VIP-тұтқындар: Сотталған экс-президенттердің түрмедегі өмірі қандай?
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің сотталуы ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатыр. Алайда ол түрмеге қамалған алғашқы және соңғы президент емес.
Әлемде тақта отырған және тақтан тайған мемлекет басшыларының істі болуы – үйреншікті құбылыс. Қазірдің өзінде қапаста немесе үйқамақта отырған президенттердің саны онға жетеғабыл. Masa Media тілшісі олардың не үшін сотталғанын, қазір қай түрмеде, қандай жағдайда отырғанын анықтады.
ПЕРУДЕГІ VIP-ТҮРМЕ
Бұрынғы мемлекет басшыларын түрмеге жиі тоғытатын ел – Перу. Қазір мұнда үш экс-президент қамауда отыр. Олардың қатары тағы бір адаммен толығуы мүмкін. Перу басшыларының жиі сотталуына жергілікті Конгрестің атқарушы билікпен бітіспес қақтығысы себеп. Импичментті тек отанға опасыздық секілді санаулы негіздер бойынша ғана жариялауға болады. Сондықтан оппозиция қылмыстық істерді кәдеге асырады. Оның үстіне, ірі бразилиялық компания бірден бірнеше президентке қомақты пара бергені әшкереленді.
Перуде VIP-тұтқындарға арналған жеке түрме бар. Барбадильо деп аталады. Аумағы – 800 шаршы метр. Түрме Перу полициясының арнайы операциялар басқармасы кешенінің аумағында салынған. Алғашында оны 1990–2000 жылдары елді басқарған Альберто Фухимориді қамау үшін тұрғызған. Ол жемқорлығы және солшыл көтерілісшілерді жою үшін «өлім жасақтарын» ұйымдастырғаны үшін 25 жылға сотталған.

Экс-президенттің түрмеде отыр деген аты болмаса, жағдайы елдің орта тап өкілдерінен тәуір болды: оның иелігінде қонақ бөлмесі, жатын бөлмесі, ас үйі мен жуынатын бөлмесі бар апартамент, сурет салуға арналған студия және Фухимори раушан гүлдерін өсірген үлкен бақ болды. Денсаулығын жеке дәрігерлер бақылап отырды. 16 жыл қамауда отырғаннан кейін Фухимори 2023 жылдың желтоқсанында рақымшылыққа ілінді. Бостандыққа шыққананн кейін көп ұзамай қайтыс болды.
Барбадильоның екінші тұтқыны – Педро Кастильо. Перудің Жоғарғы соты бұрынғы президентті «мемлекеттің төңкеріс жасауға қатысу» айыбы бойынша соттап, өткен жылдың 27 қарашасында 11 жыл 5 айға бас бостандығынан айырды. Прокурорлар оны 34 жылға соттауды сұрағанымен, сот қатаң жаза бермеді және билікті асыра пайдалану, қоғамдық тәртіпті бұзу айыптары бойынша кінәсіз деп таныды.

Түрмеде Кастильоға бір бөлмелі ғана «пәтер» берілді. Десе де, бақтан жер телімі бөлініп, картоп пен жүгері өсіруіне жағдай жасалған.
Кейін бұл түрме «тұрғындарының» қатарына Алехандро Толедо қосылды. Перу соты оны 35 млн доллар пара алғаны үшін 20 жыл 6 айға соттады. Толедоның абақтыдағы жағдайы өзіне дейінгі әріптестерінен кемшін емес: камерасы екі бөлмеден тұрады: жатын бөлме және кіреберіс. Онда қонақ қабылдауға мүмкіндік бар, яғни белгілі бір бақылаулармен туыстары келіп жата алады. Жеке жуынатын бөлмесі және бақшаға шығатын аймақ бар. Оның денсаулық жағдайын мамандар тұрақты бақылауда ұстайды.
Жемқорлық пен заңсыз қаржы операциялары үшін сотталған Перудің тағы бір экс-президенті – Ольянта Умала. Ол елді 2011-2016 жылдары басқарған. Умала ақша жымқырғаны және 3 млн доллар пара алғаны үшін 2025 жылдың 15 сәуірінде 15 жылға сотталды.

Қапасқа «жолдама» алуы мүмкін келесі адам – Педро Пабло Кучински. 2018 жылы жемқорлық дауына байланысты отставкаға кеткен экс-президент 2019 жылы қысқа мерзімге қамауға алынған, бірақ денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстырылды. Жасы 80-нен асқан Кучинскиге елден шығуға тыйым салынған. Прокурорлар 35 жыл түрме жазасын сұраған. Алайда сот әлі аяқталған жоқ.
ОҢТҮСТІК КОРЕЯ: ПРЕЗИДЕНТ БОЛСАҢ – ӨЗІҢЕ
Оңтүстік Кореяда істі болған 13 президенттің төртеуі түрме жазасына кесілген, бірақ бәрі кейін кешірім алған – 2 жылдан 4 жылға дейін ғана отырып шыққан.
Ең соңғы қамауға алынған – Юн Сок Ёль, ол мемлекет басшысы қызметін атқару кезінде тұтқындалған жалғыз президент. Күні кеше Оңтүстік Корея соты оны тергеушілердің әрекетіне кедергі келтіргені, ресми құжаттарды қолдан жасағаны және әскери жағдай енгізу үшін қажетті заңдық рәсімдерді сақтамағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға сотталды.

