«Тоғысқан тағдырлар»: 30 жыл өтсе де ұмытылмаған хикаяның феномені неде?

90-жылдары қазақстандықтар әр бөлімін тағатсыздана күткен сериалдың тарихы, ел жадындағы ізі.


23/03/2026
10:19 52 0

1996 жылы алғаш рет эфирге шыққан «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы тек қазақстандық көрерменді ғана емес, көрші ТМД елдерінің аудиториясын да қазақ арнасына телмірткен бірегей жоба.  Әлі күнге дейін халық ерекше ықыласпен еске алатын сериалға биыл 30 жыл толып отыр.

 

Masa media тілшісі бір дәуірдің бейнесін көрсеткен хикаяның тарихын еске алып, сериал актерлері мен түсірілім барысы жайлы әңгіме өрбіту үшін белгілі актер Бақтияр Қожамен сұхбаттасты. Ол жобадағы басты кейіпкерлердің бірі – Сапар рөлін сомдаған еді. 

 

4 жыл үзбей көрсетілген сериал

 

«Тоғысқан тағдырлар» Қазақстан тәуелсіздігін енді алған, экономика тұрақсыз, теленарықтың буыны қатаймаған уақытта түсірілді. Соған қарамастан отандық телехикая жасауға тәуекел еткен шығармашылық топ көрермен жүрегінен жол табатын туынды ұсына алды.

 

Сериал бастапқыда небәрі 20 бөлім болады деп жоспарланған. Алайда көрермен қызығушылығы мен жоғары рейтингтің арқасында жоба күтпеген жерден ұзаққа созылып, 465 серияға жетті.

 

Әрқайсысы шамамен 25 минутқа созылатын сериялар 1996 жылдан 2000 жылға дейін үзбей көрсетілді. Осылайша «Тоғысқан тағдырлар» Қазақстандағы ең алғашқы әрі ең ұзақ телехикаялардың біріне айналды. Бүгінгі күнге отандық телевизияда оны ұзақтығы жөнінен басып озған жоба кемде-кем.

 

Сериал тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де көрсетілді. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдағы көрермендерді қосқанда оны шамамен 60 миллион адам тамашалағаны айтылады.

 

 

Мәскеуде өткен ТМД елдерінің алғашқы телевизиялық форумында жоба «Ең үздік телесериал» атанды.

 

90-жылдардағы Алматының көркем шежіресі

 

«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясындағы оқиғалар Омаров пен Платонов әулеттерінің тағдыры арқылы өрбіп, 1990-жылдардағы Алматының өмірін, қоғамдағы өзгерістерді, адамдардың қуанышы мен күйзелісін көрсетті.

 

Сол кезеңде әлемде «мыльная опера» жанры аса танымал болатын. АҚШ-тағы Dynasty, Dallas, Santa Barbara сияқты телехикаялар бүкіл әлемге тарады. Қазақстандық жоба да осы форматқа жақындауды мақсат етті.

 

Сериал өндірісіне шетелдік мамандар да атсалысты. Ұлыбританияның BBC телеарнасы мен Portobello Media компаниясының мамандары қазақстандық әріптестерге көпкамералы түсірілім технологиясын үйретті. Алғашқы 13 серия британдық мамандардың бақылауымен түсірілді. Кейін жобаны толықтай отандық команда жалғастырды.

 

Телехикаядағы әлеуметтік тақырыптар

 

«Тоғысқан тағдырлар» тек драмалық оқиғалармен шектеліп қалған жоқ. Сценарий авторлары қоғамдағы өзекті мәселелерді де сюжетке енгізіп отырды.

 

Мысалы, 1990-жылдардың соңында Қазақстанда зейнетақы реформасы жүріп жатқан кезеңде сериал кейіпкерлерінің бірі осы өзгерістерге пікір білдіретін көрініс бар. Сол сияқты шағын бизнес, білім беру, отбасы құндылықтары секілді тақырыптар да көркем оқиға арқылы берілді.

