Цифрлық зорлық: ЖИ дәуіріндегі жаңа қатерден қалай қорғанамыз?
Бүгінде жасанды интеллект ыңғайлылық пен технологиялық прогрестің символы ретінде қабылданады. Алайда кез келген өнертабыс секілді оның да көлеңкелі жағы бар.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ТАҒЫ БІР ТҮРІ
Тарихи өлшемге салсақ, әлем елдері жыныстық және тұрмыстық қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды қолға алғаны кеше ғана. Ал бүгінде қоғам зорлық-зомбылықтың жаңа түрі – цифрлық зорлықпен бетпе-бет келіп отыр.
Masa Media редакциясына 21 жастағы бойжеткен хабарласты. Ол аты-жөнін жарияламау туралы шартпен жарты жыл бұрын цифрлық зорлықтың құрбаны болғанын айтты. Аружан (аты өзгертілген) –Instagram желісін белсенді қолданушы, өз фотосуреттерін жиі жариялап жүрген. Бір жыл бұрын оның директіне фейк аккаунттан хабарлама жолданған. Сілтеме порносайтқа апарған, онда оның атынан жалған парақша ашылып, жалаңаш күйдегі оншақты суреті жарияланған.

– Менің әлеуметтік желідегі шынайы суреттерімді алып пайдаланған. Технологияның көмегімен мені «шешіндіріп тастаған» деуге болды. Мұның бәрі онлайнда болғанымен, өзімді көшеде күштеп шешіндіріп, жұрттың алдына тыр жалаңаш шығарғандай қорқынышты әрі жиіркенішті сезіндім. Ең сорақысы, сен ештеңе істей алмайсың, өйткені физикалық тұрғыда ештеңе болмаған, – деп баяндады ол.
ПОРНОГРАФИЯЛЫҚ ДИПФЕЙКТЕРДІ ӘЙЕЛ ТЕРГЕУШІЛЕР ТЕРГЕУІ ТИІС ПЕ?
18 қаңтардан бастап Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң күшіне енеді. Бұл заң дипфейктерді жасау және тарату үшін жауапкершілік енгізеді. Алайда бұл жаңашылдық Аружанның көңіліне үміт сыйлай қоймаған.
Оның пікірінше, мұндай істерді жәбірленушімен бір жыныстағы тергеушілер жүргізуі тиіс – бұл физикалық жыныстық зорлық-зомбылықты тергеу тәжірибесіне ұқсас болуы керек.
– Егер бұл дипфейктердің мазмұны басқа болғанда, мен бірден полицияға жүгінер едім. Біз танымал кәсіпкерлерді әлденеге ақша аударуға шақырып жатқандай етіп көрсететін дипфейктерді жиі көреміз. Ал порнографиялық дипфейктер – мүлде бөлек дүние. Әйел адам ретінде мен ондай материалдарды, тіпті тергеуші болса да, бөтен ер адамға жай ғана көрсете алмаймын. Оның бұған қалай қарайтынын, кейін қолында сақталып қалатын бұл суреттермен не істейтінін білмеймін, –деп қосты ол.
Зардап шегушінің ойынша, Қылмыстық кодексте «цифрлық зорлық» деген атаумен порнографиялық дипфейктерге арналған жеке бап болуы тиіс. Немесе цифрлық зорлық физикалық зорлықпен теңестірілуі керек.
ПЛАТФОРМАЛАР ДА ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛУЫ ТИІС
Танымал ғалым, феминист әрі құқық қорғаушы Айгерім Құсайынқызы да жасанды интеллект туралы жаңа заң цифрлық зорлықтың құрбандарын жеткілікті деңгейде қорғамайтынын айтады. Оның сөзінше, қолданыстағы реттеу тетіктері көбіне экономикалық және технологиялық қырларға басымдық береді.
Құсайынқызының пікірінше, ЖИ-платформаларды әзірлейтін компаниялар да жауапкершілік алуы керек.

