Үздік сериалдар мен телешоулар: «Эмми-2026» иегерлері анықталды
15 қыркүйекке қараған түні телевизия саласындағы ең беделді марапаттардың бірі – «Эмми» сыйлығының 78-ші марапаттау рәсімі өтті.
Жүлде кімдерге бұйырды
Медициналық драма жанрындағы «Питт» сериалы «Үздік драмалық сериал» аталымында топ жарды. Ал «Жесірлер шығанағы» «Үздік комедиялық сериал» аталымында үздік деп танылды.
Ең көп жүлдені «Жесірлер шығанағы» иеленді – 19 номинацияның 14-інде жеңіске жетті. Бұл бір жыл ішінде комедиялық сериал алған «Эмми» жүлдесінің жаңа рекорды. Екінші орында «Питт» пен «ГКС. Сент-Луис» тұр: әрқайсына жеті жүлдеден бұйырды.
«Үздік мини-сериал» жүлдесі ерлер арасындағы достықты арқау еткен драмалық детектив «ГКС. Сент-Луиске» бұйырды.
Мэттью Риз «Эмми» тарихында үш негізгі санаттың әрқайсысында басты рөл үшін марапат алған алғашқы актер атанды. Ол «Жесірлер шығанағында» қарғыс атқан аралдың әкімі Том Лофтис рөлін сомдағаны үшін жүлде алды. Сол кеште Риз мини-сериалдағы рөлі үшін де жеңіске жетті. Ол «Менің ішімдегі құбыжық» сериалында әйелін өлтірді деген күдікке ілінген миллионер-құрылысшы Найл Джарвистің рөлін ойнаған.

Бұған дейін актер 2018 жылы «Америкалықтар» сериалындағы Филип Дженнингс рөлі үшін драмалық сериалдағы үздік ер актер аталымында «Эмми» алған. Оның кейіпкері – АҚШ-та бірнеше жыл бойы жасырын өмір сүрген кеңестік барлау қызметінің агенті.
Рэй Сихорн «Көптің бірі» драмалық сериалындағы рөлі үшін «Үздік әйел актер» аталымында «Эмми» алды. Ол жұмбақ жолмен бүкіл адамзатты жаппай бақытқа бөлеген індетке бой алдырмаған, мінезі ауыр жазушы Кэрол Стуркудың рөлін сомдады.
74 жастағы Стивен Рут «Жесірлер шығанағындағы» рөлі үшін комедиялық сериалдағы қосалқы ер актер санатында «Эмми» алған ең жасы үлкен актер атанды. Ол сериалда тұйық мінезді балықшы Уик Кроуфордтың рөлінде ойнады.

Руттың жеңісі бұған дейінгі жас рекордын жаңартты. Оған дейін бұл көрсеткіш 72 жасында «Барри» сериалындағы актерлік шеберлік оқытушысы Джин Кузино рөлі үшін марапат алған Генри Уинклерге тиесілі еді.
Джин Смарт өзі түскен сериалдың әр маусымындағы рөлі үшін «Эмми» алған алғашқы актриса атанды. «Айла» сериалында ол Лас-Вегастағы аты аңызға айналған стендап-комик Дебора Вэнстің рөлін сомдайды. Кейіпкер мансабын жас сценарист Ава көмегімен қайта жандандыруға тырысады. Смарт комедиялық сериалдағы үздік әйел актер жүлдесін қатарынан бесінші рет алды. Осылайша оның актерлік «Эмми» жүлдесінің саны сегізге жетті. Бұған қоса, ол «Фрейзер» сериалындағы қонақ рөлдері үшін тағы екі, «Саманта деген кім?» сериалындағы қосалқы рөлі үшін бір марапат алған.
Эллисон Дженни де актерлік мансабындағы сегізінші «Эммиге» ие болды. Ол «Дипломаткадағы» рөлі үшін марапатталды.
Негізгі аталымдардағы жеңімпаздар
Үздік драмалық сериал – «Питт».
Үздік комедиялық сериал – «Жесірлер шығанағы».
Үздік мини-сериал – «ГКС. Сент-Луис».
Драмалық сериалдағы үздік режиссура – «Баяу аттар».
Комедиялық сериалдағы үздік режиссура – Хиро Мурай, «Жесірлер шығанағы».
Мини-сериалдағы үздік режиссура – «ГКС. Сент-Луис».
Драмалық сериалдың үздік сценарийі – Винс Гиллиган, «Көптің бірі».
Комедиялық сериалдың үздік сценарийі – Кэти Дипполд, «Жесірлер шығанағы».
Мини-сериалдың үздік сценарийі – «ГКС. Сент-Луис».
Драмалық сериалдағы үздік ер актер – Ноа Уайл, «Питт».
Драмалық сериалдағы үздік әйел актер – Рэй Сихорн, «Көптің бірі».
Драмалық сериалдағы үздік қосалқы ер актер – Том Пелфри, «Тапсырма».
Драмалық сериалдағы үздік қосалқы әйел актер – Эллисон Дженни, «Дипломатка».
Комедиялық сериалдағы үздік ер актер – Мэттью Риз, «Жесірлер шығанағы».
Комедиялық сериалдағы үздік әйел актер – Джин Смарт, «Айла».
Комедиялық сериалдағы үздік қосалқы ер актер – Стивен Рут, «Жесірлер шығанағы».
Комедиялық сериалдағы үздік қосалқы әйел актер – Кейт О’Флинн, «Жесірлер шығанағы».
Мини-сериалдағы үздік ер актер – Мэттью Риз, «Менің ішімдегі құбыжық».
Мини-сериалдағы үздік қосалқы ер актер – Дэвид Харбор, «ГКС. Сент-Луис».
Мини-сериалдағы үздік әйел актер – Салли Филд, «Айрықша ақылды жаратылыстар».
Мини-сериалдағы үздік қосалқы әйел актер – Линда Карделлини, «ГКС. Сент-Луис».
Каскадерлердің үздік жұмысы – «Жеті патшалықтың рыцары».
Үздік фильм – «Айрықша ақылды жаратылыстар», режиссері Оливия Ньюман.
10:48
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.