Турист аз, баға арзан: қай айда қай елге саяхаттаған тиімді
Lonely Planet баспасы 103 танымал туристік бағытты қамтыған Offseason атты жаңа кітап шығарды.
Соңғы жылдары саяхаттауға сұраныс артып, әлемнің танымал туристік орындарында адам қарасы көбейген. Ал демалыс маусымының қызған шағында емес, басқа уақытта саяхаттау туристерді ұзын-сонар кезектен құтқарып қана қоймай, туризм саласында еңбек ететіндердің жыл бойы табыс табуына мүмкіндік береді.
Осыған орай Lonely Planet баспасы 103 танымал туристік бағытты қамтыған Offseason атты жаңа кітап шығарды. Онда әр ел мен қалаға жылдың қай айында барған тиімді екені көрсетілген.
Қарашада Португалияның Лиссабон қаласына баруға болады. Күннің салқындауы мен жауын-шашынның жиілеуі көрікті жерлердегі кезекті азайтады. Ал Кашкайш жағалауындағы жел виндсерфинг тебуге қолайлы жағдай жасайды.
Бұл айда Оңтүстік Кореяға да саяхаттаған жөн. Көшелерді сары түске бояған гинкго ағаштары мен қызыл жапырақты үйеңкілерді тамашалауға болады. Оның үстіне, туристер де аз.
Қаңтарда Канар аралдарының батысындағы Ла-Гомера мен Эль-Йерро аралдарына жол тартуға болады. Мұнда ауа райы жайлы, жаяу серуендеуге арналған көрікті бағыттар көп.
Ақпанда Грекияның Пелопоннес түбегін аралап, Ежелгі Олимпия мен Коринф қалаларының тарихи орындарын көруге болады. Жұмсақ ауа райы саяхатқа қолайлы.
Түркияға баруға да осы ай жақсы. Ыстанбұлдағы Рим дәуірінен қалған Базилика цистернасы мен Осман сарайы Топқапыны аралап, Каппадокияның ерекше жартас түзілімдерін әуе шарымен тамашалауға болады. Бұл кезде туристер аз болғандықтан, баға да жаздағыдай қымбат емес.
Наурызда Италияның Неаполь қаласы мен Помпейге саяхаттауға болады. Аздап жаңбыр жаууы мүмкін, есесіне танымал тарихи орындарды туристердің қалың легінсіз аралайсыз.
Угандада да наурыз саяхаттауға қолайлы кезең саналады. Бұл уақытта жаңбырлы маусымның ең қарқынды шағы әлі басталмайды, туристер де аз. Бвинди ұлттық паркінде гориллаларды тамашалап, Мерчисон-Фолс паркінің тұманды табиғатына куә болуға болады.
Мамырда Эстония, Латвия және Литваға бір сапармен барып, үш елдің астанасын аралауға мүмкіндік бар. Қалалар арасында қоғамдық көлікпен немесе Baltic Trails велосипед бағыттарымен қатынауға болады.
Маусымда Австрияның Тироль аймағына барған тиімді. Жазғы туристік маусым басталмай тұрып, тау соқпақтарымен адам көп жиналмайтын кезде серуендеуге болады.
Қырғызстанға да маусымда барған жөн. Таудағы жаяу жүргіншілер бағыттары мен көшпенділердің киіз үйлі қоныстары ашылады. Ал жол жүру мен демалыс шығыны шілде-тамыз айларымен салыстырғанда арзанырақ.
Қазанда Вьетнамға саяхаттауға болады. Бұл кезде елдің солтүстігінен оңтүстігіне қарай ауа райы біртіндеп жақсарып, демалыс бағасы да төмендейді. Сондай-ақ Туниске баруды жоспарлауға болады. Еуропаның Палермо, Генуя және Марсель қалаларынан бұл елге паром қатынайды. 2027 жылғы ақпанда «Жұлдызды соғыстар» фильмінің 50 жылдығы аталып өтпек. Осыған байланысты фильм түсірілген орындарымен танымал Туниске туристердің қызығушылығы артуы мүмкін.
09:17
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.