек?

 

– Мамандық таңдауда қызығушылық пен қабілетті шатастыру кейін кәсіби күйзеліс пен көңіл толмаушылыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан бірнеше нақты нәрсеге мән беру керек: Ұнай ма, әлде жасай ала ма деген сауал қою керек. Себебі бала қызыққанның бәрін жасай алмауы мүмкін. Яғни осы жерде қызығушылыққа емес, қабілетке назар аударған абзал. Өйткені жұмысын сапалы орындау арқылы ғана азаматтар өзінің нағыз маман екенін сезіне алады. Сонымен қоса, қабілет міндетті түрде нәтижеге әкеледі. Егер қызығушылық бар, бірақ нәтиже жоқ болса – бұл бағытты тереңірек тексеру керек деген сөз.

 

Осы тұста қызығушылықтың тұрақты фактор ретінде бала бойында болуы керектігін де атап айту керек. Неге? Қызығушылық уақытша болуы мүмкін, ары кетсе 2- 3 жыл сақталуы мүмкін және трендке байланысты пайда болатыны да бар. Мамандық – ұзақ мерзімді шешім. Уақыт сынынан өтпеген қызығушылыққа сүйену қауіпті. Сондықтан тренд мамандықтар деп, оған қарай беттей беру де қателікке әкеледі. Қабілет бар жерде адам қиындыққа қарамастан жалғастырады.

 

фото: bilim-all.kz

Ал жай қызығушылық болған жағдайда, алғашқы кедергіден кейін мотивация төмендейді. Бұл жерде қиындық реакциясы әсер етеді. Тағы бір жолы бар, ол – тәжірибеден өту. Яғни, қысқа мерзімді курс оқып, маманмен бір күн жұмыс жасап көріп, жобаларға қатысу арқылы практикалық тексерістен өтсе, ол да – өзін-өзі тексерудің жақсы жолы әрі шынайы индикаторы. Қызығушылық бар, қабілет әлсіз болса, дамытуға бола ма – соны анықтау керек. Қабілет бар, қызығушылық жоқ болса, бұл мамандық ұзақ мерзімде күйзеліс тудыруы мүмкін.

 

Қорыта айтсақ, мамандық таңдауда басты сұрақ: «Мен бұл істі жақсы көремін бе?» емес, «Мен бұл істі ұзақ жылдар бойы сапалы әрі тұрақты орындай аламын ба?». Екеуін шатастырмас үшін эмоцияға емес, нәтиже мен тұрақтылыққа сүйену керек.

 

Z-ұрпақ әлжуаз ба?

 

– Z-ұрпақты аға буын ішкі діңгегі әлсіз, тез сынғыш, қиындыққа төзімсіз деп айыптап жатады. Шынында да солай ма? Маман ретінде бұл толқынның балаларын қалай сипаттар едіңіз?

 

– Z-ұрпақты әлсіз деп айту ыңғайлы позиция деп ойлаймын. Себебі олар бұрынғы кездің адамдарындай үндемей жүре бермейді. Шаршаса – айтады. Әділетсіздік көрсе – қарсы шығады. Ұнамаса – кетеді. Біз «төзімді» деп отырған аға буынның төзімі кейде амалсыздықтан туған. Ал бұл буынның «шыдамсыздығы» саналы таңдау екенін ұмытпайық.

 

Иә, олар жасаған ісінен тез нәтиже күтеді, ұзақ күтуді ұнатпайды. Бірақ олар жаңа технологияны бірнеше есе жылдам меңгеретінін де есте сақтайық. Z-ұрпақ еркін ойлайды және өз құндылығын біледі. Мәселе олардың әлсіздігінде емес, мәселе әлемнің жылдам өзгеруінде. Бұл буын баяу жүйеге сыймайтынын да ескерейік. Сондықтан мен оларды сынғыш емес, бейімделгіш, сезімтал әрі саналы буын дер едім. Қысым көрсетсек – сынатын, сенім артсақ – өсетін ұрпақ.

 

Трендтегі мамандықтар

 

– Соңғы 2–3 жылда жастар арасында қандай мамандықтар трендте?

 

– Қазір цифрландыру мен ЖИ дәуірі болғандықтан, технология және IT-саласының мамандықтары трендке айналып жатыр. Олар – веб, мобильді және толық стек бойынша жұмыс жасайтын бағдарламашылар; деректер ғылымы (data science/analytics) және машиналық оқытушылар, киберқауіпсіздік мамандықтары; UX/UI дизайнерлер.

 

фото: egemen.kz

 

Онлайн бизнес жүргізуге қызығушылық артқандықтан, цифрлық маркетологтар, SEO/SEM мамандары, мәтін және видеоконтент жасаушылардың қызметіне жүгінушілер көп. Digital және IT-ға байланысты шығармашылық мамандықтар, пандемиядан кейін, әсіресе, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала қызметкерлері, медбике, қоғамдық денсаулық сақтау, ментал денсаулық мамандарына сұраныс артты.

 

Жастар «кеңсе жұмысына» қарағанда тәжірибелі, айқын табысы бар мамандықтарды таңдағанды құп көреді. Олар – құрылыс және инженерия ішіндегі кәсіптік техника – қолөнер, шеберлік бағыттары. Және де, климаттық өзгерістерге байланысты жасыл экономика және тұрақты даму, экологиялық инженерия мамандықтарына сұраныс өсіп келеді.

