Түтін мен тұрмыс: алматыдан көшуді ойлайтындар қатары көбейген

Алматы тұрғындарының үштен бірі қаладағы қою түтін мәселесін жергілікті билік шеше алатынына сенбейді.


19/10/2026
14:47 0

Almaty Air Initiative қоры Алматы тұрғындарының ауа сапасына қатысты көзқарасын зерттеді.  Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, сауалнама нәтижесі Алматыдағы шамамен 43 мың ересек тұрғынның қаладан көшіп кету жайлы ойланып жүргенін көрсеткен.

 

Қоныс аудару туралы ойлап жүргендердің 57,2 пайызы бұған ауаның ластануы мен денсаулыққа төнген қауіп себеп екенін айтқан. Тағы 22,8 пайызы табыстың төмендігіне және жұмыста өсу мүмкіндігінің жоқтығына наразы. Ал 20,6 пайызы балалардың білім алуына және болашағына алаңдайды.

 

Сауалнамаға қатысқандардың үштен біріне жуығы (31,3%) әкімдік ауаның сапасын жақсарта алатынына сенбейді және қаладан көшуді ұйғарған. Ал жағдай оңалады деп сенетіндердің арасында көшуді жоспарлағандар 18,1 пайызды құрайды. Қалғандары нақты шешім қабылдамаған.

 

Сонымен бірге ауаның сапасы жақсарса, Алматыда қалуға дайын тұрғындар да аз емес. Қала маңына немесе Қазақстанның басқа қаласына көшуді жоспарлағандардың 61,7 пайызы осындай жауап берген. Ал шетелге кетуді ойлағандардың арасында бұл көрсеткіш 31,7 пайыз болған.

 «Бұл – үлкен шығын. Себебі әңгіме жастар мен білімді адамдар туралы болып отыр. Көрсеткіштерді тек пайызбен бергенде, мәселенің ауқымы онша байқалмайды. Ал оны нақты адам санына шаққанда, қаланың қанша адами капиталдан айырылып жатқанын түсінуге болады. Меніңше, бұл – мәселеге жұрт назарын аударудың маңызды құралы», – деді Серік Бейсембаев.

 

Almaty Air Initiative қорының жетекшісі Жұлдыз Саулебекованың айтуынша, қала тұрғындары түтіннің пайда болуына жылу электр орталықтарын (ЖЭО) жиі кінәлай бастаған. Дегенмен ауаны ластайтын негізгі көз ретінде бұрынғысынша автокөліктерді атайды.

 

Алайда тұрғындардың бәрі бірдей ауаны тазарту үшін өз әдеттерін өзгертуге дайын емес. Көпшілігі экологиялық акцияларға қатысуға әзір болғанымен, қоршаған ортаға зияны аз көлік түрлеріне көбірек ақша төлеуге немесе жеке көлікпен жүруден бас тартуға келгенде, мұндай қадамға баруға келісе бермейді.

Поделиться

Нет комментариев.

19/10/2026 14:47
0

Уведомление