Жамбылдағы әйгілі алтын кенішін игеретін компания жабылып тынды
Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі – «Алтыналмас» АҚ өзінің еншілес кәсіпорны – «Ақбакай Голд Ресорсизты» жапты.
Шығыны шаш етектен
Жамбыл облысындағы Ақбақай кен орнын игеру үшін құрылған компанияның жабылғаны жөніндегі ақпарат KASE сайтында жарияланды. Ондағы мәліметке сүйенсек, «Ақбакай Голд Ресорсиз» ресми түрде 2025 жылдың 31 желтоқсанында өз жұмысын тоқтатқан.

«Ақбақай Голд Ресорсиз» небары төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеді Компания 2021 жылы құрылған. Бас директоры қызметін Мәкен Ысқақова атқарды. Компанияның негізгі қызмет бағыты – бағалы металдарды өндіру және өңдеу. Алайда жоба өзін ақтамады. Компанияның активтері 2022 жылғы 1,16 млрд теңгеден 2024 жылы небәрі 120,7 млн теңгеге дейін күрт азайды. 2022 жылы акционерлік қоғам 223 млн теңге, ал 2023 жылы 9,3 млн теңге көлемінде шығынға ұшырады. Қарыздары активтерінен бірнеше жүз миллион теңгеге асып кетті.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында орналасқан кен орнында алтынның төрт түрі анықталғанымен, оны игеру коммерциялық жағынан тиімсіз болып шықты. Шығынға батқан компания 2024 жылы Қазақстан қор биржасынан шығарылды.
Алтын өндіретін алпауыт
Ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, «Алтыналмас» АҚ 1993 жылы құрылған. Елдегі ең ірі алтын өндірушілердің бірі. Бағалы металл өндірісі бойынша да, ресурстық базаның көлемі бойынша да Қазақстандағы ең ірі үштікке енеді. 2025 жылғы 1 қазанға қарай «Алтыналмастың» жиынтық активтері 902 млрд теңгеден асып, таза пайдасы 260,3 млрд теңгені құраған.
Компанияның активтері Қазақстанның 5 өңірінде орналасқан: Жамбыл, Қарағанды, Абай, Ақмола, Павлодар облыстарында.
«Біз жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу арқылы өндірістік процестерді оңтайландыру және жетілдіру бағытында көш бастап келеміз», – дейді компаниядағылар өздері жайлы.
Компанияның негізгі акционерлері – акциялардың 66,8 пайызын иемденетін нидерландтық Gouden Reserves B.V. тобы және кәсіпкер Владимир Джуманбаев (22,2%).
Құны шарықтаған металл
Бұдан бұрын Comex тауар биржасында 2026 жылғы ақпанда жеткізілетін алтын фьючерсінің бағасы тарихта алғаш рет бір трой унциясы үшін 4600 доллардан асқанын жазғанбыз.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, алтын бағасының өсуіне АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) төрағасы Джером Пауэллдің Әділет министрлігі тарапынан өзіне қылмыстық айып тағу қаупі бар екенін мәлімдеуі түрткі болған. Сондай-ақ Ирандағы жаппай наразылықтар да қымбат металға деген сұранысты арттырды. Бағаға әсер еткен өзге факторлар қатарында агенттік АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, геосаяси шиеленістің күшеюі және долларына деген сенімнің әлсіреуін атады.
17:15
34
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.