Қытайдан Еуропаға дейін: Қазақстан қай елдерге жаңа әуе рейстерін ашпақ

Қазақстан алдағы жылдары халықаралық әуе қатынасының ауқымын кеңейтіп, ұшатын бағыттар санын 160-қа жеткізуді жоспарлап отыр.


20/10/2026
11:59 0

Еліміз Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай мен Үндістанға қатынайтын рейстер санын арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.

 «Біз талдау жүргіздік. Негізі, Қазақстаннан ұшатын бағыттар санын 160-қа жеткізгіміз келеді. Алайда бұл үшін қажетті инфрақұрылымның бәрі болуы керек. Оған әуежайлар, ұшу-қону жолақтары және әуе кемелерінің паркі кіреді. Еуропаға қатынайтын рейстерді көбейтуіміз қажет. Яғни, Еуропа қалаларымен тікелей әуе байланысын жолға қоюымыз керек. Сондай-ақ көпшілік айтып жүрген АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттары да бар. Бұдан бөлек, Қытайға қатынайтын рейстер санын арттыру бағдарламасы әзірленген», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде Қазақстаннан Қытайдың 30 қаласына әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр.

 

«Үндістанға қатынайтын рейстерді де міндетті түрде көбейтеміз. Үндістан – бізге онша алыс емес, нарығы орасан әрі қарқынды дамып келе жатқан ел. Үндістанның 10 қаласымен әуе қатынасын орнатып, жолаушылардың транзитпен қатынауына мүмкіндік жасағымыз келеді. Түркиямен де, Ресеймен де әуе рейстерін көбейтеміз. Нақты бағыттар мен қалалар белгіленген. Ресейге қатысты “500+” бағдарламасы бар. Ол халқының саны 500 мыңнан асатын, негізінен шекара маңында орналасқан Ресей қалаларын қамтиды», – деді Талғат Ластаев.

 

Еуропамен әуе қатынасын кеңейту жұмыстарының мерзіміне қатысты сұраққа жауап берген вице-министр бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асатынын түсіндірді. Жоспар бойынша, жыл сайын бірнеше жаңа әуе бағыты ашылады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2026 11:59
0

Уведомление