 

 

Жобаның продюсері Катя Краусова кейін бір сұхбатында сериалдың басты мақсаты көрерменге өмірлік мәселелерді түсінікті әрі қызықты етіп жеткізу болғанын айтқан.

 

Экрандағы тағдырлы рөлдер

 

Мафия басшысы Тимур Сабыровтың рөлін сомдаған Сағи Әшімов экрандағы ең жарқын образдардың бірін жасады. Бұған дейін көбіне жағымды кейіпкерлерді сомдап жүрген актер үшін бұл рөл жаңа шығармашылық тәжірибе болды.

 

Өкінішке қарай, актер түсірілім жүріп жатқан кезеңде, 1999 жылы небәрі 38 жасында өмірден өтті. Сценарий авторлары Тимур Сабыров бейнесін әрі қарай жалғастыруды құп көрмеді.

 

Халық әртісі Бикен Римова сомдаған Гүлбибі апа мен Қасым Жәкібаев ойнаған Аплотон аға образдары да көрермен жадында ерекше сақталды. 2000 жылы қаңтарда актрисаның қазасынан кейін халық экрандағы Гүлбибі апа образымен қоштасты. Ал Қасым Жәкібаев 2011 жылы дүние салды.

 

 

«Бұл сериал өмірімізді өзгертті»

 

Сериалдағы Сапар рөлін сомдаған актер Бақтияр Қожа бұл жобаны өзінің шығармашылық тағдырындағы үлкен мектеп деп санайды.

 

Актердің айтуынша, сериал түсірілімі сол кездегі театр актерлері үшін мүлде жаңа формат болған.

 

«Тоғысқан тағдырлар» менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді, деп еске алады ол. Біз театрда үйренген тәсілмен жұмыс істейтінбіз. Ал мұнда бәрі конвейерлік жүйе сияқты еді: мәтінді тез жаттайсың, образға бірден енесің, тоқтау жоқ. Алдыңғы серия эфирге шыққанша келесі бөлімді түсіріп үлгеру керек болатын.

 

 

Оның айтуынша, түсірілім алаңындағы қарқын кейде актерлерді әбден шаршататын. Бірақ дәл сол қарқын сериалдың үздіксіз эфирге шығуына мүмкіндік берді.

 

Кейде күтпеген жағдайлар да жиі болып тұрған. Мәселен, актерлердің бірі ауырып қалуы немесе түсірілімге келе алмауы мүмкін. Мұндай кезде сценаристер мен режиссер жаңа кейіпкер енгізіп немесе оқиғаның бағытын өзгертіп отырған.

 

Сол кезде бәрін шұғыл шешетінбіз, дейді актер. Бұл сериал тірі организм сияқты еді.

 

«Сапар аға»

 

Бақтияр Қожа сомдаған  Сапар  тергеуші. Оның әріптесі Шәмілдің рөлін Евгений Жуманов сомдады.

 

Сериал көрермен арасында кең тараған соң актерлер де бірден танымал бола бастаған.

 

 

– Көрермен бірімізді жақсы көрсе, бірімізді жек көретін, дейді актер күліп. Менің кейіпкерімнің жағымсыз қылығы көп болғандықтан, халық мені жек көріп кетті.

 

Бірде автобуспен келе жатқанда бір әжей оны танып қалып: «Ой, оңбаған! Мен сені жек көрем!» деп айғайлап жіберіпті.

– Ұялғанымнан жұмысқа жетпей, жарты жолдан түсіп қалғанмын, деп еске алады актер.

Ұзақ уақыт бойы көрермендер оны өз есімімен емес, кейіпкерінің атымен атап келген.

 

– Көп адам мені «Сапар аға» деп атайтын. Қолтаңба сұрағанда да солай дейді. Актер үшін кейіпкерінің халық жадында қалуы ең үлкен бақыт шығар.

 

Сағи Әшімовпен достық

 

Актер сериалдағы басты кейіпкерді сомдаған актер  Сағи Әшімовпен ерекше достық қарым-қатынаста болғанын айтады.

