Популярные тэги

Төрт жылда үш референдум: бүкілхалықтық дауыс берулердің шығыны қанша?

Жаңа Конституцияның тағдырын шешетін референдум – Тоқаев президент болғалы өткізілгелі отырған үшінші референдум. Осы үш референдум қазынаға қанша шығын әкелді?


24/02/2026
02:03 35 0

15 наурыздағы референдум: 20,7 млрд теңге

 

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник комиссияның кешегі отырысында жаңа Конституцияның тағдыры шешілетін референдумға нақты қанша қаражат жұмсалатынын айтты.

«Өткен отырыста Үкіметпен референдумға арналған шығыстар сметасымен жұмыс істеп жатқанымызды мәлімдеген едік. Сол уақытта 20,8 млрд теңге турасында айттым. Қаржы министрлігімен пысықтағаннан кейін 20 млрд 778 млн 515 мың теңгеге тоқтадық, - деді Бортник.

Оның сөзінше,  бұл қаражат Орталық референдум комиссиясы мен Сыртқы істер министрлігі арасында бөлінеді. Сыртқы істер министрлігі белгіленген қызметтер үшін 123 млн 634 млн теңге алады. Қаржы Орталық референдум комиссиясы мен СІМ арқылы комиссиялардың есепшоттарына түсіп қойған.

 

Бортниктің мәліметінше, аталған қаражаттың шамамен 75 пайызы аумақтық комиссия мүшелерінің жалақысына төлеуге жұмсалады. Ал қазынада қалатын 600 млн теңге үгіт-насихатқа бағытталатын қаржы мен Орталық референдум комиссиясы мүшелерінің іссапарларын қысқарту нәтижесінде үнемделген.

 

Ал бұған дейінгі екі референдумның шығыны қанша?

 

2022 жылғы референдум: 14,9 млрд теңге

 

2022 жылдың 5 маусымында ел тарихындағы үшінші, Тоқаевтың билігі тұсындағы алғашқы референдум өтті. Бюллетеньде бір ғана сұрақ болды: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?».

 

Дауыс беру қорытындысын жария еткен комиссия азаматтардың 77,18 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдағанын, ал 18,66 пайызы түзетулерге қарсы дауыс бергенін мәлімдеді. Референдум аясында Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілді.

 

Бұл референдумды өткізуге бюджеттен 16,5 млрд теңге бөлінген. Соның 1,6 млрд теңгесі үнемделіп, мемлекет бюджетіне қайтарылды. Демек, 2022 жылы бүкілхалықтық дауыс беруді ұйымдастырып, өткізудің жалпы шығыны – 14,9 млрд теңге.

 

Шенділердің есебінше, жұмсалған қаржының 21%-ы сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, учаскелік комиссиялар мен аумақтық референдум комиссияларын жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, баспа өнімдерін шығару, референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның жұмысын ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстарына, сонымен бірге ел бойынша ақпарат билбордтарын жасап, орналастыруға бағытталған.

 

Ал сметаның 79%-ы – комиссия мүшелерінің жалақысы. Референдум ауқымы жағынан Президент сайлауы, Мәжіліс сайлауымен деңгейлес болғандықтан, оны өткізуге 71 мыңға жуық учаскелік және аумақтық комиссия мүшелері атсалысқан.

 

2024 жылғы референдум: 14,8 млрд теңге

 

2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесі бүкілхалықтық дауысқа салынды. Бұл референдумға қазынадан 15,5 млрд теңге бөлінді. Кейін Орталық сайлау комиссиясы бұл қаржыдан үнемделген 682 млн теңгені қазынаға қайтарды.

 

Референдум өткізуге жұмсалған 14,8 млрд теңгенің 70 пайыздан астамы еңбекақы қорына тиесілі болды. Сондықтан комиссия мүшелерінің жұмыс уақытын есепке алу үшін арнайы жүйе енгізілген.

 

2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке сәйкес, сол жылы Орталық сайлау комисиясының қызметіне жалпы 37,9 млрд теңге жұмсалған.

 

Сол комиссияның есебінше, референдум нәтижесінде дауыс бершілердің 71,12%-ы Қазақстанда АЭС салынуын қолдаған. Дауыс беруге сайлаушылардың 63,66 пайызы қатысқан.

 

Алғашқы АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы белгіленді. Өткен жылдың 8 тамызында сол ауылда инженерлік ізденістер жұмысы басталды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік мәліметінше, халықаралық стандартқа сәйкес, бұл жұмыс кемі екі жыл уақыт алады. Содан кейін ғана станция құрылысы басталмақ. Мамандардың болжамынша, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жалпылай алғанда 10-12 жылға созылуы мүмкін.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

24/02/2026 02:03
35 0

Уведомление