«XVI Людовиктің кебін киесің»: Францияда шерушілер Макронға қоқан-лоқы жасады

Франциядағы жаппай наразылықтар басылар емес.


18/10/2026
10:53 0

Елде өмір сүру құнының өсуіне және оқу жағдайының нашарлауына қарсы жаппай наразылық 17 қазанда да жалғасты. Парижде полиция су атқыш техника мен көзден жас ағызатын газ қолданса, Лионда туристік ақпарат орталығы өртенді. Франция Ішкі істер министрлігінің Reuters агенттігі келтірген соңғы дерегіне сәйкес, ел бойынша 272 адам ұсталған.

 

Наразылық күшейген тұста Франция президенті Эмманюэль Макронға қоқан-лоқы жасалды. Демонстранттардың бірі француз королі XVI Людовиктің өлім жазасына кесілгенін еске салып, Макронды да осындай тағдыр күтіп тұрғанын меңзеген.

 «XVI Людовиктің басын шапты. Макрон, біз мұны қайталай аламыз», - деген жазу шеруге қатысқан әйелдің плакатында болған.

 Парижде не болып жатыр?

 

Республика алаңында тәртіпсіздікке қатысушылар полицияға түрлі зат лақтырып, отшашулар атты. Құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ бен су атқыш техника қолданды. Франция астанасында көлік пен газет дүңгіршегі де өртенді. Алайда бейбіт шерушілердің басым бөлігі наразылық шеруіне қатысқан.

 

Басқа қалаларда да өрт шығып, қақтығыстар болды

 

Лионда туристерге ақпарат беретін орталық өртенді. Марсельде дүкендер мен муниципалдық полиция бөлімшесіне зақым келтірілді. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі қала әкімдігінің кіреберісіне де басып кірген.

 

Тулузада полиция пойыздар қозғалысы мен көлік жолайрығының жабылып қалуына жол бермеу үшін араласуға мәжбүр болды. Ренн, Ниор, Валансьен және Ла-Рошель қалаларында да наразылық акциялары өтті.

 

Француздар неге көшеге шықты?

 

Наразылықтың қазіргі толқыны мектеп оқушыларының мұғалім тапшылығы мен оқу орындарының нашар жағдайына қарсы шығуынан басталған. Кейін шерушілердің талаптары кеңейіп, әлеуметтік теңсіздік, мемлекеттік шығындар мен халықтың тұрмыс деңгейіне қатысты мәселелерді де қамтыды.

 

Наразылыққа «сары кеудешелілер» қозғалысының өкілдері, студенттер, жұмысшылар мен климат белсенділері қосылды. Оқу жағдайын жақсарту талабы азық-түлік пен басқа да тауарлардың қымбаттауына, жалақының күнделікті шығындарға ілесе алмауына қатысты наразылықпен ұштасқан.

 

Бұған дейін, 16 қазанда Макрон халықты сабыр сақтап, бір-бірін құрметтеуге шақырған. Ол Конституциямен кепілдік берілген наразылық білдіру құқығы адамдар мен мүлікке құрметпен қараумен қатар жүруге тиіс екенін айтып, қорлау мен жаппай бүлдіру әрекеттеріне қарсы шыққан.

 

фото: Reuters.

Поделиться

Нет комментариев.

18/10/2026 10:53
0

Уведомление