«Цифрлық ақырзаман»: жаһандық кибершабуылдан қорқуға негіз бар ма

Әлеуметтік желілерде тараған банк жүйелеріне жасалуы мүмкін жаһандық кибершабуыл туралы қауесетке Ұлттық банк өкілі пікір білдірді.


11/11/2026
18:08 0

Желіде тараған хабарламаларға қарағанда, 17 қарашада хакерлер әлемдегі ірі банктерге шабуыл жасап, банк шоттарындағы ақшаны жоқ қылады-мыс. Сондай-ақ бүкіл әлемде интернет үш айға өшіріледі деген қауесет тараған.

 

Бүгін журналистер Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтен «цифрлық ақырзаман» туралы пікір білдіруді сұрады. Алайда ол мұндай талқылауларды көрмегенін жеткізді. Жұрт үрке күткен күннен қорықпайтынын айтты.

 

Айта кетейік, «цифрлық ақырзаман» туралы хабарламалардың тарауына 1 қарашада Wesley лақап атымен X желісінде португал тілінде жарияланған жазба себеп болды. Автор даркнеттегі аноним дереккөзге сілтеме жасап, 2026 жылғы 17 қарашада ауқымды кибершабуыл жасалатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, банк шоттарындағы ақша түгел жойылып, бүкіл әлемде интернет үш айға өшіріледі.

 

Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары жұртты азық-түлік, су және қолма-қол ақша жинауға шақыра бастаған.

 

Қазақстандық Factcheck.kz фактчекерлері мұндай шабуылға дайындық жүріп жатқаны туралы ешқандай дәлел жоқ екенін анықтады. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де жаһандық кибершабуыл болатыны туралы ескерту жасамағанын және халықты азық-түлік қорын жинауға шақырмағанын мәлімдеді.

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2026 18:08
0

Уведомление