Ол үкім шыққанша Ыйван қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Камерасы – 10 шаршы метр, жалғыз адамдық орын. Экс-президентке айрықша жағдай жасалмаған: едендегі матрастың үстінде ұйықтайды, өзге тұтқындалушылар секілді хаки түсті түрме киімін киіп жүреді. Ыстықта камераға шағын желдеткіш қосылады. Таңертең 6.30-да оянады, серуенге 30 минуттан 1 сағатқа дейін шығуға рұқсат.
ГРУЗИЯ: ҮШ БӨЛМЕЛІ ЛЮКС
Бір кездері «Украинаны супердержаваға айналдырам» деп көсілген Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили қылмыстық іздеуде жүргеніне қарамастан, өзі басқарған елге қайтып келген еді. Ол бұл қадам жақтастарына төңкеріс жасауға көмектеседі деп сенді. Алайда жағдай ол ойлағандай болды. Саакашвили төрт эпизод бойынша сотталды:
— банк қызметкерін өлтірген ІІМ қызметкерлерін заңсыз кешіргені үшін;
— өзіне қарсы депутатқа шабуыл ұйымдастырғаны үшін;
— мемлекеттік қаражаттан 3,2 млн доллар жымқырғаны үшін (ақша косметологиялық процедураларға, брендтік киімге, тіпті ұлының шетелдегі оқуына жұмсалған);
— шекараны заңсыз кесіп өткені үшін (Грузияға пароммен жасырын келген).
Алдымен ол Рустави түрмесіне қамалды. Кейін аштық жариялап, денсаулығына шағымданған соң, Тбилисидегі Глдани тергеу изоляторы жанындағы түрме ауруханасына ауыстырылды. Аштықтан шаршаған соң қайта Руставиге жеткізілді. Бірақ адвокаты Шалва Хачапуридзе «36 түрлі ауруы бар, оның ішінде туберкулез бен деменция да бар» деп мәлімдеді – бұл шындыққа жанаспайтын сөздер еді.

Соған қарамастан, 2022 жылдың көктемінде экс-президент «Вивамеди» жеке клиникасына жатқызылды. Онда Саакашвили диваны мен тоңазытқышы бар үш бөлмелі люксте тұрады. Теледидары бар, әлеуметтік желілерге үнемі жазба жариялап отырғанына қарағанда интернет те қолжетімді болды. Алайда 2025 жылдың қарашасынан бастап экс-президент түрмеге қайта ауыстырылды.
2025 жылдың наурызында ол 9 жылға сотталған, көп ұзамай жазасына тағы 4,5 жыл қосылды. Жалпы есеппен ол 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. 2034 жылға дейін түрмеде отыруы мүмкін деген болжам бар.
ФИЛИППИН: ҚАМАУДА ОТЫРЫП САЙЛАУҒА ТҮСУГЕ БОЛАДЫ
Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте Манилада, елдің келесі президенті Фердинанд Ромуальдес Маркостың келісімімен тұтқындалды. Айыптаулардың бәрі оның есірткіге қарсы күрес барысында қолданған қатал шараларына қатысты: сотсыз және тергеусіз жүргізілген рейдтер кезінде 6 мыңнан астам адам өлтірілген.

Дутерте Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың тергеу изоляторына қамалды. Түрме Солтүстік теңіз жағасындағы курортты аудан – Схевенингенде орналасқан. Өткен ғасырда бұл ғимарат нацистік абақты болған, онда СС (Schutzstaffel) түрмесі орналасқан. Бұл кешенде бұрын Югославия жөніндегі халықаралық трибуналдың айыпталушылары отырған. Дәл осы жерде камерада Сербияның экс-президенті Слободан Милошевич жүрек талмасынан қайтыс болған.
Түрме ішінде қатаң тәртіп жоқ: күннің көп бөлігінде тұтқындар аумақта еркін қозғалып, тренажерларда жаттыға алады немесе кітапханада отырады. Камералар – 15 шаршы метр, жеке санитарлық тораптары мен кабельдік теледидары бар. Дәліздерде кофе автоматтары қойылған.
Қызығы, Дутерте былтыр мамыр айында түрмеде отырып-ақ туған қаласы Даваоның мэрі сайлауында сырттай жеңіске жетті.
БРАЗИЛИЯ: БАБЫ ЖАСАЛҒАН БОЛСОНАРУ
Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонару 2022 жылғы сайлаудан кейін төңкеріс жасамақ болғаны үшін айыпты деп танылып, 2025 жылы 27 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Ол бастапқыда электронды білезікпен үйқамақта отырған, алайда кейін үйден қашуға әрекет жасағаны үшін тергеу абақтысына ауыстырылды. Қазіргі таңда Болсонару ел астанасындағы Papuda Penitentiary Complex деп аталатын түрмеде отыр.

Экс-президентке берілген камера кең әрі жайлы: бөлме 65 шаршы метр, жатын бөлме, ас үй, қонақ бөлме және сыртқы аймақ бар. Бұл жағдайлар соттың медициналық және гуманитарлық жағдайларды ескерген шешімі бойынша ұйымдастырылған дейді жергілікті БАҚ.
21:19
30
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.