Жапония туристерге арналған Tax Free жүйесін өзгертеді
Қазір Жапонияға барған туристер Tax Free дүкендерінен тауарды 10 пайыздық салықсыз бірден сатып ала алады.
Не өзгереді?
2026 жылғы 1 қарашадан бастап Жапонияда шетелдік туристерге арналған Tax Free жүйесі өзгереді. Бұдан былай салық тауар бағасынан бірден шегерілмейді. Алдымен турист сатып алған затының толық құнын төлейді. Тауардың елден шығарылғаны расталғаннан кейін ғана салық сомасын қайтарып ала алады.
Жаңа тәртіп
Қазір Жапониядағы туристер Tax Free дүкенінен тауарды 10 пайыздық тұтыну салығын төлемей бірден сатып алады. 1 қарашадан бастап тәртіп өзгереді: тауар салық қосылған бағамен сатылады. Салық сомасын Жапонияның кеден қызметі сатып алынған тауардың елден шығарылғанын растағаннан кейін қайтаруға болады.
Тауарды сатып алған күннен бастап 90 күн ішінде Жапониядан алып шығу қажет.
Кеден қызметі Tax Free арқылы алынған тауарларды көрсетуді сұрауы мүмкін. Сондықтан салық қайтарылатын заттарды әуежайдағы қажетті рәсімдер аяқталғанша өзіңізбен бірге алып жүрген дұрыс.
Егер бір сатып алуға кірген тауардың бір бөлігі өзіңізде болмаса, сол сатып алу бойынша тауарды елден алып шыққаныңызды растай алмайсыз.
Қазақстаннан - Жапонияға
Айта кетейік, Air Astana 30 қарашадан бастап Алматы мен Токио арасында аптасына екі рет тікелей қатынайды.
Алматыдан алғашқы рейс 30 қарашаға, ал кері рейс 1 желтоқсанға жоспарланған. Ұшақтар Токионың халықаралық Нарита әуежайына қонады.
Тікелей әуе қатынасының ашылуына байланысты Қазақстан Жапониямен визалық рәсімдерді одан әрі жеңілдету мәселесін де талқылап жатыр. Оның ішінде қазақстандықтарға қысқа мерзімді көп мәртелік визаларды беру тәжірибесін кеңейту мәселесі қаралуда. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі BES.media-ға хабарлаған.
12:04
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.