Қырғызстанда 11 адам президент болуға үмітті

Олардың қатарында қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаровпен бірге бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлер де бар.


13/11/2026
11:02 0

Қырғызстанда президент сайлауына қатысуға ниетті 11 адам өтініш берді. Алайда олардың бәрі бірдей сайлау бюллетеніне іліге алмайды. Үміткерлер алдымен Орталық сайлау комиссиясы белгілеген талаптарды орындауы керек.

 

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, құжат қабылдау 12 қарашада аяқталған. Президенттікке үміткер ретінде тіркелуге өтініш берген 11 адамның барлығы сайлауға саяси партиялардың атынан емес, өз бетінше қатысуға ниет білдірген.

 

Садыр Жапаров құжаттарын 10 қарашада тапсырған. Онымен бірге президенттікке бұрынғы депутаттар Исхак Масалиев пен Бактыбек Калмаматов, Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Сыймык Жапыкеев және тағы бірнеше адам үміткер болып отыр.

 

Президент сайлауына қатысуға ниетті соңғы адам - Конституциялық палатада судья болған Клара Сооронкулова. Ол өтінішін 12 қарашада тапсырып, президенттік додаға қосылған он бірінші үміткер атанды.

 

Президенттікке үміткер болу үшін өтініш беру жеткіліксіз. Әрқайсысы сайлаушылардың кемінде 30 мың қолын жинауы керек. Қол жинау науқаны 7 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал үміткерлерді тіркеуге қажетті құжаттар 13 желтоқсанға дейін қабылданады. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлердің түпкілікті тізімін 23 желтоқсанға дейін бекітуі тиіс.

Поделиться

Нет комментариев.

13/11/2026 11:02
0

Уведомление