– Тиімді қорғаныс үшін жәбірленушілерді қорғаудың азаматтық-құқықтық тетіктері қажет: өтемақы алу құқығы, контентті жедел жою, сотқа дейінгі рәсімдер; сондай-ақ платформалардың міндеттері – алгоритмдерді аудиттен өткізу, генерацияны сүзгіден өткізу, сұраулар журналын жүргізу, шағымдарды қараудың тиімді механизмдері және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық міндеті.
Осы элементтерсіз біз нарықты реттегенімізбен адамдарды қорғай алмаймыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктерді кеңейтетін құралға айналуы да мүмкін, алайда ол цифрлық зорлықтың инфрақұрылымына да айналуы ықтимал. Бүгін қандай архитектураны таңдайтынымыз ертеңгі цифрлық болашақты айқындайды, – деп атап өтті ол.
ЦИФРЛЫҚ ПАТРИАРХАТ
Құсайынқызы бұдан да терең, жүйелік мәселені атап өтті. Оның айтуынша, технологиялар бейтарап емес, өйткені олар гендерлік теңсіздікті қоса алғанда, қоғамдағы және мәдениеттегі қалыптасқан үлгілерді бейнелейді.
– Пайдаланушылардың сұранысы бойынша әйелдер мен балаларды «шешіндіріп» көрсеткен чат-ботқа қатысты жанжал офлайнда бар билік жүйесін алгоритм арқылы күшейтетін цифрлық зорлықтың айқын мысалы болды. Жасанды интеллекттің басты мәселелерінің бірі – алдын ала енгізілген қасаң көзқарас. Ол алгоритмдер үйретілетін деректерде әйелдер мен маргинал топтардың жеткіліксіз ұсынылуынан көрінеді, –деді ол.
Құқық қорғаушы технологиялық сектордағы гендерлік біркелкілікке де назар аударды: ЖИ әзірлеушілерінің басым бөлігі – ер адамдар.
– Бұл теңсіздік алгоритмдердің архитектурасы мен жүйе дизайнына әсер етеді, ал олар көбіне гендерлік сәйкестіктер мен тәжірибенің алуан түрлілігін елемейді. Зерттеушілер бұл құбылысты «цифрлық патриархат» деп атайды. Чат-бот – платформаның алгоритмге кіріктірілген ерлер көзқарасының логикасын қайта өндіретін соңғы кейстердің бірі, – дейді маман.
ЦИФРЛЫҚ ЗОРЛЫҚТАН ӨЗІҢДІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ?
Masa Media журналисі жасанды интеллект жөніндегі сарапшы Мейіржан Әуелханмен тілдесті. Ол бүгінде адамды дипфейктерден толықтай қорғайтын технология жоқ екенін мойындады.
Оның айтуынша, ашық қолжетімді кеңістікте сапалы фотосуреттер мен бейнематериалдар болса, жалған контент жасауға соның өзі жеткілікті.
– Толық қорғаныс емес, тәуекелді азайту туралы айта аламыз. Бет-әлпеті мен дауысы анық көрінетін бейнелерді сирек жариялайтын адамдар барынша қорғалған, –дейді сарапшы.
Сонымен қатар Әуелхан цифрлық зорлықтың көбіне тек онлайн шеңберінде қалып қоймайтынын атап өтті. Порнографиялық дипфейктер жиі психологиялық дерттерге, әлеуметтік оқшаулануға, қоқан-лоқы мен нақты өмірдегі қудалауға әкеледі.

Жасанды интеллектті қолдану арқылы цифрлық зорлық көрсету мәселесі БҰҰ деңгейінде де көтеріліп отыр. Ұйым дерегінше, әйелдердің 38%-ы онлайн зорлық-зомбылыққа ұшыраған, ал 85%-ы оның куәсі болған. Дипфейктердің 95%-ға жуығы порнографиялық сипатта, ал жәбірленушілердің 99%-ы – әйелдер.
Еске салайық, қаңтардың басында танымал чат-боттардың бірі нақты адамдардың сексуалдық сипаттағы дипфейк-бейнелерін генерациялағаны үшін халықаралық жанжалға ілікті. Талдау сағатына осындай мыңдаған бейненің жасалғанын көрсетті. Алғашқылардың бірі болып Индонезия мен Малайзия әдепсіз контент туралы заңдардың бұзылуын алға тартып, сервисті бұғаттады. Үндістан, Франция және Ұлыбритания тексеру жүргізіп, түсініктеме талап ету бастамасын көтерді.
20:07
19
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.