Өзбекстанда балаларға жасалған зорлық үшін жаза қатаңдатылды

Өзбекстанда кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заң қабылданды.


15/10/2026
09:16 0

Жаңа заңға сәйкес, бес кодекс пен алты заңға өзгерістер енгізіледі.

 

Бұл туралы Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мәлімдеді.

«Балаға зорлық-зомбылық көрсетуге ешқашан жол беруге болмайды, ал мұндай қылмыс үшін жаза қатаң болуы керек. Өзбекстан президенті бірден бес кодекс пен алты заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Балаға зиян келтіріп, жанына жара салған әр адам жауапқа тартылады. Олардың қатарында білім беру мекемелерінің қызметкерлері де, зорлық-зомбылық жасаған туған-туыстары да бар. Баланың өліміне әкеп соққан кез келген қылмыс үшін жазаны жеңілдетуге жол берілмейді», - деді Саида Мирзиёева.

14 жасқа толмаған балаға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарға 25 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Мұндай қылмыстар бойынша ескіру мерзімі қолданылмайды.

«Балалардың өміріне, денсаулығы мен қадір-қасиетіне қол сұққан әр адам қатаң жазадан құтыла алмайтынын білуі керек», - деп толықтырды Мирзиёева.

Бұған дейін 14 жасқа толмаған адамды зорлағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған еді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

15/10/2026 09:16
0

Уведомление