Трамп The Wall Street Journal-ға қарсы сотта жеңілді
Дауға газеттің Трамптың Джеффри Эпштейнге жазған хаты туралы жариялаған мақаласы себеп болған.
АҚШ федералдық соты президент Дональд Трамптың The Wall Street Journal газетіне қарсы жала жабу туралы талап-арызын біржола қанағаттандырмады.
CBS News-тің хабарлауынша, Майами қаласының округтік судьясы Даррин Гейлс Трамп журналистердің ақпараттың жалған екенін біле тұра жариялағанын немесе оның шынайылығына күмән келтіретін жайттарды елемегенін дәлелдей алмады деген қорытындыға келген. АҚШ заңнамасы бойынша, қоғамға танымал тұлға жала жабу туралы істі жеңуі үшін осыны дәлелдеуі керек.
Судья 20 беттік шешімінде талап-арыздың дәлелдері әлсіз екенін айтып, газеттегі журналистік зерттеуден кемшілік іздеуге тырысқанын атап өткен.
Сот шешімі бойынша, Трамп бұл талаппен сол сотқа қайта жүгіне алмайды.
Еске салайық, Трамп 2025 жылғы шілдеде газетке, оның басқарушы компанияларына, медиамагнат Руперт Мердокке және екі тілшісіне қарсы сотқа шағым түсірген. Алғашында 20 млрд доллар өтемақы талап етсе, кейін талап сомасын кемінде 10 млрд долларға дейін қысқартқан.
2026 жылғы сәуірде судья талап-арызды алғаш рет кері қайтарып, түзетіп қайта тапсыруға мүмкіндік берген. Трамп мамырда жаңа нұсқасын ұсынғанымен, сот бұрынғы кемшіліктердің түзетілмегенін анықтады. Трамп Эпштейнге хат жазғанын жоққа шығарып, газеттің жарияланымын жалған ақпарат деп атаған.
16:17
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.