Таяу Шығыстағы соғыс: Иран, АҚШ, Израильдің зымыран қоры қаншаға жетеді
Қытайлық сарапшылар Иран, АҚШ және Израильде қанша зымыран бар екенін және соғыстың аяқталуы қарудан бөлек қандай факторларға байланысты екенін айтты.
Соғыс басталғалы Иран қанша зымыран ұшырды
Қытайлық сарапшыларға сілтеме жасаған South China Morning Post басылымының жазуынша, Иранның ракеталық және ұшқышсыз аппараттар (БПЛА) қоры АҚШ пен Израильмен соғыс жағдайында әлі екі-үш айға жетеді. Алайда америкалық әскери күштер де өз қорларын белсенді пайдаланып жатыр.
Израиль әскери мәліметтері бойынша, соғыс басталғанға дейін Иранда шамамен 2,5 мың баллистикалық зымыран болған. Пентагон мәліметінше, 4 наурызға дейін Иран 500-ден астам баллистикалық зымыран және 2 мыңнан артық дрон ұшырған.
Shahed-тің қауқары қандай?
Иранның Shahed-136 дрондарының өндірісі арзанырақ, біреуінің құны шамамен 20–50 мың АҚШ доллары аралығында. Ал америкалық Patriot жүйесі және THAAD зымырандары бірнеше миллион долларға бағаланады.

Shahed – Иранның Қорғаныс өнеркәсібі компаниясы Shahed Aviation Industries әзірлеген дрондар. Олар Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы үшін жасалған. Бұл дрондар «арзан және көп мөлшерде қолдануға ыңғайлы» камикадзе дрондар ретінде танылған. The New York Times газеті оларды «өте қауіпті қару» деп сипаттаған.
Оңтүстік Қытай теңізіндегі стратегиялық зерттеу бастамасының директоры Ху Бо Иран күн сайын баллистикалық ракеталарын белсенді жұмсап отырғанын айтты. Олардың қорында мыңнан аз зымыран қалған.
«Егер ішкі тұрақсыздық туындамаса, Иран осы қарқынмен алдағы екі-үш ай бойы соғысты жалғастыра алады. АҚШ-тың Иранның зымырандық әлеуетін толық жоюы ақылға қонбайды, өйткені қалған зымырандарды анықтау қиын, олар қатаң қорғалған», – деді Ху.
АҚШ пен Израильдің қоры
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Трамптың осы айдың басында АҚШ-тың «шамамен шексіз қорға ие» екенін айтқанына қарамастан, АҚШ пен Израильде де кейбір негізгі әскери құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Semafor порталы Израильде зымырандарды ұстау құралдарының жетіспеушілігін хабарлаған.
Соғыстың ұзақтығы неге байланысты
Алайда соғыс ұзақтығы тек қорларға байланысты емес. Сарапшылардың айтуынша, Иранның басты артықшылығы – Ормуз бұғазын бақылау.
«Иранның бұғазға бақылау жасау үшін дрондар мен зымырандардан бөлек де құралдары бар, мысалы, ұзақ уақыт сақталатын теңіз миналары», – деді Қытай Халық-азаттық армиясының зейнеткер полковнигі Юэ Ган.
Сонымен қатар жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың саяси шешімдеріне де байланысты дейді мамандар.

«Соғыстың аяқталуын анықтайтын басты фактор – оқ-дәрі емес, саяси ерік: Трамп қақтығысты соңына дейін жеткізгісі келе ме, міне соған байланысты», – деп қорытындылады Юэ Ган.
10:19
28
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.