Әуе дабылы тоқтамайды: Харьковта 20 мың бала метрода оқуға мәжбүр

Украинаның Харьков қаласында соғыс жағдайына байланысты мектептер метро станциялары мен бункерлерге көшірілген, деп хабарлайды Masa media.


17/03/2026
07:16 23 0

AlJazeera-ның жазуынша, Украинаның Ресеймен шекарасына жақын орналасқан екінші ірі қаласында дәстүрлі мектептердің барлығы дерлік жабылған. Соның орнына метрополитендегі арнайы сыныптарда сабақ өткізіледі.

 

Мәселен, қаланың шетінде орналасқан Александр Масельский метро станциясы ішінде шағын мектеп жұмыс істеп тұр. Бұрын бос тұрған дәліз қазір бірнеше сыныпқа бөлініп, мұнда екі мыңға жуық оқушы мен мектепке дейінгі жастағы балалар кезекпен аптасына жеті күн білім алады.

 

Бастысы қауіпсіздік

 

Мектеп директоры әрі ағылшын тілі мұғалімі Максим Тристапшон жерасты сыныптарының басты артықшылығы – қауіпсіздік екенін айтады. Оның сөзінше, балалар мұнда әуе дабылы мен зымыран шабуылдарын ойламай, сабағына көңіл бөле алады.

 

Шынында да, бұл өңірде жағдай күрделі. 2022 жылдан бері Харьков облысында жүзден астам бала мен мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Соңғы күндердің өзінде тұрғын үйлерге жасалған соққылар салдарынан балалар да көз жұмған.

 

Қалада әуе дабылы күніне бірнеше рет қосылады. Бұған қоса, соңғы уақытта радиокедергілерге бағынбайтын жаңа үлгідегі дрондар қауіп төндіруде.

 

Осындай жағдайда метрополитен ең қауіпсіз орындардың біріне айналған. Қазір Харьковта сегіз жерасты мектебі мен жертөле-бункерлерде орналасқан тағы он оқу орны жұмыс істейді. Барлығы 20 мыңға жуық оқушыны қамтиды.

 

Әлеуметтік бейімделу

 

Ата-аналардың айтуынша, бұл формат онлайн оқудан әлдеқайда тиімді. Балалар үйде жалғыз отырмай, қатарластарымен араласып, қалыпты ортада білім алады.

 

Бастапқыда кей ата-аналар күмәнданғанымен, уақыт өте келе жерасты мектептеріне сұраныс артқан. Қазір тіпті балаларын осындай мектептерге бергісі келетіндердің кезегі пайда болған.

 

Соғыс басталғалы бері Украинада 4 мыңнан астам білім беру нысаны бүлінген немесе қираған. Харьковтың өзінде мектептердің үштен екісі зақымданған.

 

Соған қарамастан, оқу процесі тоқтаған жоқ. Бағдарламаға алғашқы медициналық көмек пен төтенше жағдайда аман қалу дағдыларын үйрететін жаңа пәндер енгізілген.

 

Сарапшылардың айтуынша, мұндай мектептер тек білім беру емес, балалардың әлеуметтік бейімделуі үшін де маңызды рөл атқарып отыр.

 

фото: Mansur Mirovalev/Al Jazeera

Поделиться

Нет комментариев.

17/03/2026 07:16
23 0

Уведомление