Трамп әскери соққылар саны жөнінен рекорд орнатты
Ақ үйдің қазіргі басшысы әскери белсенділік жөнінен АҚШ президенттері арасында «топ жарды», деп хабарлайды Masa media.
Axios порталының жазуынша, Дональд Трамп сайлауалды үгіт-насихат кезінде өзін «соғысқа қарсы кандидат» ретінде дәріптегеніне қарамастан, оның басшылығымен АҚШ жеті мемлекет аумағында әскери операциялар жүргізді. Олардың арасында осы күнге дейін АҚШ-тың әскери нысаны болмаған елдер де бар: Иран, Нигерия және Венесуэла.
Портал АҚШ-тың соңғы президенттерінің ешбірі Трамп секілді өзге мемлекеттерді шабуылдау жөнінде осыншалық көп бұйрық бермегенін атап өтті. Мәселен, бір ғана 2025 жылы оның әуе шабуылдарын жасау жөніндегі пәрмендерінің саны Байденнің 4 жылда берген дәл осындай бұйрықтарынан асып түскен.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
Еске салайық, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Ел билігі бастапқыда оның қаза тапқанын жоққа шығарып, 1 наурызға қараған түні ғана растады.
Қарымта әрекет ретінде Иран бірден Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. БАӘ, Катар және Бахрейнге соққы жасады. Абу-Даби және Дубай әуежайлары шабуылға ұшырады.
Иранға соққы беру үшін ЖИ қолданылған
Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ Иранды атқылау үшін ЖИ қолданған. Anthropic жүйесі нысаналарды талдау, ақпарат жинау және әскери сценарийлерді модельдеу үшін қолданылған. Десе де, Пентагон бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Мамандар әзірге жасанды интеллекттің автоматты түрде соққы жасағанына дәлел жоқ екенін алға тартады.
Әскери операция бір айға созылуы мүмкін
Дональд Трамп Daily Mail басылымына берген сұхбатында Ирандағы әскери операциясы алдағы төрт апта бойы жалғасуы мүмкін екенін айтты. Ол бәрі жоспарға сай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, АҚШ Иран басшылығының «барлығын жойған». Ақ үй басшысы шамамен 48 ирандық шенеуніктің мерт болғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Трамп Иранмен алдағы келіссөздерге ашық екенін айтты. Алайда оның сөзінің ауанына қарағанда, жақын арада тараптардың келіссөз үстеліне отыра қоюы екіталай секілді.
«Білмеймін. Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Бірақ мен оларға сіздер өткен аптада сөйлесулеріңіз керек еді, осы аптада емес дедім», – деді Трамп.
фото: nytimes.com
08:24
24
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.