Қытайда алғашқы толықметражды ЖИ-фильм көрермен жинай алмады

Көрсетілімнің алғашқы аптасында картина небәрі 1,495 млн юань (225 мың доллар) табыс тапқан.


04/11/2026
10:51 0

Қытайда жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы түсірілген алғашқы толықметражды фильм прокатта сәтсіздікке ұшырады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, көрсетілімнің алғашқы аптасында картина небәрі 1,495 млн юань (225 мың доллар) табыс тапқан. Ал фильмнің бюджеті 10 млн юаньнан асқан. 

 

Bona Film Group компаниясының «Саньсиндуй: Болашақтың өткені» атты ғылыми-фантастикалық фильмі 23 қазанда прокатқа шыққан. Ол кинотеатрларға арналған алғашқы гиперреалистік жасанды интеллект жобасы ретінде таныстырылған.

 

100 минуттық фильмде ежелгі Қытай өркениеті мен болашақ әлемі астасады. Сюжет бойынша, археолог ежелгі таңбалардың сырын ашуға тырысады. Оның мақсаты – аса қуатты жасанды интеллект құлдыққа түсірген болашақ әлемді құтқару.

 

Алайда көрермендер мен мамандар фильмнің көркемдік сапасын сынға алған. Олардың пікірінше, картина кинотеатрларға арналған кәсіби туындылардан әлдеқайда төмен және жасанды интеллект көмегімен түсірілген алғашқы қысқаметражды жұмыстардың деңгейінен аса алмаған.

 

Кинематограф Гуань Ядидің айтуынша, фильмде кадрлар мен көріністердің өзара үйлесімі нашар, дыбыстық безендірілуі де көңіл көншітпейді. Оның пікірінше, көрерменнен билетке ақша алынған соң, мұндай кемшіліктерді фильмнің жасанды интеллект көмегімен түсірілгенімен ақтауға болмайды.

 

Маманның сөзінше, жасанды интеллект көмегімен кино түсірудегі басты қиындықтың бірі – өндіріс үдерісінің ұзақтығы. Фильмді әзірлеуге бірнеше жыл кеткен. Ал генеративті модельдер апта сайын жаңарып отырады. Соның салдарынан картина прокатқа шыққанша пайдаланылған технологиялар ескіріп қалған.

Поделиться

Нет комментариев.

04/11/2026 10:51
0

Уведомление