Қылтима, желкөз, себезгі: Тоқаев жасанды аудармалардан арылуды ұсынды
Президенттің айтуынша, қазақ тілі басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза.
Аударманың орайлысы да, орынсызы да бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармаларға қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, қазақ тілінде сәтті қалыптасып, қолданысқа кеңінен енген сөздер аз емес. Мәселен, «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «кешенді», «әмбебап», «тыңайтқыш», «жанармай», «босқын», «лаңкестік», «бітімгерлік күштер», «ғарыш», «зымыран», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана», «пайыз», «сынып» секілді атаулар тілімізге сіңісті болды.
«Жалпы, тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл – жақсы дүние. Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек», – деді президент.
Ол кейбір жасанды баламалардың өміршеңдігіне күмән келтірді. Атап айтқанда, пианиноны «күйсандық», балконды «қылтима», фонтанды «субұрқақ», душты «себезгі», капустаны «қырыққабат», газетті «үнқағаз», лифтіні «жеделсаты», форточканы «желкөз» деп атаудың қаншалықты қажет екенін қайта қарау керек деп санайды.
Мемлекет басшысы соңғы уақытта діни ұғымдарға қатысты да өзге тілден енген сөздерді жиі қолдану үрдісіне де назар аударды. Оның айтуынша, қазақтың көне сөздерінің орнына араб сөздерін қолданудың қажеттілігіне де күмән бар.
Қазақ тіліндегі контентті көбейту қажет
Президент тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес екенін де айтты. Оның сөзінше, адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің мүмкіндігі де кеңейе түседі. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту маңызды.
Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге арналған ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға көмектесетін фильмдер мен ойындар қажет. Сондай-ақ ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті салалар бойынша қазақша сапалы контент әзірлеу керек.
Тоқаев мұндай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі тиіс екенін айтып, бұл бағытта да арнайы жұмыс тобын құруға болатынын жеткізді. Ол «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы мен қоғам мүшелерінің осы іске үлес қосатынына сенім білдірді.
«Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек», – деді мемлекет басшысы.
13:15
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.