Ыстанбұлдағы қазақ қызының өлімі: екі адам ұсталды
Түркияда қаза тапқан Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды.
Соңғы сурет
«Hürriyet» газетінің жазуынша, тергеу барысында марқұмның өлерінен аз уақыт бұрын шатырдың шетінде отырған сәті түсірілген фотосурет табылған. Суретті онымен бір пәтерде тұрған Дария Б. түсірген.
Қыздың айтуынша, таңғы сағат 08:15 шамасында ол құрбысын көрші ғимараттың шатырынан байқап, қауіпті жерден түсуін өтінген. Алайда Айсұлу: «Мен осында отыра тұрамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген. Осыдан кейін Дария бөлмесіне қайтып кеткен.
Оның сөзінше, ол ұйықтап жатқанда қатты музыкадан оянған. Құрбысының пәтерде жоқ екенін байқаған соң, оны іздей бастаған. Кейін бір шуды естіп, көрші ғимарат шатырының бір бөлігі бүлінгенін көрген. Төменге үңілгенде, қазақстандық қыздың қимылсыз жатқанын байқаған.
Қайғылы оқиға алдында кіммен болған?
Тергеушілер марқұмның қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы сағаттарын кіммен өткізгенін де анықтаған. Пәтерлесінің айтуынша, олар 24 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында бірге үйден шыққан. Ал таңғы бесте Айсұлу сүйіктісіне барған. Ол – дүкен иесі, 35 жастағы Мазхар Т.
Ер адамның айтуынша, қыз оның үйіне таңғы сағат 05:30 шамасында келген. Олар біраз уақыт бірге болғаннан кейін, шамамен 07:40-та Айсұлу үйіне қайтқан. Мазхар полицияға марқұмның түнгі клубта жұмыс істегенін де білетінін айтқан.
Полиция кімдерді ұстады?
Оқиғаның мән-жайын тексерген полиция прокуратураның шешімімен Дария Б. мен Мазхар Т.-ны ұстаған. Екеуі де тергеу амалдарын жүргізу үшін полицияға жеткізілген.
Алайда әзірге бұқаралық ақпарат құралдары ұсталғандардың қандай процестік мәртебеге ие екенін және оларға айып тағылған-тағылмағанын нақтылаған жоқ.
Сондай-ақ Айсұлу мен Дарияның Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте келгені белгілі болды.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Еске салайық, қазақстандық қыз 25 қазанда Ыстамбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында қаза тапқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін шатырдың ортасына қарай жүрген. Болжам бойынша, аяқ астындағы жабынның бір бөлігі сынып, қыз екі ғимараттың арасындағы кеңістікке, екінші жертөле деңгейіне құлап кеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жетіп, қыздың қайтыс болғанын анықтаған. Марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін сот-медициналық сараптама институтына жіберілген.
15:39
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.