Жалақысы – 2 млн теңге: Қазақстанда қандай мамандар қат

Қазақстанның еңбек нарығында тамыз айында жұмыс берушілердің белсенділігі айтарлықтай күшейді. Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының саны бір айда 25,8%-ға өсіп, 131,6 мыңға жетті, деп хабарлайды Masa.media.


09/09/2026
10:25 0

ЕҢ КӨП СҰРАНЫС – БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА

 

Тамыз айында кадрларға ең жоғары сұраныс білім беру жүйесінде байқалды. Сала бойынша 61 мың бос жұмыс орны жарияланған.

 

Мұндай өсімнің басты себебі – жаңа оқу жылының басталуы. Оқу жылы қарсаңында мектептер, колледждер және өзге де білім беру ұйымдары бос тұрған орындарын мамандармен толықтыруға кіріскен.

 

Бұдан кейін қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ құрылыс салалары тұр.

 

Өңірлер бойынша ең көп вакансия Астана мен Алматыда тіркелген. Тамыз айында екі қалада да шамамен 10 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланыпты.

 

ҚАНДАЙ КАДРЛАРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

 

Платформадағы деректер жұмыс берушілердің кәсіби білімі мен тәжірибесі бар мамандарға көбірек мұқтаж екенін аңғартады.

 

Тамызда жарияланған вакансиялардың 46,6%-ы жоғары білікті мамандарға арналған. Орта білікті қызметкерлерге арналған жұмыс орындарының үлесі 33,1%-ды құраса, төмен білікті жұмысшыларға тиесілі вакансиялар 20,3% болған.

 

Жұмыс іздеушілердің құрылымында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Түйіндемелердің 46,5%-ын жоғары білікті мамандар, 35,5%-ын орта білікті қызметкерлер, ал 18%-ын төмен білікті жұмыс іздеушілер орналастырған.

 

Бұл еңбек нарығында білімі мен кәсіби тәжірибесі бар мамандардың орны әлі де маңызды екенін көрсетеді.

 

ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ – ЖАСТАР

 

Enbek.kz арқылы жұмыс іздеп жүрген азаматтардың арасында 35 жасқа дейінгі адамдардың үлесі басым.

 

35-44 жас аралығындағы азаматтар барлық түйіндеменің 25,8%-ын құраған. 45-54 жастағылардың үлесі – 14,6%, ал 55 жастан асқан жұмыс іздеушілердің көрсеткіші 6,7%-ға тең.

 

Гендерлік тұрғыдан әйелдер белсендірек болған. Тамыз айында жарияланған түйіндемелердің 60,6%-ын әйелдер орналастырса, ерлердің үлесі 39,4%-ды құраған.

 

ҚАЙ МАМАНДАРҒА 2 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЖАЛАҚЫ ҰСЫНЫЛДЫ?

 

Тамыз айында Enbek.kz платформасында айлығы 2 млн теңгеден асатын жұмыс орындары да жарияланған.

 

Мәселен, тау-кен өндірісіндегі ауысым басшысына шамамен 2,06 млн теңге көлемінде жалақы ұсынылған. Киберқауіпсіздік саласының маманына 2 млн теңге, ал кеніш директорына 1,63 млн теңге төлеу көзделген.

 

Сондай-ақ әкімшілік бөлім басшыларына шамамен 2,02 млн теңге, жаңа өнім әзірлеу жобаларының жетекшілеріне 1,84 млн теңге, ал сату ісі бойынша шеберлерге 1,75 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылған.

 

Айта кетейік, бұл – Enbek.kz сайтында нақты жұмыс орындары бойынша көрсетілген жалақы мөлшері.

Поделиться

Нет комментариев.

09/09/2026 10:25
0

Уведомление