Тазару күні: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

«Тазару күніне» орай елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы басталды.


23/03/2026
12:46 44 0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурыз – «Тазару күніне» орай қазақстандықтарға үндеу жасады.

«Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз. Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды», – деді президент.

 Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.

 

«Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады.

 

«Отандастарымызды Тазару күнімен құттықтаймын! Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс. Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын», – деді Тоқаев.

 

Сондай-ақ қазақстандықтарға амандық пен бақ-береке тіледі.

 

Фото: Amanat партиясының баспасөз қызметі

Поделиться

Нет комментариев.

23/03/2026 12:46
44 0

Уведомление