 

ЖИ – мүмкіндік пе, қауіп пе?

 

– Өзіңіз айтып отырған жасанды интеллектінің жедел дамуы көп ата-ананы қуанта қоймайды. Балам жұмыссыз қалмай ма деп үрейленетіндерге не айтар едіңіз?

 

– Ата-аналардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Бірақ мұндай қорқынышқа берілудің қажеті жоқ деп сендіргіміз келеді. ЖИ кейбір мамандықтарға сұранысты азайтқанымен, жаңа мүмкіндіктер де тудыратынын ұмытпаған жөн. Баланы тек бір мамандыққа емес, үйренуге икемді, шығармашыл, өзгеріске дайын етіп тәрбиелеуіміз керек. Егер бала өз қабілеті мен қызығушылығына сай дамып, технологияны өз артықшылығына пайдалана білсе, ол әрдайым сұранысқа ие болары сөзсіз. Жасанды интеллект – қорқыныш емес, болашаққа дайындық мүмкіндігі.

 

Желілердің мамандық таңдауға әсері

 

– Әлеуметтік желілер жасөспірімдердің мамандық таңдауына қалай әсер етіп жатыр?

 

– Жастарға әлеуметтік желілердің ықпалы көп. Желі олар үшін тек ақпарат көзі емес, идея мен трендтер алаңына айналды. Мысалы, Instagram-дағы немесе TikTok-тағы блогерлер, стартаптар мен сұранысқа ие мамандықтар туралы контент балалардың қызығушылығын тудыруда. Бірақ бұл әсер әрдайым объективті емес екенін түсінген жөн. Кейде жастар тек мол табыс пен танымалдылық әкелетін мамандықтарға ұмтылады. Профориентацияда біз тек қызығушылыққа сүйенбей, қабілет, бейімділік және тұрақтылықты да бірге қарастырамыз. Қысқаша айтсақ, әлеуметтік желілер – идея беруші, бірақ соңғы шешімді жасау үшін кәсіби бағдар, тәжірибе және өзін-өзі тану маңызды.

 

 

Өз арманын балаға тықпалайтын ата-ана

 

– Баласын кәсіпке бағыттауда ата-аналардың ең үлкен қателігі қандай?

 

– Ата-аналар баланың қабілеті мен қызығушылығын елемей, өз арманы немесе әлеуметтік статус үшін таңдау жасауға бейім. Көп әке-шеше «сен осылай істесең, табысты боласың» деп нұсқау береді, бірақ бұл ұзақ мерзімде мотивация мен нәтиже бермейтінін түсінбейді. Немесе өздерінің бұрынғы орындалмаған армандарын балалары арқылы іске асырып, гештальттарын жабуға тырысады. Оның қате болғанын кеш түсініп жататындары бар. Соның салдарынан студенттер университеттен шығып кетеді немесе оқуын аяқтап, дипломын ата-анасының қолына тапсырған соң, әрі қарай өзі қалаған мамандыққа оқуға түсетіндер де аз емес. Сонда қаншама уақыт босқа шығын болады. Меніңше, шынайы табыс пен қанағат бала өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты таңдағанда ғана келеді.

 

Миллениалдар неге өз жолын таба алмай жүр?

 

– Миллениалдар – 30-жастан асқандар арасында әлі өз жолымды таппадым деп бас қатырып жүргендер аз емес. Профориентологтар олармен қалай жұмыс істейді?

 

– Біз олармен жұмыс істегенде тек мамандық таңдаумен шектелмейміз. Бағыт-бағдар беруші мамандар кеңестен өтетін тұлғаның тәжірибесін, қызығушылықтарын және қабілеттерін қайта қарап, бұрынғы тәжірибелерден сабақ алу және жаңа бағытқа бейімделуге деген көзқарасын зерттеп, оларға терең диагностика жасайды. Сонымен қатар, оларды өзін-өзі тануға, мақсат қоюға және нақты қадамдар жоспарлауға үйретеді. Қысқасы, бұл буынмен жұмыс тек мамандық таңдаумен шектеліп қоймайды, сонымен бірге өмірлік жолды қайта құру процесіне ұласады.

 

 

Жаңылмай таңдалған мамандық

 

– Кейде жұмыстағы қиындықтар, жүктеменің көптігі салдарынан адам өз саласын дұрыс таңдағанына күмәндана бастайды. Өз «орныңда» жүргеніңді қалай ұғуға болады?

 

– Қызметтегі қиындық – мамандықтың дұрыс таңдалмағанын білдірмейді. Егер жұмысқа кіріскенде уақыт зымырап өтсе, адам шаршаса да, нәтиже қуанта берсе, қиын тапсырмалардан қорықпай, керісінше қызығушылық туса, мамандар өз қабілетін дамытып, жаңа деңгейге жетуге ұмтылса – бұл адамның өз орнында екенін көрсетеді. Осы айтылған белгілер болса, адам өз жолында жаңылмай тапты деген сөз.

Поделиться

Нет комментариев.

03/03/2026 07:53
661 0

Уведомление