 

Сағи өте әзілқой, ашық-жарқын адам еді, дейді ол. Кенеттен бір қызық ойлап тауып, бәрімізді күлкіге қарық қылатын.

 

Бір күні  актер қатты сырқаттанып, түсірілімге қатыса алмай қалған. Сол кезде продюсер Абай Қарпықов Бақтияр Қожаға Тимур Сабыровтың рөлін уақытша ойнауды ұсынған.

 

Алайда актер бұл ұсыныстан бас тартыпты.

 

 Сағи менің досым. Ол міндетті түрде жазылып келеді деп сендім, дейді ол. Ол өзі денсаулығы жарамайтынын айтып, бас тартпайынша бұл рөлді ойнауға келісе алмаймын дедім.

 

 

Кейін бұл жағдайды естіген Сағи Әшімов қатты таңғалған екен.

 

«Баха, рас па?» деп сұрады. «Әрине, сенің орныңда мен де солай істер едім ғой» дедім.

 

Актер досының үйіне барып, отбасымен танысқанын, сол кезде егіз балалары дүниеге келіп жатқанын да ерекше ықыласпен еске алды.

 

Алайда 1999 жылы Сағи Әшімовтің кенеттен қайтыс болуы түсірілім тобы үшін ауыр соққы болған.

 

Кеше ғана күліп жүрген адамды енді көрмейміз дегенге сену қиын болды. Бірақ жұмыс тоқтамады. Өйткені көрермен келесі серияны күтіп отырды, – дейді Бақтияр Қожа.

 

Суық павильондағы түсірілім

 

Сериалдың көптеген көріністері қыста павильонда түсірілген.

 

Өте суық болатын, дейді актер. Павильон үлкен, жылыту мүмкін емес. Біз жұп-жұқа киіммен жалындаған махаббат сахналарын ойнаймыз. Ал кадр сыртында тісіміз сақылдап тұратын.

 

Режиссерлер актерлерге ауыздарынан бу шықпау үшін қатты дем алмауды өтінген екен.

 Сондай суыққа қарамастан түсірілім тобындағы бірде-бір адам ауырмады. Себебі бәріміздің ойымыз бір: көрермен күтіп отыр.

Үлкен мектеп

 

Бақтияр Қожаның айтуынша, «Тоғысқан тағдырлар» оның актерлік жолына үлкен әсер еткен.

 


Сериалдан кейін оны Ресейде түсірілген Офицер мырзалар жобасына шақырған.

 

Бұл сериал мен үшін үлкен мектеп болды. Танымалдығым артты. Той-томалақтарға жүргізуші ретінде шақыра бастады. «Менің тойымды Сапар жүргізді» деп мақтанатындар көп еді.

 

Актердің айтуынша, Қазақстанда дәл осындай мазмұнды, сапалы сериалдар жиі түсірілуі керек.

Өнердің міндеті халыққа ой салу. Бізге қоғамға жол көрсететін туындылар қажет.

Көрермен жадынан өшпейтін сериал

 

«Тоғысқан тағдырлар» тек телехикая ғана емес. Ол тұтас бір буынның жадында қалған мәдени құбылыс.

 

1990-жылдардың қиын кезеңінде бұл сериал адамдарды кешкісін теледидар алдына жинап, ортақ әңгіме тақырыбына айналды. Көрермен кейіпкерлердің тағдырына алаңдап, олардың қуанышы мен қайғысын бірге бөлісті.

 

Содан бері қанша телесериал түсірілсе де, ұзақтығы жағынан да, халық жадындағы орны жағынан да «Тоғысқан тағдырлармен» тең түсетін жоба аз.

 

Бәлкім, сондықтан да бұл сериалдың 30 жылдығы тек бір телехикаяның мерейтойы ғана емес. Бұл қазақ телевизиясының қалыптасу тарихындағы ерекше кезеңді еске алатын күн.

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/03/2026 10:19
52 0

Уведомление